Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№79 газет

05 қазан 2024 ж.

№ 78 газет

01 қазан 2024 ж.

№ 77 газет

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » «Құдайға ұқсайтын адам»

«Құдайға ұқсайтын адам»

Тақырып сізді елең еткізбеуі мүмкін емес. Белгілі журналист, күллі қазақ үшін аты да, соңында қалған игі ісі де аңызға айналған Бейсен Құранбек жайлы Санжар Керімбайдың құрастыруымен жарық көрген «Бейсен және болмыс» кітабындағы бір бөлім осылай аталған. Осыдан бірнеше жыл бұрын ойлы оқырманға жол тартқан құнды кітапты осы уақытқа дейін бірнеше мәрте қайтара оқып шығыппын.

Бір көргеннен, бір оқығаннан оқырманын жалықтырып яки қызығы қалмайтын туынды болады. Ал Бейсен Құранбектің өмірі мен өз естеліктерінен құрылған бұл кітап – кітап сөремдегі шаң басып үлгермейтін кітаптар қатарында.

Құнды кітаптың алғысөзі «Бұл кітапты не үшін жаз­дық?» деген тақырыпты арқау еткен. Пәлсапалық тұрғыда жауап табылған сұрақ «Бейсен Құранбектің ғибратты тағдырын баяндауды мақсат еттік» деген жауаппен түйінделеді. Кітапты оқып отырсаңыз, сондай бір жылылық лебі есіп, ойыңа тыныштық сыйлайды. Кей тұстарда Бейсен ағаның өзімен сырласып отырғандай күй кешесің. Бұл кітап тек қана естеліктерден өрілмеген, философиямен көмкерілмеген. Қос тарап қатар келіп, әдемі баяндаумен астасқан. Бірде ойландырып, бірде толғандырып, енді бірде естеліктеріне еріксіз езу тартқызады. «Кітап түрлі күйге бөлейтін жалықтырмас дос» деген сөзді осындай құнды еңбектерге қарата айтсақ, жарасады.

«Апамның сабақтары», «Бейсеннің сегіз қағидасы», «Болмыс және уәде», «Құдайға ұқсайтын адам» деген тақырыптарды арқау еткен әр тұшымды бөлігінен бір тәлім мен тәрбие алып, өмірге басқаша көзқараспен қарай бастайсың. Айта берсек, әдемі әңгіме, тәлімді мысал жетіп артылады. Оны біз жазғаннан гөрі, кітапты қолға алып, оқып шыққан абзал.

Бейсен аға уәдесіне берік адам болған. Бұл – көп адамның бойынан табыла бермейтін асыл қасиет. Ол біреуге берген уәдесін есінен шығып кетпеуін қатаң қадағалаған. Кісімен сыйласқан кезде де уәде беріктігін бірінші орынға қойған. Тіпті біреуге берген уәдесін арнайы парақшасына тіркеп жазып отыруды әдетке айналдырған. Ол туралы «Мен кімге уәде берсем, соны мезетте қағазға түртіп жүремін. Осы күнге дейін Бейсен болып жүргенім осы қағаздың арқасы. Осының ішінде бір уәдені орындамай қойшы, не болар екен? Ер жігіттің бағы осындайдан таяды. Уәдені «ауыздан шыққан жел сөз» деп қабылдауға болмайды. Мен уәдені көтергенде ол менің бағымды асқақтатады» дейді екен қасындағыларға. Автордың Бейсен Құранбекті «Құдайға ұқсайтын адам» деуі де кейіпкерінің бойындағы осындай асыл қасиеттеріне қарап айтылған.

«Әдетте кісі қайтқанда материалистер «Бұл пақырдың артына, бала-шағасына қалдырған қомақты дүниесі барма?» деп сұрайды. Діншілдер болса «Бұл өзі ораза ұстап, намаз оқыған ба?» деп уайымдайды. Терең кісілер «Бұл адам қысқа ғұмырында қаншалықты Құдайға ұқсауға тырысты?» деп ойланады. Бейсен жайлы да осылай ойлауға болады. Ол – барынша Құдайға ұқсауға тырысқан нағыз болмыстың иесі» деп қорытындылайды автор. Бұл тұста Бейсен Құранбектің Тәңірдің хақ жолынан, бұйрығынан таймай, әділетті, таза, турашыл адам болғандығын мең­зейді.

«Бейсен және болмыс» кітабының соңғы бетінде аға­ның өз қолымен жазған сөздері маржандай тізіліпті. Қойын дәптерінен үзінді. Құдды бір келешекке, соңынан ерген ұрпаққа өсиет етіп жазғандай. «Ар сақта! Намысты бол! Талаптан! Қарекет қыл! Тәуекел ет! Уәдеге берік бол! Мәрт бол! Ақылға сал! Қайратты бол! Жүрегіңді жылыт! Біліміңді көтер! Өнерді үйрен! Мінезді бол! Еңбек сүйгіш бол! Ата тегіңді біл! Ана тіліңді сүй! Адал мен арамды ажырат! Обалды ойла! Сауапты іс жаса! Салт-дәстүрді ұста! Өнер-мәдениетті игер! Ата тарихтан тәлім мен шабыт ал! Өзіңе, өзгелерге, айналаңа жақсылық жаса!» депті де, ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасын қойыпты. Бұл – түгел қазаққа арналған өсиет. Өрнектеліп келген осы бір қолтаңба әр шаңырақтың төрінде тұрса, әр қазақтың жадында жүрсе, нұр үстіне нұр құйылғандай болмақ.

Фото:Егемен Қазақстан

05 қазан 2024 ж. 44 0