Жүректен өшпес бейнесі
«Аға» деген ардақты сөздің салмағы кісінің абыройымен, жасымен яки туыстығымен емес, игі істерімен, соған сай құрметпен өлшенеді. Осы ретте үлкенге ізетті іні, талайға ардақты аға болған, балаларына тәлімді тәрбие беріп, артында мың жасар ұрпақ қалдырған азамат Тоқмағанбет Пржанов туралы жазуды жөн санадық. Адал еңбекпен еңсе тіктеген тұлғаның ұрпақтарының ұсынысымен қолға қалам алып, өмірі өнегемен өрнектелген ардақты азаматтың ғұмыр дерегін кейінгі буынға үлгі етпекпіз.
Дана халқымызда «Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» деген тағылымы мол сөз бар. Тоқмағанбет әке жетпіс жыл өмірінде көпті көріп, кейінгіге үлгі болған аптал азамат еді. Алып таудың алыстаған сайын сұлбасы биіктей түсетіні де бар. Мәңгілік мекеніне қайтқанына биыл қырық жыл болған ағамыз туралы естелікті Тоқмағанбет әкенің көзін көрген жандардан сұрастырдық. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген, міне осы.
– Бұл кісі маған нағашы болып келеді. Мен оған жиенмін. Оның үстіне үйі аралас, қойы қоралас дегендей, көрші тұрдық. Арада бірнеше үй ғана бар еді. Әкеміздей жанашыр адам болатын. Тоқмағанбет ағамыз дүниеден озғанда біз оңымыз бен солымызды ажырата қоймаған отыздың о жақ, бұ жағындағы жас жігіт едік. Десек те ағаның бейнесі күні кешегідей көз алдымда. Нағашым сондай Атымтай жомарт жан еді. Қолы ашық, заманында кімнен де болса көмегін аямаған адам. Көп адамға көмектескен. Алдыңғы буын ағалары алыс сапардан келе қалса бір қойын яки бір өгізін жегіп апарып, өңгеріп тастайтын болған. Бұл ол кісінің қолының ашықтығы ғой. Талай басшылық қызметте де болды. Ұлы Отан соғысына да қатысқан. Майданда Жапонияда болған екен. 1983 жылы жетпіс жасында дүниеден өтті. Артында жақсы сөз қалды, өмірін жалғар ұрпағы қалды. Аяулы жары Жанатпен отау құрды. Жеңгеміз 2015 жылы мәңгілік мекеніне аттанды. Шүкір, қазір балалары өсіп-өркендеп, әке жолын ұрпақтар сабақтастығымен жалғап келеді. Сегіз баланың екеуі қайтыс болып кетті. Ұл-қыздары әкенің қайтқанына қырық жыл толуына орайластырып ас бермек. Қабыл болсын айтамыз, – дейді Тоқмағанбет Пржановтың көзін көрген ардагер Дүйсенбек Қадіров.
Енді кейіпкеріміздің өмірдерегіне зер салсақ. Тоқмағанбет Пржанов 1913 жылы 13 наурыз күні Тереңөзек кентіне қарасты Бидайкөл колхозында дүниеге келіпті. Жастайынан адал еңбекке жақын, әр іске епті болып өскен ол осы колхозда бастауыш мектепті бітірген. Алғыр әрі зерек ойлы жас сол кездегі қиын заманның өзінде білім алудың ебін тауып, облыстағы техникумның жұмысшы факультетінде оқыған. Оқу орнын бітіргеннен кейін Тоқмағанбет әкенің еңбек жолы өзі туып өскен ауылда басталған. Алғашқыда ол мал өңдеу мекемесінде бас есепші болып қызмет еткен. Көзкөргендердің айтуынша, есеп-қисапқа жүйрік азамат басшылық тарапынан тапсырылған жұмыстарды тиянақты, сапалы орындауымен көпшілік құрметіне бөленіпті. Сол еңбегі еленіп, ескеріліп кейін Жаңақорған ауданында «Заготскот» мекемесінің басшысы болған. Басшылық еткен жылдарында талай білікті кадр дайындауға септігін тигізген. Сондай-ақ ауылшаруашылығы саласының жандануына сүбелі үлес қосып, өзінің талапшылдығымен жүйелі жұмыс жүргізіп, саланың алға жылжуы жолында адал еңбек еткен.
Қызметте талапшыл, жауапкершілікке баса мән бергенімен, Тоқмағанбет ағаның жаны жайсаң, жүрегі жұмсақ, жомарт азамат болған деседі. Сөзімізге дәлелді абзал азаматтың көзін көрген жандардың естелігінен табамыз. Аға туралы кімнен естелік сұрасақ та, ең алдымен оның жомарттығы, қолы ашықтығы туралы оқиғаларды тілге тиек етіп жатты. Бұл туралы бізге бүгінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып жүрген Мұса Келдібаев бастаған еңбек ардагерлері әңгімелеп берді. Әсіресе еңбек ардагерлері Әділбек Омаров пен Болат Ахметов өнегелі істері жөнінде жақсы пікір білдірді. Мұның бәрі адал еңбектің санадан өшпейтінін, арада қаншама жылдар өтсе де ұмытылмайтынын айғақтайды.
Т.Пржанов соғыстан кейінгі қиын-қыстау жылдарда елге сүйеу, көрші-қолаңға қамқор, ағайын-туысқа жанашыр бола білген азамат ретінде де құрметті. Сырдариялықтар текті азаматты жетім-жесірді жебеп, көмек сұраған жандардан барын аямай қолдау көрсеткен жанашыр жан ретінде таниды. Туған топырағының дамуына өз үлесін қосып, халқының ауызбіршілікте, тоқшылықта өмір сүруі үшін қолдан келгенін аямаған нағыз қолдаушы, қорғаушы ер азамат болғанын ардагер ағалардың пікірінен де білдік. Азаматтық болмыс-бітімімен ерекшеленген тұлғаның 1957 жылы Тереңөзек ауданына келіп «Заготскот», «Заготконтора» және «Казсельхозтехника» мекемелерінде жұмыс атқарғанын айтпай өту мүмкін емес. 1975 жылы «Тереңөзек» астық қабылдау мекемесінде қойма меңгерушісі болып, зейнет жасына дейін еңбек еткен. Зейнет демалысына шықса да тынбай еңбектеніп, еңбекқорлығымен, қарапайымдылығымен көпшілік есінде мәңгі сақталған.
Өзінің азаматтығымен көпке сыйлы болып, көпшілік тілеулес болған ардақты азамат 1946 жылы Жанат Ахметқызымен шаңырақ көтерген. Жанат апамыз да Бидайкөл колхозының тумасы. Қызылорда педагогикалық училищесін оқып тәмамдаған. Кейін үлкен әулетке келін болып, отбасының шырағын маздатып, үй шаруасымен айналысқан. Күйеуінің қас-қабағына қарап, күтімін жасап, бала тәрбиесіне ден қойған ардақты ана 9 құрсақ көтерген аяулы жан. Біреуі кішкентай күнінде шетінеп, төрт ұл, төрт қызын азамат етіп өсірген. Әкенің қаны мен ананың ақ сүтінен нәр алып өскен ұл-қыздар білім алып, ел-жұртқа елеулі қызмет етіп, бүгінгі таңда бір-бір ошақтың от анасы мен отағасы болып отырған жайы бар. Ауданымыздың дамуына сүбелі үлес қосып, басшылық қызметтерді абыроймен атқарған Пржановтар әулетінің ұл-қыздарының еңбегін сырдариялықтар жақсы біледі.
– Әке дегенде толқымайтын көңіл жоқ шығар. Біз де арқасүйер әкеміз туралы ойласақ, үлкен сезімге берілеміз. Ардақты әкемізбен сыйлас, замандас болған, көзін көрген жандармен кездесе қалсақ, ерекше жылылықты, шынайы ілтипатты байқаймыз. Асқар тау, ардақты әкеміз Пржанов Тоқмағанбеттің дүниеден қайтқанына биыл – 40 жыл. Мейірімге толы жылы жүзі, салмақты да салиқалы бейнесі ешқашан көз алдымыздан кетпейді. Адамдығы бір төбе, адалдығы бір төбе болған әкеміз жетім-жесірді жоқтатпай, дос-жаран, көмек сұраған таныс-тамырларға қол ұшын созып, қолда барын аямаған жан. Әкеміз Тоқмағанбет ел игілігі үшін қызмет еткен. Талай жыл халық қамы үшін айтулы маңызды салаларда жұмыс атқарған. Отбасының тірегі, адал жар, қамқор әкеміз 1983 жылы 14 қыркүйекте мәңгілік мекеніне аттанды. Әкеміздің жарқын жүзі, жайдары бейнесі мәңгі жадымызда. Аспанға періште боп ұшып кеткен әкемізді, анамызды, туған бауырларды сағынамыз. Дұға қылып, құран бағыштап тағдырға үнсіз бағынамыз. Еске алып, топырақтары торқа, жандары жәннатта нұрлансын деп Алладан тілейміз. Жатқан жерлері жайлы, жандары жәннатта болсын, – дейді абзал азаматтың ұлы Ғалым Пржанов.
Иә, өмір өз ағысымен өтеді. Адам – керуен, өмір – жол. Ең бастысы, осы ұзын жолда керуенімізге жақсы қасиеттер мен игілікті істерді ғана артып, кейінгіге үлгі-өнеге болу – басты мұрат. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Тоқмағанбет Пржанов осындай ардақты азамат болған. Қалай мақтаса да сиятын тұлға деп айтуға негіз бар. Ағамыздың өзі арамызда болмағанымен, артында қалған ұрпағымен, түзу тәрбиесімен мың жасары анық. Аптал азаматтың жарқын бейнесі оны білетіндердің, көзін көрген, аралас-құралас болған азаматтардың, ұрпағының жадында жаңғырып тұратын болады.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ