Ұлтты ұйыстырған ұлық мереке
Күнделікті қыруар тіршіліктің ауанымен жүрген қос қарт қора ішінде мал жайғап жүрген. Ең алдымен, көпті көрген қария Орынбай кемпіріне қарата сөзін бастады.– Биыл Самарқанның көк тасы кеш еритін секілді. Күн әлі жылынар емес. Бұрын осындай уақытта жер жыртып, бақшамызды дайындап жататын едік.
– Қыстың соңғы күндері кімге болсын ауыр соққаны мәлім. Мұндайда алыстағы ұл-қыздың жағдайын ойлайтынымыз рас.
– Ұл-қыз демекші, қыстан шыққан сүр еттен қазанға сал. Ертең балалар мерекеге келеді. Наурыз көже жаса, немерелер жақсы көреді. Ұлыстың ұлы күнінде басымызды бір қосып, жаңа жылға төрт көзіміз түгел қадам басайық.
– Отағасы, жаңа туған сиырды байла. Уызын алып, көже қайнатайын. Көктемнің алғашқы дәмі ғой.
– Солай жасайық онда. Келінімнің қалжасына бір қойды сойып, дайындай берейін.
Екеуара әңгіменің астарында қазақы ғұрыптың иісі аңқып тұрғандай. Көктемнің шуақты шуағымен бірге келетін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің ұлтымыз үшін орны бөлек. Бұл – тек табиғаттың жаңаруы ғана емес, адамдардың да рухани жаңғырып, бір-біріне ізгі ниет, ақжарма тілектер арнайтын ерекше кезеңі саналады.
Сан ғасырлық тарихы бар, терең мағыналы ұлттық мереке әз-Наурыз – жаңа жылдың бастауы, ырыс пен ынтымақтың, татулық пен тазалықтың нышаны.
«Жыл басы – Наурыз» деп ұғынған ата-бабамыз бұл күні өкпе-ренішті ұмытып, ағайын-туыс, көрші-қолаңмен көрісіп, бір-біріне амандық тілеген. Сондықтан жұртшылық Ұлыстың ұлы күнін жақсылықтың жаршысы санайды. Бұл мереке халқымыздың бірлігін бекемдеп, ұлттық болмысты айшықтайды. Рухты көтеріп, келер ұрпаққа өнеге болатын игі бастама.
Наурыз мерекесі – тек ойын-сауық емес, тәрбиелік мәні зор тағылымды күн. Бұл күні ұлттық ойындар ойналып, ән мен күй шырқалып, салт-дәстүрлер жаңғырады. Әсіресе, жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруде бұл мерекенің орны ерекше.
Ұлық мереке – өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір. Әрине, жаңа күннің бастауы – халық мәдениеті мен салт-дәстүрінің айнасы. Айтулы мерекені ұлықтау – әрбір азаматтың парызы.
Дастарқан жайнап, қазақы ұлттық тағамның сан түрлісі қойылған. Өз кезегінде Орынбай ақсақал әулеттің үлкені ретінде отбасы мүшелеріне арнап, ғибратты әңгімесін айтты.
– Бүгінгі Ұлыстың ұлы күні – бәрімізді бір шаңырақтың астына жинаған берекелі күн. Наурыз – жай ғана мереке емес, бұл – тіршіліктің жаңаруы, көңілдің тазаруы, жүректің жұмсаруы. Біз ата-бабамыздан қалған салтты жалғап, осы күні бір-бірімізбен көрісіп, өкпе-ренішті ұмытып, ақ дастарқан басында бас қосып отырмыз. Міне, осы – біздің ең үлкен байлығымыз. Бала-шаға, немере-шөберенің күлкісін есту – бұл да бір Алланың берген үлкен нығметі. Шаңырағымыздың шаттығы тарқамасын, берекеміз қашпасын!
Наурыз – жыл басы. Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, солай өтеді дейді. Сондықтан ниетіміз түзу, көңіліміз кең болсын. Бір-бірімізге тек жақсылық тілейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс-несібе келсін! Жастарымыз аман, үлкендеріміз ортамызда орда бұзардай болсын! Бірлік бар жерде – тірлік бар. Ынтымақ бар жерде – ырыс бар. Сол бірлігіміз ажырамасын, татулығымыз тарамасын, – деді ақсақал.
Иә, расында, көпті көрген ақсақал айтпақшы, ынтымағы жарасқан ел халқы Наурызды думандатып өткізуде. Ұлыстың ұлы күні Сырдария ауданында да әр күн сайын тойлануда.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










