Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Мемлекеттік рәміздер – ел мақтанышы» атты мерекелік іс-шара өтті

«Мемлекеттік рәміздер – ел мақтанышы» атты мерекелік іс-шара өтті

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Мемлекеттік Рәміздер – ел мақтанышы» атты мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиынға облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.

Аудан басшысы жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, Рәміздердің еліміз үшін маңызына тоқталып өтті:

– 1992 жылдың 4 маусымы – Тәуелсіз еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылған ерекше күн. Себебі, осы күні Тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері Көк байрақ, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран бекітілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еліміз үшін Көк байрағымыздың, Елтаңбамыз бен Әнұранымыздың мән-маңызы айрықша. Бұл құндылықтар бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі» деп атап өтті. Қасиетті нышандарымызда қазақтың мың жылдық арман-тілегі, мақсат-мұраты түгел топтасқан. Қазақ халқының байрағы бүкіл ұлтты ұйыстырды, ел бірлігін бекемдейді. Еліміздің көк Туы Біріккен Ұлттар Ұйымы секілді халықаралық ұйымдардың мінберінде желбіреп, Әнұранымыз әлем ареналарында шырқалып келеді. Бұл – барша халқымыздың бірлігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі. Рәміздеріміз тек көркемдіктің символы ғана емес, тәуелсіз мемлекет құру идеясының жаршысы, ұлттық болмысқа деген құрмет. Мемлекеттік рәміздеріміздің беделі бүкіл әлемде өсіп, нығая берсін. Көк Туымыз көкте мәңгі желбірей берсін! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мерекелік іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Рәміздері құрметтеліп, мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдау рәсімі өткізілді. Сондай-ақ, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып жүрген әртүрлі сала мамандары аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Салтанатты іс-шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Жиын соңында Рәміздер күні мерекесіне арналған жастар арасындағы жүгіру марафоны ұйымдастырылды.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

05 маусым 2025 ж. 235 0