Құрметке лайық қайраткер
Жасымыз тоқсаннан асып, осы ғұмырымызда ауданның дамуына өзіндік үлесімізді қосқаннан кейін өткен-кеткенді жиі ойлаймыз. Оның үстіне ауданның Құрметті азаматы болған соң оның да өзіндік жауапкершілігі бар. Өз қатарымызға лайықты, кейінгі буынға үлгілі іс жасап, дұрыс сөз арнағымыз келеді. Осындай ордалы ойлар жақында С.Сейфуллин ауылының тұрғыны, ауылдық қоғамдық кеңес мүшесі Итемір Фазыловпен және бірқатар ауыл ардагерлерімен пікірлескеннен кейін туындап, қолға қалам алдым.
Аудандық газеттің есігі оқырмандарға қай кезде де айқара ашық. Тыл және еңбек ардагері ретінде ұсынған мақалаларымыз жерде қалған емес. Редакцияға бағытталған ұсынысымыз да уақытылы орындалып, шығармашылық ұжымның қоғаммен байланысы беки түскен. Осы ретте, аудандық газет арқылы тағы да көпшілік талқысына ой тастап, өз пікірімді білдіргім келеді. Ол пікір құрметке лайықты қайраткер Мансұр Есназаров туралы болмақ.
Аудан жұртшылығы Есназаровтар әулетін жақсы біледі. Ұстаздық қызметті ұлағатты іс санаған бұл іргелі әулеттің бүгінде үшінші, төртінші буынына дейін бала оқытумен айналысып келеді. Яғни, ауданның білім беру саласында Мансұр Есназаровтың ұрпақтарының өзіндік орны бар. Енді тұлғаның тағылымға толы тағдыр жолына тоқталайын.
Мансұр Есназаров 1912 жылдың тумасы, бұрынғы Құндызды ауылында (қазіргі С.Сейфуллин ауылы) туып, осында ер жеткен. Ескіше хат танып, сауатын ашқан ол 1938 жылы Қызылордадағы екі жылдық педагогикалық курсты бітірісімен Арал ауданындағы «Октябрь» мектебіне директор болып тағайындалады. Қолдағы құжаттарға сүйенсек, бұл 1938 жылдың 20 шілдесі екен. Қазіргі Шижағада осыдан 83 жыл бұрын мектеп ғимараты болмапты. Елді мекен балаларының білім алуы үшін сол кезде Мансұр Есназаровтың бастамасымен асар әдісімен мектеп салынған. Бұл мектеп біраз жыл халық игілігі үшін жұмыс істеген.
Бала оқытумен айналысып жүрген М.Есназаров 1939 жылдың аяғында әскерге шақырылады. Сөйтіп, Фин соғысына қатысады. Одан кейін Ұлы Отан соғысының өрті тұтанып, майдан даласындағы жауынгерлік жолы от пен өрттің ортасында жалғаса түседі. Сұрапыл соғыс жылдарында 211-дивизия құрамындағы атқыштар ротасының саяси жетекшісі, кейіннен атқыштар ротасының командирі қызметтерін атқарады. Екі рет ауыр жараланған. Осы ретте, майдангердің соғыс жылдарында СОКП қатарына қабылданғанын атап өтуіміз қажет. Сондай-ақ жауға қарсы күресті Батыс майданында бастап, әскери міндетін Жапониямен шекарада аяқтап, елге аман-есен оралады. Ал бірге туған екі бауыры Рай мен Нұрғазы соғыс даласында шейіт болады.
Елге оралған М.Есназаров қайтадан ағартушылық қызметті қолға алады. Тереңөзектегі балалар үйінде, Жалағаш ауданындағы Иіркөл мектебінде директор және Сталин атындағы мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарады. Еңбек ете жүріп, Қызылордадағы мұғалімдер институтының химия, биология факультетінде оқып, білімін жетілдіреді.
Саналы ғұмыры білім беру саласына арналған кейіпкеріміз 1952 жылы іргелі істі қолға алды. Ол өзі туып-өскен Құндызды ауылдық кеңесіне қарасты сол кездегі «1 Май», «Құндызды» колхозы жұмысшылары демеушілігімен салынған №137 «1 Май» мектебінің іргетасының қалауына атсалысты. Ол 1965-1974 жылдары осы білім ордасына жетекшілік етті. Қазіргі таңдағы сол ауылдағы №137 орта мектептің жаңа ғимаратын 1972-1974 жылы салғызуы да үлкен еңбектің арқасы деп бағалауға болады. Сол мектепке оқушылар қабылданған жылы Мансұр ақсақал зейнеткерлікке шыққан еді. Білікті басшы, тәжірибелі ұстаз көптеген шәкірт тәрбиелеп, қоғамда сыйлы азамат болды. Ауыл балаларының қала орталығында білім алуға қолдан келген көмегін аяған жоқ. Жақсының шарапатын көріп, қалада білім алған азаматтар бүгінде арамызда жүр.
Ел үшін еткен ерлік пен еңбек ескерусіз қалмайды. Майдангер «Германияны жеңгені үшін», медалімен, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды. «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы жанқиярлық ерлігі үшін» медалін екі мәрте иеленді. КСРО Қарулы Күштерінің түрлі мерекелік медальдары кеудесінде жарқырады. КСРО Қорғаныс министрі А.Гречконың атынан арнайы құттықтау берілді. Ал ұстаздық қызметінде ұстаздардың ұстазы атанып, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» медалін кеудесіне тақты. Бірнеше «Құрмет грамоталармен» марапатталды. Мұның бәрі еткен еңбектің, төгілген тердің жемісі. Сондай-ақ халықтың ыстық ықыласының белгісі.
«Ұстаздық – барлық мамандықтың төресі» деп бекер айтылмаған. Ұлтымыздың біртуар азаматтары ананы қалай қадірлесе, ұстазды да солай құрметтеу керектігін білдіретін көптеген даналық сөздерді кейінгі буынға өсиет еткен. Осы ретте, білім саласының білгірі Мансұр Есназаровтың аймағымызға танымал болған Сейітнәби Мұқашев, Төлек Сақтағанов, Ахат Жанаев секілді азаматтарға ағалық, ұстаздық ақылкеңесін айтып, бағыт-бағдар бергенін айтпай өту мүмкін емес. Сонымен бірге мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаев ғұмыры ғибратқа толы Мансұр Есназаровты өзінің ұстазы санап, ерекше қадірлеген. Біз де қайраткер тұлғаның жақсы қасиеттерін, адамгершілігін көріп, тектілігіне талай мәрте куә болдық.
Қызметте елге сыйлы болған азамат отбасында да аса қадірлі еді. Жұбайы Ұлжан Өтеуліқызымен бірге тәрбиелі де тәлімді ұл-қыздар тәрбиелеп өсірді. Бүгінде Есназаровтар әулеті «Педагогтар» әулеті саналады. Әке жолын жалғаған қыз Рахия Есназарова – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті. Ал Серік Есназар №137 орта мектебін бірнеше жыл абыроймен басқарды, әлі де білім беру саласында тер төгіп жүр. Немересі Бағдат Есназар аудандық білім бөлімінде еңбек етіп, қазіргі таңда ата жолын абыроймен жалғап С.Сейфуллин ауылындағы орта мектебінің директоры қызметін атқаруда. Ол аудандық мәслихаттың VI, VII шақырылым депутаты, ақын. Тағы бір немересі Нұрмат Мансұровтың айтыстың ақтаңгері екенін жұртшылық жақсы біледі. Нұрматтың ауданның ғана емес облыстың абыройын асқақтатқанына талай мәрте куә болдық. Ол қазақ айтыс өнерін Парижде, Өзбекстанда, Қырғызстанда насихаттады. «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанған ол текті атаның ұрпағы екенін әркез мақтан етіп айтып жүреді. Ұлағатты ұрпақтар тізбегі осылай жалғасып кете береді. Бәрінің жетістігі көп, абыройы асқақ. Олар майдан даласында ерлік көрсетіп, елге жеңіспен оралған, бейбіт күнде мектеп салып, елді білім нәрімен сусындатқан Мансұр Есназаровтай аталарын мақтан тұтады.
Ұстаздық қызметтің мәртебесін ту еткен т
ұлға 1990 жылы дүниеден озды. Артында өшпес із қалды. Ел-халық әлі күнге Мансұр Есназаровтың жақсы істерін айтып, дәріптеп отырады. Осындай тұлғаның есімін жаңғырту үшін Тереңөзек кентіндегі жаңа қоныстану аймағы мен өзі туып-өскен, азамат ретінде қалыптасқан және ұзақ уақыт тер төккен С.Сейфуллин ауылындағы бір көшеге немесе өзі іргетасын қалаған мектепке Мансұр Есназаровтың аты берілсе деген ойымыз бар. Бұл ұсынысымызды ауыл ақсақалдары, қоғамдық кеңес мүшелері қолдайды деп сенемін. Заңдылыққа сәйкес құжаттары жинақталып, реттелсе, ономастика комиссиясының қарауына ұсынылады деп ойлаймын. Қалғаны уақыттың еншісіндегі іс. Біздікі құрметке лайық қайраткердің рухы алдындағы іргелі істі бірлікпен атқаруға үлес қосу.
ұлға 1990 жылы дүниеден озды. Артында өшпес із қалды. Ел-халық әлі күнге Мансұр Есназаровтың жақсы істерін айтып, дәріптеп отырады. Осындай тұлғаның есімін жаңғырту үшін Тереңөзек кентіндегі жаңа қоныстану аймағы мен өзі туып-өскен, азамат ретінде қалыптасқан және ұзақ уақыт тер төккен С.Сейфуллин ауылындағы бір көшеге немесе өзі іргетасын қалаған мектепке Мансұр Есназаровтың аты берілсе деген ойымыз бар. Бұл ұсынысымызды ауыл ақсақалдары, қоғамдық кеңес мүшелері қолдайды деп сенемін. Заңдылыққа сәйкес құжаттары жинақталып, реттелсе, ономастика комиссиясының қарауына ұсынылады деп ойлаймын. Қалғаны уақыттың еншісіндегі іс. Біздікі құрметке лайық қайраткердің рухы алдындағы іргелі істі бірлікпен атқаруға үлес қосу.
Рақымжан БӘЙМЕНОВ,
тыл және еңбек ардагері,
«Сырдария ауданының Құрметті азаматы»