«Тіршілік тынысы» – жаңалық жаршысы
Бүгін, 26 наурызда ойлы оқырманға жол тартқанына тура 87 жыл толған Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің барша ұжымын басылымның айтулы белеске абыроймен жетуімен шын жүректен құттықтаймын! Ауданымыздың қоғамдық-саяси жаңалықтарының жаршысы болған «Тіршілік тынысы» газеті 1939 жылғы 26 наурыздан бері руханиятқа үздіксіз қызмет етіп келеді. Сонан бері басылым бетіне қаншама қаламгердің қолтаңбасы түсті, талай талантты түлетіп ұясынан ұшырды. Ұлт мақтанышы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» десе, көрнекті жазушы Әзілхан Нұршайықов «Газеттің ісі – бір күндік, сөзі – мың күндік» екенін елеп, екшеп берді. Бұл басылымға деген зор баға болса керек.
Жалпы, газет – сауаттылық пен эстетиканың жар¬шысы, жаңалықтарды жеткізуші құрал. Таным мен тәрбие де баспасөзде екені белгілі. Сондықтан көзі ашық, көкірегі ояу әр азамат газет-журнал оқуы тиіс. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әркез айтып, қоғамдық-саяси реформалардың мәні мен мазмұнын халыққа жеткізуде қаламгерлер қауымына үлкен жауапкершілік жүктелетініне баса назар аударып келеді.
Өзім әр жұмыс күннің басталуында республикалық, облыстық, аудандық газеттердегі ақпараттармен танысамын. Оның ішінде ең алдымен аудандық газеттегі жаңалықтарды оқимын. Аудандық газеттің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі А.Мұханбетқалимен ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыруда бірлесе жұмыс істеп келеміз. Мұнан бөлек қызметтік жиындар барысында және сапарларда әріптестерімнің, ардагерлердің жергілікті басылымды оқитынын аңғарамын. Бұл аудандық газетке деген тұрғындардың оң көзқарасын білдіреді.
Жаңалыққа жаны құмар Сырдария жұрты жоғары бағалайтын «Тіршілік тынысы» газетінің ұжымын басылымның айтулы белеске абыроймен жетуімен тағы да шын жүректен құттықтаймын. Ұжымға шығармашылық шабыт, толайым табыс, отбастарына құт-береке тілеймін!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ









