Сырдың саңлақ сазгері
Киелі сахнада нақышына келтіріп ән шырқау бір бөлек, сол шығарманың жарыққа шығуына атсалысып, бар күшіңді салу – ерекше дүние. Аманкелді ауылдық мәдениет үйінде мәдениет саласының майталманы, сазгер Сәбит Ұлықпанұлының әндеріне арналған «Сырдың сырбаз сазгері» тақырыбында облыстық байқау өткізілді. Оған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева, ауыл әкімі Зейнұр Жаманқұлов, Сырдария аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің маманы Жадыра Бағдатқызы, зиялы қауым өкілдері қатысты.Расында, облыстық байқаудың басты кейіпкеріне айналған Сәбит Ұлықпан кім? Ол – «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, мәдениет саласында еңбек етіп, өнер үшін жаратылған ардақты азамат. Өз кезегінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева мен Аманкелді ауылының әкімі Зейнұр Жаманқұлов сөз сөйлеп, өнер иесінің Сыр өңірінің мәдениетін дамытудағы қажырлы еңбегіне тоқталды.
– Талантты сазгер Сәбит Ұлықпанұлының әндерін орындаушылар арасында ұйымдастырылған «Сырдың сырбаз сазгері» атты облыстық байқау – өнер мен руханиятты ұлықтаған тағылымы терең мәдени іс-шара болды. Сыр елінің талантты жастары бас қосқан байқауда ұлттық өнердің мәйегі саналатын ән өнері кеңінен насихатталып, көрермен қауым рухани әсерге бөленді. Байқаудың басты ерекшелігі – Сәбит Ұлықпанұлының сырлы да сазды әндері арқылы жас орындаушылардың вокалдық шеберлігі мен сахна мәдениетін шыңдауға мүмкіндік жасалғаны. Қатысушылар әр шығарманы үлкен жауапкершілікпен орындап, сазгер әндерінің мазмұны мен мәнін терең жеткізе білді. Әсіресе, туған жерге, елге, адамгершілік пен өмірге деген сүйіспеншілікті дәріптейтін туындылар көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Бұл – өнердің ұлт руханиятын қалыптастырудағы орны ерекше екенін тағы бір дәлелдеді. Сәбит Ұлықпанұлы – Сыр өңірінің мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан, ән өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған тұлға. Оның әндері халықтың жүрегінен орын алып, бірнеше буынның рухани азығына айналды. Сондықтан осындай байқауларды өткізу арқылы біз сазгер шығармашылығын жас ұрпаққа кеңінен танытып қана қоймай, ұлттық мәдениетіміздің сабақтастығын сақтауға қызмет етеміз. Бүгінгі байқауда өнер көрсеткен қатысушылардың барлығы үлкен ізденіс пен дайындықтың үлгісін танытты. Әр орындаушының бойынан өнерге деген құрмет пен жауапкершілікті аңғардық. Байқау барысында дарынды жастардың жаңа есімдері танылып, олардың шығармашылық қабілеттері жоғары бағаланды. Бұл – өңірімізде өнерлі жастардың көп екенін және ұлттық өнерге қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Осындай мазмұнды мәдени жоба жастардың эстетикалық талғамын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырады, – деді Анар Сраждинқызы.

Облыстық байқауда 12 талапкер бақ сынады. Мәселен, аралдық Дәулеткерей Қуантқанов пен Сабыржан Көлбаев, қазалылық Нұрбибі Жаңаберген, қызылордалық Аружан Төреғали, Дінмұхаммед Тілеуберген, Айгерім Шүкірбайқызы, шиелілік Бекарыс Бауыржан, жалағаштық Орнықхан Пазыл, сырдариялық Аяулым Бекболатова, Сәулет Қайып, Абылайхан Бәйділдаев, қармақшылық Наргиз Ерлан бойындағы талантымен дараланып, өнерін көпшілікке паш етуге тырысты. Екі кезең бойынша өзара даралана түскен олардың өнеріне баға берген әділқазылар алқасының құрамында сазгер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің, «Шапағат» медалінің иегері, Сырдария ауданының, Қызылорда қаласының, Қызылорда облысының «Құрметті азаматы», қазылар алқасының төрағасы Рамазан Тайманов, облыстық филармония жанынан құрылған «Сыр самалы» вокалды-аспаптар ансамблінің көркемдік жетекшісі, әнші, сазгер Әбдіхалық Мұстафаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Педагогика және дәстүрлі музыка өнері институты «Дәстүрлі музыка өнері және хореография» білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, республикалық конкурстардың лауреаты Гүлмира Байболова бар.
– Талантты композитор Сәбит Ұлықпанұлының шығармашылығын насихаттауға арналған бұл байқау жас орындаушылардың өнерін шыңдап, ұлттық ән өнерінің қадір-қасиетін кеңінен дәріптеуге үлкен мүмкіндік берді. Байқау барысында қатысушылардың орындаушылық шеберлігіне, дауыс мүмкіндігіне, сахна мәдениетіне және шығарманы жүрекпен жеткізу ерекшелігіне ерекше мән берілді. Қазылар алқасы әр үміткердің өнеріне әділ бағасын беруге тырысты. Қатысушылардың басым көпшілігі Сәбит Ұлықпанұлының әндерін үлкен жауапкершілікпен орындап, шығармалардың мазмұны мен әуездік ерекшелігін көрерменге шынайы жеткізе білді. Бұл – жастардың ұлттық өнерге деген қызығушылығы мен құрметінің айқын көрінісі. Әсіресе, байқауға қатысқан жастардың бойынан үлкен ізденіс пен кәсіби дайындық байқалды. Әр орындаушы сахнада өзіндік ерекшелігін танытып, өнерге деген адалдығын көрсетті. Мұндай байқаулар жас таланттардың тәжірибе алмасуына, шығармашылық тұрғыда өсуіне және өнер кеңістігінде өз орнын табуына жол ашады. Сәбит Ұлықпанұлының әндері – терең мазмұнға, көркем әуезге, ұлттық болмысқа бай шығармалар. Сондықтан бұл туындыларды орындау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бүгінгі байқауда қатысушылар сол сенім үдесінен шығып, сазгер шығармашылығына деген құрметін өнер арқылы дәлелдей алды деп сенемін. Осындай рухани маңызы зор іс-шаралар ұлттық мәдениетіміздің дамуына серпін беріп, кейінгі буынның өнерге деген сүйіспеншілігін арттыра түседі. Алдағы уақытта дәстүрлі ән мен ұлттық өнерді ұлықтайтын байқаулар жалғасын тауып, талантты жастардың шығармашылық жолына қолдау көрсетіле береді деп сенеміз, – деді Рамазан Тайманов.
Негізінен, мәдениет саласында өзіндік орны бар ардақты азаматтың әндерін бұған дейін елімізге танымал әншілер орындап келді. Байқау барысында әнші Жеңіс Ысқақова, Мадина Сәдуақасова, «Азия» тобының әншілері бейнеқұттықтау арқылы лебізін білдірді. Ал Аманкелді ауылдық мәдениет үйінің директоры Гүлзакира Аманжолова бастаған өнер ұжымы облыстық байқаудың жоғары деңгейде өтуіне аса мән берген. Аудандық мәслихат депутаты Руслан Қаскиев демеушілік жасап, өнер майталманына деген құрметін көрсетті. Республика аумағына таныла білген Сыр өңірінің талантты әншілері кеште қонақ болып, ән шырқады. Сазгер Сәбит Ұлықпан сан жылдар бойы жеке құндылығына айналған өнерін ұлықтай білген ауыл жұртшылығына алғысын жеткізді.
Байқау қорытындысы бойынша ІІІ орынды Дәулеткерей Қуантқанов пен Абылайхан Бәйділдаев, ІІ орынды Наргиз Ерлан, І орынды Бекарыс Бауыржан, бас жүлдені Орнықхан Пазыл иеленді. Барлық жеңімпаз бен жүлдегерге, қатысушыларға Диплом мен Алғыс хат, қаржылай сыйлық табысталды.
Б.АЯБЕКҰЛЫ











