«Заң мен тәртіп» қағидатына басымдық берілді
Жақында Сырдария ауданына Қызылорда облысы прокурорының бірінші орынбасары Исламбек Төлегенов арнайы іссапармен келді. Сапар барысында құрметті мейман «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Руханият орталығында» өткен жиында маңызды мәселеге тоқталды. Оған аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, аудан прокуроры Абай Әлімбаев, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Әділхан Қанзадаев, аудандық полиция бөлімінің ұжымы, мемлекеттік органдардың басшылары, әлеуметтік сала қызметкерлері және аудан бойынша пробация есебінде тұрған азаматтар қатысты.Жалпы мәжіліс азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында атқарылған профилактикалық іс-шараларды қорытындылап, алдағы жұмыстарды жоспарлауға арналды. Мәжілісті ашқан аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев жиында көтерілетін мәселелердің ауқымдылығына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және осы бағыттағы Президент тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша аудан көлемінде кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді Димаш Серікбайұлы.
Облыс прокурорының бірінші орынбасары Исламбек Тынарбайұлы профилактикалық жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жүйелі іс-шаралар туралы сөз қозғады. Әсіресе, алаяқтық, құмар ойындарға тәуелділік (лудомания), интернет арқылы жасалатын құқық бұзушылықтар сынды деректердің алдын алуда бірлескен жұмыс пен азаматтардың белсенділігі қажет екенін атап өтті.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Әділетті Қазақстанды құру жолында Президент тапсырмасына сәйкес «Заң мен тәртіп» қағидатын прокуратура органдары нәтижелі жүзеге асырып келе жатқанын атап өтті. Бұл қағидат құқықтық мемлекеттің берік іргетасы әрі азаматтардың қоғамдық және жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі алғышарты екенін айтты. Сонымен қатар осындай маңызды жұмыстарды іске асыру мақсатында ауданға арнайы келіп, мазмұнды кездесу өткізгені үшін облыс прокурорының бірінші орынбасарына аудан жұртшылығының атынан алғыс білдірді.
«Тт» ақпарат












