Цифрлық білім кеңістігіндегі кәсіби байланыс: облыстық вебинар тәжірибесі
2026 жылғы 27 наурызда №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей базасында «Цифрлық педагог: Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарын AI құралдары арқылы трансформациялау» тақырыбында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған облыстық вебинар ұйымдастырылды.Вебинардың мақсаты қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарын заманауи AI құралдары арқылы тиімді трансформациялау жолдарын көрсету, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру және оқу үдерісінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін қауіпсіз, әрі нәтижелі қолдану дағдыларын қалыптастыру болды.
Вебинар жұмысы Zoom платформасы арқылы ұйымдастырылып, облыстық оқу орталығының әдіскері А.Ахметова және аудандық білім бөлімінің әдіскері Қ.Қалжанованың үйлесімді бірлескен еңбегі нәтижесінде өткізіліп, қатысушылармен тиімді кері байланыс орнатты. Әдіскерлер вебинарды кезектесе жүргізіп, мазмұнның жүйелі берілуіне және тәжірибе алмасудың жандануына ерекше ықпал етті.
Семинар барысында №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі М.Алтынгазиева С. Мұратбековтің «Жусан иісі» повесін оқытудағы тиімді әдістерімен бөліссе, №37 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Г. Балтабаева С.Сарғасқаевтың «Тәмпіш қара» шығармасы негізінде (7-сынып) заманауи сабақ үлгісін ұсынды.
№132 Т.Айтбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі А.Абдрахманова «Қазақ тілі мұғалімінің жаңа рөлі: цифрлық дәуір және AI» тақырыбында өзекті шебер-сынып өткізсе, №42 мектеп-лицейдің мұғалімі Ұ.Бегежан «ТҰЛҒА LAB: Әдеби тұлғаларды зерттеудің инновациялық модельдері» тақырыбында тәжірибелік жұмыс ұсынды.
№35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. А. Сәркеева «Ас – адамның арқауы. Одағай сөздер» тақырыбында (7-сынып) тиімді әдіс-тәсілдерімен, №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі А.Серікбаева Ұ. Есдәулеттің «Қара пима» шығармасын (10-сынып) оқытудағы жаңашыл тәсілдерімен бөлісті.
Вебинар тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналып, цифрлық білім берудің жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Бұл бастама – педагогтердің кәсіби дамуына серпін беріп, білім беру мазмұнын жаңғыртуға бағытталған нақты қадам екені анық.










