Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Біздің түлектер

Біздің түлектер

Табалдырығы – төр, төрі – тұғырға айналған аудандық газет редакциясы – қарашаңырақ, киелі орда екенін әркез айта жүреміз. Ұлылардың ізі қалған, мықтылардың қолтаңбасы бар газет редакциясы талай майталман мамандарды тәрбиелеп, қияға қанат қаққызды.

Мен бүгін «Біздің түлектермен» мақтанып, марқайғым келіп отыр.
Жақында облыстағы «Өнер орталығында» кең көлемді іс-шара өтіп, аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Темірбекқызы Гаухар облыстың жоғары марапаты «Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен» марапатталған болатын. Сүйінші жаңалықты мезетінде аудандық газет бетінде жариялап, оқырманмен бөліскенімізді айта кету орынды. Гаухар Темірбекқызы алғашқы қызметтік жолын аудандық басылымнан бастаған. Қазіргі қызметіне дейін аудан әкімі аппаратында бас маман, бас инспектор, бөлім басшысы қызметін абыроймен атқарған. Бүгінде аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары қызметін жүйелі, тиянақты түрде үйлестіруде.



Сүйінші жаңалықтың бірегейі бірнеше күн бұрын киелі Қармақшы ауданынан келіп жетті. Қызметтік жолын аудандық газетте тілші ретінде бастап, қызметтік сатыдан өтіп, тарихы терең, беделі биік басылымның бас редакторы қызметін 2019-2024 жылдар аралығында атқарған Ақтөре Ибрагимұлы облыстық жазба ақындар мүшәйрасынан бас жүлдені қанжығалап, аудан абыройын асырды. Саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған ұлағатты ұстаз, тыл ардагері, ел анасы Ақбалыш Жалғасованы еске алуға арналған жазба ақындар мүшәйрасының қорытындысында сырдариялық ақын бас жүлде иегері атанып, қаржылай сыйлыққа ие болды. Ақтөре ағамыз қазіргі таңда «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы қызметін абыроймен атқаруда.



Жағымды жаңалықтар қатары күні кеше облыс орталығынан келіп жеткен ақжолтай хабармен толықты. Ердос Беркінбаев сонау Ақорда төрінен келген арнайы Алғысқа ие болды. Мемлекет басшысының атынан жолданған мерейлі марапатты облыс әкімі «Достық» үйінде өткен іс-шарада табыстады. Ердос Сәрсенбекұлының қаламы қарымды, өте сауатты журналист екені көпшілікке белгілі. Түрлі тақырыпта жазған мақала, әңгімелері өз кезегінде оқырман жүрегінен орын таба білді. Аудандық газет тілшісі, бас редактордың орынбасары қызметтерін тиянақты атқарған Ерекең қазір аудан әкімдігінің ұйымдастыру бөлімінің басшысы қызметін үйлестіріп жүр.

Аудандық газет редакциясы небір мықтыларды, текті тұлғаларды түлеткенін әркез мақтанышпен айтып отырамыз. Әріден бастап жазсақ, фб-парақшасы жетпей қалады. Сондықтан жас буын, соңғы бір апта көлемінде мерейді тасытқан марапаттарды жүйеледік.

Марапат биігінен көрінген ағай-апайларымды шын жүректен құттықтаймын! Мақтауды қажет етпейтін, тек мақтан тұтатын жандар деп білемін. Өмірде де, қызмет барысында да әркез қолдайтын жандарды шынайы құрметтеймін! Абыройлы түлектеріміздің ізгі жолдарын кейінгі буын, бізге, бұйыртсын деп тілек етеміз!

«Қуанышты бөліссең, көбейеді» деген. Жақсы жетістіктер жолы жалғассын! Тек жақсы жаңалықтың жаршысы болайық!

29 наурыз 2026 ж. 52 0