Туған жердің мақтанышына құрмет
Сәкен Сейфуллин ауылдық клубы ұжымының ұйымдастыруымен әнші, «Парасат» орденінің иегері Жеңіс Ысқақованың 60 жылдық мерейтойы аясында «Ән әлеміндегі алтын белес» атты аудандық 30-50 жас аралығындағы әуесқой әншілер байқауы өтті. Аталған мәдени байқау өнерге құштар таланттарды қолдау, ұлттық ән өнерін насихаттау, жас және әуесқой орындаушылардың шығармашылық әлеуетін арттыру, сондай-ақ қазақ эстрадасының көрнекті өкілі Жеңіс Ысқақованың шығармашылығын кеңінен дәріптеу мақсатында жүзеге асты.Аудандық байқауға 9 елді мекеннен келген әуесқой әншілер қатысты. Қатысушылар Жеңіс Ысқақованың репертуарындағы танымал әндерді орындау арқылы әнші шығармашылығына деген құрметін білдіріп, еркін тақырыптағы әндерді орындап, өздерінің вокалдық мүмкіндіктері мен сахна мәдениетін көрсетті. Бұл байқау тек өнер жарысы ғана емес, сонымен қатар рухани байланыс орнататын, ұлттық ән өнерін жаңғыртатын тағылымды мәдени алаңға айналды. Байқаудың басты мақсаты – өңірдегі өнерлі азаматтарды қолдау, ән мәдениетін дамыту, сахна мәдениетін қалыптастыру, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті арттыру және талантты орындаушыларды анықтау болды. Бұл іс-шара ұрпақтар сабақтастығын жалғап, өнерге деген қызығушылықты арттыруға ықпал етті.
Қатысушылардың өнері вокалдық қабілет, сахнада өзін ұстау мәдениеті, орындаушылық шеберлігі және көрерменге әсері бойынша бағаланды. Әрбір қатысушы өз мүмкіндігін толық ашып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Өнерпаздардың өнеріне сазгер Махмұд Сақтапов, «Ритм» халықтық аспапты ансамблінің жетекшісі Мұхтар Наватов, Әбілда Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейінің музыка пәнінің мұғалімі Айнаш Қожантай төрелік етті.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені айдарлылық Манат Рахманқұлова иеленді. Ал І орынды қалжанахундық Гүлфарида Ахмет алды. ІІ орынға нағилық Ақбота Русланова және Жетікөл ауылының өкілі Темірбек Калкузов ие болды. ІІІ орын Қоғалыкөл ауылының өкілі Гүлмира Байдалиеваға және Аманкелді ауылының өкілі Қанат Елғонға берілді. Өзге барлық қатысушыға Алғыс хат табысталып, ақшалай жүлделермен марапатталды.
«Өнердің дара тұлғасы» атты тағылымды сұхбат кеші ұйымдастырылды. Кештің құрметті қонағы – Қазақстан мәдениет саласының үздігі, ҚР Мәдениет саласының ардагері, «Сырдария ауданының құрметті азаматы» Жантемір Айсин болды. Кездесу барысында ардақты азамат Жеңіс Ысқақовамен бірге қызмет еткен жылдардағы естеліктерімен бөлісіп, әншінің өнердегі орны, адамгершілік болмысы, сахна мәдениеті және қазақ эстрадасына қосқан үлесі туралы әсерлі ой айтты.
– Мен Жеңіс Ысқақовамен талай жыл бірге қызмет етіп, өнер жолында қатар жүрген сәтімді әрдайым үлкен құрметпен еске аламын. Оның өнерге деген адалдығы, сахнаға деген жауапкершілігі және еңбекқорлығы әрқашан ерекше болатын. Өнер иесі әнді тек орындап қана қоймай, оның әрбір сөзін жүрекпен сезініп, көрерменге шынайы жеткізе білетін сирек талант иесі. Сахна мәдениеті, дауыс мүмкіндігі, ішкі рухани әлемі мен адамгершілік болмысы үйлесім тапқан өнерпаз ретінде ол қазақ эстрадасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды деп айтуға толық негіз бар. Біз бірге жұмыс істеген жылдары оның әрбір дайындыққа үлкен жауапкершілікпен қарап, үнемі ізденісте жүретінін талай көрдік. Жерлесіміздің шығармашылығы – тек ән айту ғана емес, ол – ұлттық өнерді насихаттау, тыңдарманға рухани әсер сыйлау. Оның орындауындағы көптеген ән халықтың жүрегінен орын тауып, елдің сүйіспеншілігіне бөленді. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған «Ән әлеміндегі алтын белес» байқауы – оның өнеріне көрсетілген үлкен құрметтің белгісі деп білемін. Мұндай игі іс-шара жас буынға үлгі, өнерге деген қызығушылықты арттыратын маңызды бастама. Жеңіс Ысқақованың шығармашылық жолы – кейінгі толқынға өнеге. Оның еңбегі мен өнері әрқашан ел есінде сақталады деп сенемін, – деді Жантемір Айсин.
«Ән әлеміндегі алтын белес» байқауы – өнер мен руханиятты ұлықтаған, ұлттық ән өнерін жаңғыртқан, ұрпақ сабақтастығын жалғаған маңызды мәдени жоба ретінде есте қалды.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ










