Қызылдихандықтардың қарқыны қатты

Көргені мол шаруашылық төрағасы Алдаберген Бодыбайұлы атызға алыстан көз сала отырып, судың деңгейін, егіннің бітік шығуын аңғарып тұрады. Қарамағындағы әрбір маманмен тілдесіп, әлеуметтік жағдайына баса назар аударады. Күріштің шығымын бағдарлап, жұмыс дұрыс үйлестірілмеген жағдайда тәжірибесін пайдаланып, күрішші мен бригадирге, агрономға, сушыға, механизаторға бағыт-бағдар береді.
– Бүгінде «Қызылдихан» шаруа қожалығы тарапынан 800 гектар жерге күріш егілді. Мерзімді уақытта күріштің 40-45 пайызы орылып, 30 пайызы толықтай бастырылды. Жоспар бойынша қазанның алғашқы 10 күндігінде меншігіміздегі 3 бригадада күріш алқабы толықтай орылып, қырманға мол астық жеткізіледі. Күнделікті 120 маман өзіне тапсырылған жұмысты ыждағаттылықпен атқарып, «Маршал», «Лидер», «Каурис» сортының қамбаға құйылуына жауапты атануда, – деді Алдаберген Бодыбайұлы.
Білік пен білімді, асқан төзімділік пен тиянақтылықты қажет ететін егін егу саласында іргелі шаруашылықтың мәртебесі биік. Ерте көктемде су арнасын тазартып, егістік басына жеткілікті деңгейде су келуіне барлық мүмкіндік қарастырылған. Бұл ретте аяқсуға жауапты сала мамандарының да еңбегі зор. Бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесінде, Сыр салысын жинау қарқынды жүруде. Кейде ауа райы қолайсыз болып, жауын-шашын күрішке орақ салуды тежеуде.
Күрішпен қатар шаруашылықта 120 гектар ескі жоңышқа, 40 гектар бидай аралас жаңа жоңышқа егілген. Мұндай қыруар тіршілікті атқаруда шаруаларға 4 комбайн, 12 трактор соқасымен, бірнеше Газ 53 жүк көлігі көмекке келуде.
Балтабай ОРДАБЕКОВ