Киберқылмысқа қарсы күрес күшейтілуде
Жыл басынан бері өңірде интернет-алаяқтықтың 85 дерегі тіркеліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 9,6 пайызға төмендеген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Тоқтыбаев мәлімдеді. Жиында интернет-алаяқтық қылмыстарының өсу себептері мен оның алдын алу бағытындағы кешенді шаралар кеңінен сөз болды.Спикердің айтуынша, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы қоғам өмірін жеңілдеткенімен, қылмыс түрлерінің де жаңаруына жол ашқан. Бүгінде әлеуметтік желілер мен интернет платформалар тек байланыс құралы ғана емес, сауда-саттықтың негізгі алаңына айналып отыр. Осыны пайдаланған алаяқтар түрлі айла-шарғыға көшкен.
«Қазіргі уақытта SMS-код арқылы қорқытып несие рәсімдету, жалған инвестициялық ұсыныстармен алдау, мессенджерлер арқылы таныстардың атынан ақша сұрау және онлайн саудада алдын ала төлем жасату секілді алаяқтық түрлері кеңінен таралған. Интернет-алаяқтық ылмысының ашылу деңгейі 70,1 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 31,2 пайызға артқан. Ғаламтор кеңістігіне жүргізілген мониторинг нәтижесінде заңсыз белгілері бар 876 сайт пен сілтеме анықталып, оларды бұғаттау үшін «Кибернадзор» жүйесіне енгізілді. Полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Атап айтқанда, адам көп шоғырланатын орындарда 4 мыңға жуық жадынама таратылып, «SOS» дабыл батырмасы арқылы ескерту хабарламалары берілуде. Сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі мыңдаған қатысушысы бар топтар мен чаттарда профилактикалық бейнероликтер тұрақты жарияланып келеді», - деді Серік Әбдімәуленұлы.
Айтып өтетін өзекті мәселе интернет-алаяқтық қылмыстарымен байланысты “дроппер” ұғымы. Бұл алаяқтарға көмектесетін, өз есепшоттарын пайдалануға беретін тұлғалар. Қылмыскерлер жәбірленушілердің қаражатын осындай адамдардың банктік карталары арқылы шетелдік шоттарға аударып немесе қолма-қол шешіп алады. Осыған байланысты Қылмыстық кодекске арнайы бап енгізіліп, мұндай әрекеттер үшін 160 айлық есептік көрсеткіштен бастап айыппұл немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сонымен қатар, спикер киберқылмыстың кең таралған тәсілдері жалған қоңыраулар, мессенджерлер және фишингтік сайттар арқылы жасалатын алаяқтық схемалар туралы түсіндірді.
«Ең бастысы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет. SMS-кодтарды ешкімге беруге болмайды. Белгісіз адамдардың ұсынысымен қосымшалар жүктемеу керек. Күмәнді қоңырау түссе, бірден байланысты үзіп, банктің ресми нөміріне хабарласқан жөн», - деді ол.










