Жергілікті халық бақша егуде
Бүгінде «Қызылдихан» шаруашылығы тек күріш өсірумен ғана шектелмей, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды жобаларды да жүзеге асыруда. Шаруашылық тізгінін ұстаған Алдаберген Құлбаев жылдар бойы еңбек пен тұрақтылықты басты ұстаным етіп, аграрлық саланы жүйелі дамытуға күш салуда. Оның басшылығымен «Қызылдихан» шаруашылығы заманауи агротехнологияларды енгізіп, өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, әлеуметтік жауапкершілік бағытында да нақты істер атқарып отыр. Соның айқын дәлелі ретінде шаруашылық егістікпен қатар бау-бақша шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп, 60 отбасына арнайы бау-бақшалық жер телімдерін бөліп берген.Бұл бастама ауыл тұрғындарының өз еңбегімен өнім өндіруіне мүмкіндік жасап, олардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға үлкен серпін берді. Қазіргі таңда аталған жерлерде тұрғындар картоптан бастап түрлі көкөніс егіп, маусымдық егін шаруашылығымен айналысуда. Бұл ауылдағы еңбек мәдениетін арттырып қана қоймай, әр отбасының қосымша табыс көзін кіргізуге жол ашып отыр. Аталған жұмыстарға тәжірибелі бригадир Ерлан Жүсіпбаев жетекшілік жасап, барлық агротехникалық процестердің дұрыс ұйымдастырылуын қадағалауда. Ол ұзақ жыл бойы егін шаруашылығында еңбек етіп, жердің қыр-сырын жетік меңгерген маман ретінде тұрғындарға бағыт-бағдар беріп, көкөніс өнімдерін егу мен баптау жұмыстарын жүйелі түрде үйлестіруде.
– Мен ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келемін. Жермен жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін маңызды сала. Әр маусымның өз қиындығы мен қызығы бар, сондықтан егін шаруашылығында табысқа жету үшін ең алдымен тәртіп, тәжірибе және уақытылы атқарылған еңбек қажет деп есептеймін. Қазіргі таңда «Қызылдихан» шаруа қожалығында бау-бақша шаруашылығын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Шаруашылық тарапынан 60 отбасына арнайы бау-бақшалық жер телімдері беріліп, тұрғындарға көкөніс өнімдерін егуге мүмкіндік жасалды. Бұл – ауыл халқы үшін өте тиімді әрі маңызды бастама. Әр отбасы өз еңбегімен өнім өсіріп, қосымша табыс табуға мүмкіндік алып отыр. Бүгінде бұл жерлерде картоптан бастап түрлі көкөніс дақылдары егіліп, жақсы нәтиже беруде. Бұл жұмыстар алғаш рет Іңкәрдария аумағында тәжірибе ретінде басталған болатын. Ол жерде тұрғындар жер игерудің қыр-сырын меңгеріп, жақсы өнім алды. Сол тәжірибенің негізінде биыл бұл жоба кеңейтіліп, шаруашылықтың өз жанынан бөлінген жаңа жер телімінде жалғасын тауып отыр. Бұл – ауыл тұрғындарының жерге деген қызығушылығын арттырып, еңбекке баулитын тиімді бастама. Бригадир ретінде менің негізгі міндетім – барлық агротехникалық жұмыстардың дұрыс және уақытылы орындалуын қамтамасыз ету. Әрбір отбасыға қажетті кеңес беріп, жерді дұрыс пайдалану, суару, тыңайту және күтіп-баптау жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастырып келеміз. Жерді дұрыс игеру мол өнімнің кепілі екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. «Егін ексең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халық даналығы бекер айтылмаған. Адал еңбек еткен адам міндетті түрде өз несібесін көреді. Сондықтан біз әрбір жер телімін тиімді пайдаланып, ауыл тұрғындарының еңбегін нәтижелі етуге бар күшімізді салып келеміз. Алдағы уақытта да бұл бастаманы кеңейтіп, бау-бақша шаруашылығын дамыту, жаңа технологияларды енгізу және өнім көлемін арттыру бағытында жұмыс жүргіземіз. Ең басты мақсатымыз – ауыл халқының тұрмысын жақсартып, жерден береке табуға жағдай жасау, – дейді Ерлан Жүсіпбаев.
Бұған дейін бұл тәжірибе Іңкәрдария ауылдық аумағында қолға алынып, оң нәтижесін көрсеткен. Ол жерде басталған бастама тұрғындардың қызығушылығын арттырып, жерді тиімді игерудің үлгісіне айналды. Биыл бұл жоба кеңейтіліп, шаруашылықтың өз жанынан арнайы бөлінген жаңа жер телімінде жалғасын тауып отыр. Бұл «Қызылдихан» шаруа қожалығының ауыл тұрғындарын қолдауға, олардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі жұмысының нақты көрінісі болып табылады. Шаруашылық тек өндірістік бағытта ғана емес, әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан да белсенділік танытып келеді.
Алдағы уақытта «Қызылдихан» шаруа қожалығы бау-бақша алқаптарын одан әрі кеңейтіп, жаңа агротехнологияларды енгізу арқылы өнім көлемін арттыруды және ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жалғастыруды жоспарлап отыр. Берекелі еңбек пен бірліктің арқасында дамып келе жатқан бұл шаруашылық Сыр өңірінің ауылшаруашылығы саласына өз үлесін қоса берері сөзсіз.











