Қызу тірлікке толы «Қызылдихан»
Үнемі байсалды қалпынан таймайтын Алдаберген Құлбаев сан жылдар бойы «Қызылдихан» шаруа қожалығын өрге сүйреп келеді. Расында, ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі тірегінің бірі. Бүгінде сол ата кәсіпті заман талабына сай жаңғыртып, егін шаруашылығын дамыту жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан шаруашылықтың бағыты айқын. Шаруашылықтың төрағасы Алдаберген Құлбаев аграрлық саланың қыр-сырына қанығып, «Жердің сәні – егін, елдің сәні – еңбек» екенін тереңнен ұғынғандай.Жұмыс күндерінің бірінде сәті түсіп, «Қызылдихан» шаруа қожалығының егіс алқабына бардық. Жап-жасыл кілем төсеп қойғандай, күріш біртегіс өсіп тұр. Қазіргі таңда шаруашылықта 600 гектар жерге күріш егілген. Ал 148 гектар жерде жаңа жоңышқа, 144 гектар жерде ескі жоңышқа бар. Бүгінде «Қызылдихан» шаруа қожалығында 75 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Еңбек адамын бағалайтын шаруашылықта екі бригада жұмыс істейді. Бірінші бригаданы тәжірибелі маман Ерлан Жүсіпбаев басқарып, 440 гектар жерге жетекшілік етеді. Ал екінші бригаданың бригадирі Нұрсұлтан Мұсаев 160 гектар егістік алқабына жауапты.
Шаруашылықта заманауи агротехнологияларды қолдануға ерекше көңіл бөлінген. Соның бірі – жерді лазерлік тегістеу әдісі. Бұл тәсіл суды үнемдеп пайдалануға, жердің тегістігін сақтауға және өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай технологияның енгізілуі шаруашылықтағы еңбек өнімділігін арттырып, күріш шаруашылығын тиімді жүргізуге жол ашып отыр.
– Бүгінде ауыл шаруашылығын дамыту – уақыт талабы ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі бағыттардың бірі. Осы орайда «Қызылдихан» шаруа қожалығы егін шаруашылығын жүйелі түрде дамытып, өндірістік қуатын жыл сайын арттырып келеді. Шаруашылықтың техникалық базасы талапқа сай толық жаңартылған. Қазіргі таңда мұнда 1 тұқым сепкіш, 2 тыңайтқыш сепкіш, 3 соқа, 2 лазерлік тегістегіш құрылғы, 1 БДТ агрегаты, 16 трактор, 1 САТ техникасы және 4 комбайн тұрақты жұмыс істейді. Бұл заманауи техникалар егін егу, жерді баптау, тыңайту және өнімді жинау жұмыстарын уақытылы әрі сапалы орындауға толық мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде әр маусымдағы агротехникалық шаралар белгіленген мерзімде жүзеге асып, еңбек өнімділігі артып отыр. Біз үшін ең маңызды ұстаным – жерді тиімді пайдалану және еңбекті бағалау. Өйткені «Егін ексең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халық даналығы бекер айтылмаған. Адал еңбек пен дұрыс ұйымдастырылған жұмыс қана мол өнім мен тұрақты табысқа жеткізеді. Сондықтан шаруашылықта әрбір кезеңге үлкен жауапкершілікпен қарап, агротехникалық талаптарды қатаң сақтаймыз. «Қызылдихан» шаруашылығы тек өндірістік нәтижемен шектеліп қалмай, әлеуметтік жауапкершілік мәселесіне де ерекше көңіл бөледі. Атап айтқанда, екі жыл бұрын шаруашылық есебінен қызметкерлерге арнап тұрғын үйлер салынды. Бұл – еңбек адамын қолдауға, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты әрі маңызды қадам. Біз үшін әрбір қызметкердің тұрмысы мен тұрақтылығы – шаруашылықтың тұрақты дамуының кепілі. Алдағы уақытта да шаруашылықтың материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайтып, еңбек өнімділігін арттыруды және әлеуметтік қолдау шараларын жалғастыруды мақсат етеміз. Біздің басты бағытымыз – жердің құнарын тиімді пайдаланып, ел ырысын еселеу. «Жер – ырыстың көзі, еңбек – берекенің өзі» деген қағиданы берік ұстана отырып, «Қызылдихан» шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы саласында тұрақты дамуға үлес қоса береді, – деді Алдаберген Бодыбайұлы.
Осы күні «Жанар-ай» ЖШС-нің директоры Бақдәулет Мақашов «Қызылдихан» шаруа қожалығымен серіктестік байланыс орнатып, күріш ақтау ісімен айналысуда. Мұндай әріптестік ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласының дамуына серпін беріп отыр.
Шаруашылық ұжымы ауданның әлеуметтік-мәдени өмірінен де шет қалған емес. Атап айтқанда, №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектепке тұрақты түрде демеушілік көрсетілуде. Білім ошағына шаруашылық тарапынан спорттық құрал-жабдықтар алып берілген. Бұдан бөлек, Тереңөзек кенті клубы жанынан құрылған әжелер ансамбліне арнайы сахналық киім тіктірілген. Мәдени іс-шаралардың ұйымдастырылуына қаржылай қолдау жасалуда. Бұл – «Қызылдихан» шаруа қожалығының тек табыс табуды ғана емес, ауылдың әлеуметтік ахуалын жақсартуды да басты назарда ұстайтынын аңғартады.
Ауылдың дамуы – елдің дамуы. Осы бағытта еңбек етіп келе жатқан шаруашылық ұжымының еңбегі қашанда құрметке лайық. Берекелі еңбек пен бірліктің арқасында табысын еселеп отырған «Қызылдихан» шаруа қожалығы алдағы уақытта да Сыр өңірінің ауыл шаруашылығын дамытуға өзіндік үлесін қоса беретіні анық.












