Еңбегімен көпке сыйлы азамат

Кез келген шаруаның ебін таба білетін Бақыт Нұржанов Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғыны. «Еңбек еткеннің еңсесі биік» деген ұстанымды ұстанатын тәжірибелі маман ауылдық әкімдікте қарауыл болып жұмыс жасайды. Сегіз қырлы бір сырлы азамат тек қана мекемені қарауылдап қоймай, дәнекерлеу жұмысымен, ауланың тазалығы секілді бірнеше жұмысты атқарады. Көмек сұраған жаннан ешқашан көмегін аяған емес.
–Мен қарауылдық қызметке 2013 жылы келдім. Тек мекеменің қауіпсіздігін ғана қамтамасыз етпей, ауланың тазалығын атқарып, басқа да шаруаларды жасай беремін. Бір күн жұмыс жасап, бір күн демалғандықтан қосымша жұмыс шығып жатса үйде қарап отырғанды ұнатпаймын. Өйткені адам өз несібесін еңбектен ғана табатыны анық. Қолынан келген жұмыстан аянбай, өз нәпақасын ешкімге жалтақтамай, адал еңбекпен ғана тапқан астың берекесі болады, – дейді қарапайым еңбек адамы.
Бақыт Сәруарұлы – өте қарапайым, еңбекқор жан. Өз ісіне деген тиянақтылығы мен жауапкершілігінің арқасында әріптестерінің оған құрметі, қолдауы, сыйластығы ерекше. Бұл бірден байқалады.
–Бақыт Нұржановпен 12 жылдан бері жұмыс жасап келеміз. Ешқашан жұмыстан шаршадым, қолымнан келмейді деп айтқан емес. Әрбір істі ыждағаттылықпен, ынтамен атқарады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей адал еңбегінің арқасында ұжымда құрметке ие болып келеді, – дейді әріптесі Серікбол Мұратбекұлы.
Қашанда қарапайымдылығымен дараланатын еңбек адамы отбасында аяулы жар, ардақты әке. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, Құдай қосқан қосағы Гүлмира Махатовамен 2 ұл, 3 қызды тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы. Берекелі шаңырақтың ұйытқысы Гүлмира Махатова аспаз болып жұмыс жасайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету. Маңдай терімен табыс тапқан адам оны мақсатсыз шашып, ысырап қылмайды. Үнемшіл, қанағатшыл әрі ұқыпты болады», – деген болатын.
«Еңбек – ердің айнасы», «Еңбегімен ел таныр» деген тәмсіл Бақыт Нұржанов секілді еңбек адамына қарата айтылғандай. Иә, адам еңбегімен бағалы деген рас. Осы орайда, осындай қарапайым еңбек адамын мақтан етеміз және көпке үлгі ету біздің парызымыз.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА