Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегімен елге сыйлы болған азамат

Еңбегімен елге сыйлы болған азамат

Өмір жолында өзіндік ізімен, адал еңбегімен ел есінде қалған азаматтар болады. Қадір-қасиетін, адамгершілігін биік ұстау арқылы өз заманында ғана емес, кейінгі буынға үлгі-өнеге бола білу адамның мәңгі жасағаны болса керек. Біз қалам тербегелі отырған Зейнолла Нұрғазыұлы да – саналы ғұмырын халықтың игілігіне арнаған жан. Әңгімені әріден бастасақ.

Зейнолла Есназаров есімі бүгінде көпшілікке таныс. Көзін көрген замандастарынан бөлек жас буынның өзі «Ол кісі кезінде мықты азамат болған» деп еске алады. Адамның өзі түзу жолмен жүрсе, қаншама жыл өтсе де соңынан жақсы сөз еруі – өмірлік мақсаттың орындалғаны шығар. Кейіпкеріміз 1936 жылы Құндызды ауылдық кеңесінде дү­ниеге келген. Әкесі Нұрғазы – шаруа адамы, жауырыны жерге тимеген палуан кісі болған деседі. Ұлы Отан соғысына қатысып, жас­тай майдан даласында мерт болады. Анасы Тұрсын Қазбекқызы Қарақұмда ағайындарымен мал бағып, кейін колхозда қарапайым жұмысшы болған. Еңбеккеш ана аудан орталығындағы бүгінде кентке келбет, Жер-Ананың тамырына нәр беріп отырған «Майжарма» каналын қазуға атсалысқанын айта кету орынды.

Әкесінен ерте айрылып, анасына қолғабыс болу міндетін ерте арқалаған кейіпкеріміз оқуға зерек, еңбекқор болып өседі. Ол кезде жағдай белгілі, қол еңбегіне негіз­делген шаруаның бәріне ысыла жүріп №35 И.Калинин атындағы мектепті үздік бітіріп шығады. Мектеп бітірісімен жалғыз анасына қарайласып, еңбекке ерте араласады. Қарақұмда кітапханашы, Қызыл отауда мәдени қызметкер болып жұмыс жасайды. Кейін 1 Май, Ленин колхоздарында пошта бастығы болып, тұрғындарға газет-журналдың уақытылы жетуін қамтамасыз ете­ді. Ол кезде газет-журналдың халық үшін маңызы қаншалықты жоғары болса, пошта қызметінің де ма­ңызды екені түсінікті. Кейін 1960-1964 жылдары Алматы қаласындағы байланыс және пошта торабы мамандарын дайындайтын институтта білім алады. Сонымен қатар Қарағанды, Теміртау қалаларында білім жетілдіру курстарынан өтеді. Осылайша жұмыс барысында жа­уап­кершілігімен көзге түсіп, 1965 жылы аудан орталығындағы «Союзпечать» мекемесінің бастығы болып тағайындалады. Ендігі жұмыс Тереңөзек ауданына қарасты ауыл­­дарда тұралап қалған пошта бөлім­шелерінің жұмысын жолға қою болды. Бұл жұмысты да абыроймен атқара білген Зейнолла Нұрғазыұлы өзі де ара-тұра қалам тербеп, кенттегі, қоғамдағы мәселелерді жазып, газетке шығарған. Бұл сөзімізге дәлел – кейіпкеріміз туралы көп естеліктің арасында жиі көзге шалынған аудандық газет қиындылары, сарғайған парақтар болды. Сонымен қатар ол кезінде облыстық, комсомол, партия конференцияларына делегат болған, мандат билеттері де сақтаулы. Көз­көргендердің айтуынша, қазақ­ша, орысшаға өте сауатты, жазуы тасқа таңба басқандай көркем болған, сол кездері аудандағы бүкіл партбилетті толтыру осы кісінің «міндетіне» айналған. Кейін 1975 жылы С.Сей­фуллин совхозының жаңадан ашы­луына байланысты ауылдың әлеуметтік-әкономикалық жағдайын жақсарту мақсатында жан-жақтан жас мамандар тартыла бастайды. Осы жылы Зейнолла Есназаров С.Сейфуллин ауы­лы жұмысшылар кәсіподағы коми­тетінің төрағасы болып сайланады. Жұмысшылардың құқық­тық мүдделерін қорғау, олар­дың әлеуметтік жағдайларын жақ­­сарту, жас мамандарды ауылда тұрақтандырып, тұрғын үймен қам­тамасыз ету жұмыстарын сов­хоз басшылығымен бірлесе отырып, жоғары деңгейде ұйымдастыра біл­ген. Елу жылдан астам тарихы бар, бүгінде көркімен көз тартатын Сәкен Сейфуллин ауылының құрылып, тіршілігін аяққа тұрғызуда Зейнолла Нұрғазыұлының еңбегі елеу­лі болғаны рас. Адал еңбек қашан да лайықты марапатпен еленетіні анық. Жүйелі әрі нәтижелі жұмыс аудандық, облыстық партия комитеттерінің Құрмет грамота­сымен, бірнеше медальмен марапат­талғанын айта кеткеніміз жөн.

Аз ғана ғұмыр кешсе де, үлкен іс тындырып, кейінгіге үлгі-өнеге болған жандар туралы «Жасындай жарқ етті», «Жарық жұлдыздай ағып түсті» деген балама айтылады. Расында, біздің кейіпкеріміз небәрі қырық жыл өмір сүрсе де, еңбегі әлі күнге ұмытылған емес. Арда азамат отбасында жары Күлжамал екеуі өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, бес ұл, үш қыз өсірген. Бүгінгі таңда бір-бір шаңырақ иесі болған ұл-қыздары әке жолын жалғап, ана сүтін ақтап түрлі салада еңбек етіп жүр. Өнегелі отбасының ұл-қызы Жомарт, Маржан, Атымтай, Алмас, Ақжарқын ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосып келеді. Бақытжан мен Ләззат, Нұрболат та мәңгілік мекеніне бет түзеген.

– Әкеміз небәрі қырық жыл ғұмыр кешті. Ол заманның адамдары еңселі, ірі еді ғой. Әкеміздің бейнесі көз алдымызда тау тұлғалы, қазіргі алпысты алқымдаған кісі­лердей көрінетін. Әкем 1976 жылы 1 май күні жүрек ауруынан қайтыс болды. Мен ол кезде екінші сыныпта оқиды екенмін. Әкем кітап­құмар еді. Көзкөргендер «сол кездегі ең мықты әдеби кітаптарды Зейнолла ағайдан алушы едік» деп айтып жүреді. Әлі есімде, домбырамен «Ақ бұлақ» әнін нақышына келтіріп айтатын. Әкем қызметте болған кезде ауданға, ауылға концерт қоюға келген әншілер үйімізге қонақ болатын. Белгілі күйші Шәміл Әбілтаев, танымал термеші, әнші Әскербек Еңкебаевтар бір сапарында біздің шаңыраққа түскен еді. Әкеміздің көзін көрдік, тәлімін алдық. «Еңбек еткеннің еңсесі биік» деген қағиданы жадымызға сіңіріп өсірді. Қай қызметте жүрсе де, істің сапасына мән беріп, халыққа пайдасы тиетін бастамалардың басы-қасында жүрді. Оның қарапайым болмысы мен еңбекқорлығын көзін көргендер әлі күнге айтып жүреді. Бүгінде ардақтымыз арамызда болмаса да, артында қалған жарқын істері мен жылы естеліктері жадымызда сақталып қалды, – дейді Алмас Зейноллаұлы.

Туған жерге қызмет еткен аза­мат­тың есімі ел жадында сақталары анық. Зейнолла Нұрғазыұлының ар­тында ұрпағы, ұл-қызына өнеге болған өсиеті, халыққа қылған адал еңбегі қалды. Туған жерді түлетуге үлес қосқан азаматтардың еңбегін насихаттап, кейінгі буынға үлгі ету парыз деп білеміз. Адал еңбек еткен азамат көзі тірі болғанда, биыл тоқсанның төріне шығып, сая­лы бәйтеректей, талай ілкімді істің көшбасынан табылар еді. Десе де өз заманында еселі еңбек етіп, өшпес өнеге қалдырған абзал азаматтың есімі ұрпағы барда ұмытылмайды.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

11 сәуір 2026 ж. 87 0