Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Наурыз мейрамы несімен ерекше?

Наурыз мейрамы несімен ерекше?

Шуақты көктемнің алғашқы айы наурыз – халқымыз үшін мерекелі, берекелі ай. Еліміз көктемнің алғашқы күнінде Алғыс айту мерекесін тойласа, 8 наурызда әйел-аналарға сый-құрмет көрсетеміз. Қыстан шығып, көңілі көлдей шалқыған көшпелі жұрттың тұрмысында ерекше орын алатын ұлттық мейрам – жыл басы Наурыз да осы айда аталып өтіледі.

Наурызды тойлау, мерекенің көктем күнімен қатар келуі де бекерден бекер емес. Адам баласы жылды қыс және жаз деп екіге бөледі. Қазақтар қыс пен жазды жақсылық пен жамандықтың, зұлымдық пен ізгіліктің, қайырымдылық пен қатігез­діктің, суық пен жылының күресі деп ұқ­қан. Және де табиғаттың жаңарып, жасаратын шағымен қатар келген наурыз айында күн мен түн теңеледі. Қытымыр қыстың сақылдаған сары аязы өтіп, ел арқасы, жер аяғы кеңіп, жадыраған жаз­дың басы басталады. Елдің оңтүсті­гін­де бұл мерекені көк ала торғай Нәурі­зек­тің ұшып келуімен байланыстыра той­лаған. Бұл құс жыл келгенінен хабар береді деген түсінік бар.

Ұлыстың ұлы күнінде жасалатын әдет-­ғұ­рыптардың ұрпаққа берер тәр­бие­сі мен тағылымы мол. Күн жылынып, табиғат жаңарған сәтпен қатар келе­­тін шуақты мерекені түркі тілдес халық­­тар ерекше ынтамен күтіп, жоғары көңіл-күй­мен тойлайды. Асыл дінімізбен үйлес­кен ұлттық мерекеміз адамзат баласын бауыр­малдық пен татулыққа, мейір­бан­дық пен достыққа үндейді. Дәл осы мей­рам қарсаңында ұмыт болып бара жатқан дәстүрлеріміз жаңғырып, ұлттық тағам­дарымыз кеңінен дәріптеледі.

Түрлі дән мен дақылдардан жасаған наурыз көже – мерекенің нақышын келті­ретін негізгі нышан. Жеті түрлі дән, жеті түрлі дәм қосып пісірілетін көженің құра­мы мен үлкен қазанға пісірілуі, оны көп­ші­лікпен бөліп ішу мен үйді-үйге таратып берудің де өзіндік тарихы, терең тағы­лымы бар.

Сондай-ақ ұлттық ойындар ойналып, үлкендер жағы Наурыздың батасын бе­ріп жатады. Жасқа жақсылық тілеу – жаса­мыстың міндеті болса, табиғат жаңар­ған уақытта бата беру де қайырлы іс. Үлкен­дер жағы жастарға бағыттап «Көсегең көгерсін», «Жасың ұзақ болсын», «Қата­рыңның алды бол» деген бата мен тілек айтады.

«Бір тал кессең, он тал ек» деген ма­қал қазақы тіршіліктің қағидасына ай­нал­ған. Үлкеннен үлгі болып, ұрпаққа жал­ғасқан өнегелі дағдылардың бірі – ата мен баланың ағаш отырғызуы. Наурызда орын алатын ағаш егудің де мәні ерекше екенін айта кеткеніміз жөн. «Қиямет боларын біліп тұрсаң да, қолыңдағы бір түп ағашты отырғызып қал» деген хадистің ма­ғынасы тереңде.

Замана желі терісінен соғып, хал­қы­мыз тегі мен теңдігінен қоса айырылып қалғандай тар кезеңдерді бастан кешкені тарих беттерінен аян. Сол негізде Наурыз мерекесі соңғы рет 1926 жылы тойланып, 1988 жылға дейін таным салты тарихтың тар қапасына таңылып қалған еді. Биыл еліміздің төл мерекесі – Наурыз мейрамын үздіксіз тойлап келе жатқанымызға 34 жыл толды. Яғни 1988 жылдан Алматы қаласында, еліміздің көптеген аудандарында Наурыз халықаралық мейрам ретінде тойлана бастаған. Ал 1991 жылы бұл мейрам халықтық мереке ретінде мемлекеттік мәртебе алды. Содан бері ұлық мерекеміз респуб­лика ха­лық­тарының достығы мен бауырлас­тығын нығайту жолында өзіндік ерекше символикалық мәнге ие болды.

Наурыз – ер түрік бабаларының ежел­ден қалыптасқан жаңа жыл мен жаңа күнінің бастауы. Атаулы мереке қанымызға жақын, жанымызға туыс, қазақы қалпымыз бен асқақ рухымызды қауыштыратын қайырлы той. Күн мен түн теңеліп, тіршілік біткен шат­тық­қа кенелетін, ұлы даланың тұс-тұсын­да ұлан-асыр тойға ұласатын мейрам ықылым заманнан ырысымыз бен ынты­ма­ғымыздың ұйытқысы саналады. Ендеше, босағамыздан берекемізді арттырып аттаған жыл әрдайым игілікті істерге баспалдақ бола бергей. Ұлыс оң болып, жыл жақсылығымен келсін!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
22 наурыз 2022 ж. 1 231 0