Өмірі өнеге азамат
Өнегелі отбасы – ұлт мерейі. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі де мерекелі шаңырақта ауызбіршілікті ту еткен өнегелі отбасы қашан да көпке үлгі болары анық. Осы тұста бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған Өтепберген ақсақалдың жанұясын өнегелі отбасы деп атауға әбден лайық.
Өнегелі шаңырақтың тірегі, қадірлі қариясы Өтепберген Әбілов – Қалжан ахун ауылында дүниеге келіп, ауданның ұзақ жылғы тарихымен бірге жасасып келеді. Тарихы тереңнен сыр шертетін ауданның өсіп-өркендеуі, тыныс-тіршілігі, сындарлы сын сағаттардан өтуінің барлығы да – бұл жанның күні кешегідей әлі күнге көз алдында. Ол кісі аудан халқына адал қызмет етіп, қажырлы еңбегімен дараланған азамат. Еңбек ардагері тек бір отбасына ғана емес, сонымен қоса ауыл жұртшылығына құрметті, сыйлы. 6 бала тәрбиелеп, балаларынан 23 немере сүйіп, 5 шөбере көріп отырған бақытты азамат ауылшаруашылығы саласында еңбек еткен.
Кеңес үкіметі кезінде, яғни 1966 жылы Сұлутөбедегі СПТУ-да механизатор мамандығын үздік бітірген кейіпкеріміз алғашқы еңбек жолын 1966 жылы Қалжан ахун ауылында механизатор болып бастайды. Ал Отан алдындағы борышын 1968-1970 жылдары өтепті. Ел ағасы біліктілігі мен тәжірибесінің арқасында 1974 жылы партияға делегат болып сайланып, 1974 жылы Қазком партиясының «Құрмет грамотасы» және медалымен наградталғанын да айтып өткеніміз жөн. Өзі еңбек еткен ұжымда беделді, белсенді маман бола білген азамат 1976-2013 жылдары механик қызметін атқарып, саналы ғұмырын ауылды түлетуге арнады.
Өз замандастарының арасында мақтаулы, сегіз қырлы бір сырлы азамат болған Өтепберген Әбілұлы 1971 жылдың қаңтар айында Күнсая Ысқаққызымен шаңырақ көтереді. Құдай қосқан жары 1953 жылы Арал қаласында дүниеге келген екен. Ауызбіршілігі жарасқан отбасының отанасы да нағыз еңбек адамы. Шаңырақ шырайын келтіре жүріп жұмысты да қатар алып жүрген ананы ауыл халқы әркез құрмет тұтады. 1973 жылы күрішші болып еңбек еткен аяулы ана, 1976 жылы партия қатарына өтіп, аудандық кеңеске депутат болып сайланады. Отбасының ұйытқысы бола білген Күнсая Төлегенова 1980-1985 жылдары аспаз болып жұмыс жасап, көпшіліктің ықыласына бөленеді. Даланың жұмысы мен үй шаруасын қатар алып жүріп, көпбалалы ана қатарына қосылды. Күнсая анамыз бала тәрбиесінде де көпке үлгі бола білген ардақты жан. Өмірлік жары екеуі көз қуанышы балаларына ата-аналық міндеті саналатын, сарқылмас қазына жақсы білім мен тәлімді тәрбие бере білді. Саналы ғұмырын қажырлы еңбек пен отбасына арнаған ардақты ата-ана бүгінде бала-шағасының қызығын көріп, еңбегінің жемісін жеп отырған жайы бар.
Көпті көрген ақсақал отбасылық құндылықтарды бәрінен жоғары қояды. Құндылық дегенде, ол өзінің тұтынушы тарапынан керексіз болса, оның кұны да, мәні де болмайды. Құндылық өз алдына алғанда ол – қазына, қор, тәжірибе, таным. Оны қажет ететін адамның өзі соны игеруі керек. Яғни, санасы мен жауапкершілік сезімі болуы шарт. Демек, Өтепберген Әбілұлының өз отбасында қазаққа «қазақы болмысын сақтауға» деген ниет, байланыс қуаты және жауапкершілігі басым болғанын айтпай кетуге болмайды. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей ата-анасынан көріп өскен тарбиелері өскелең ұрпақтарына да қан арқылы берілгенін байқауға болады. Балаларының да, немерелерінің де бойларында ізгілік, шыншылдық, мейірімділік пен парасаттылық басым. Ұлағатты ұрпақты өмірге әкеліп, тәрбиелеп, өсіргені үшін Күнсая Ысқаққызы 2011 жылы Президент Жарлығымен «Күміс алқа» иегері атанды.
Дәстүрлі қазақ отбасында ата-ананың қадірі ерекше. Әке деген сөзді айтқанда өзіне пана болар, қиындықта қалдырмас, арман-мақсатына қол созғанда ақ батасын беріп, ақ жол тілейтін адамның болғанын бала жүрегі аңсайтыны анық. Әке – әр адамның арқа сүйер тіреуі. Ал, аяулы ана – отбасында ғана емес, тұтастай елдің, ұлттың, құндылықтың ең маңызды тұғыры. Ел ағасы болған ақсақалдың ұрпақтары мейірім мен ізгілікті сезініп, толық отбасында өсіп, жетілді.
Өнегелі отбасында үлкеннің кішіге қамқорлық ету, кішінің үлкенге құрмет көрсету қағидаты берік сақталған. «Ырыс алды – ынтымақ» дейтін болсақ, отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасында өте нәзік сыйластық пен жылулық бар. Әулеттің әрбір мүшесі сондай шынайы құрметпен сыйластықты үнемі басты назарда ұстайды. Ағайын-туыс, кұда-жекжатқа аса қадірлі ақсақал отбасы бірлігінің нық болуы, әулеттің берекесінің артуы жұбайы Күнсаяның еңбегінің өлшеусіз екенін сәт сайын мақтаныш сезіммен айтып отырады. Отбасылық бақыт деген осы шығар, сірә...
Алтынай Қайратқызы