Жаңару мен жаңғыру мерекесі
Халқымыздың ең ұлық мерекесі саналатын әз-Наруыз шуағын шашып елге жетті. Айналасын береке мен бірлікке бөлеген жылдың басы – Азия елдері арасында ең ежелгі мейрам саналады. Наурыз сөзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағына береді. Жыл басы, жаңа күн ретінде қазақ халқы да наурызды қарсы алу үшін дайындық жасаған. Ең алдымен тазалыққа мән беріп, қыс бойы жиналған күл-қоқыстан үй-ауласын тазалап, бұлақтың көзін ашқан. Алғашқы тал-теректер отырғызылып, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген дәстүрмен жас шыбықтар отырғызған. Мұндай салт-дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, Ұлыстың ұлы күнін тойлау ағаш отырғызудан басталуы бекерден бекер емес.
Қайта жанданған Наурыз
Ұлтымыздың сан ғасырлар бойы атап өтіп келе жатқан Наурыз мерекесінің шығу тарихы жайлы жазушылар түрлі еңбек жазды. Ел аузындағы аңыздар да бұл ежелден келе жатқан мереке екенін дәлелдейді. Біздің елге Наурыз мерекесі ұзақ жылғы үзілістен соң 1990 жылдан бастап қайта келді. Елімізде соңғы рет Наурыз мейрамы 1926 жылы аталған екен. Елбасы Н.Назарбаевтың 1991 жылғы 15 наурыздағы Жарлығымен Наурыздың 22-і – халықтық мереке «Наурыз мейрамы» болып жарияланды. Міне, содан бері 30 жыл бойы қазақ елі Ұлыстың ұлы күнін халықтық мереке ретінде кең көлемде тойлайды.
Жалпы түркі тілдес халықтар тойлайтын мерекенің әртүрлі атауы бар. Мысалы, тәжіктер «Гүл гардон», «Бәйшешек», «Гүлнаурыз», татар халқы «Нардуган», гректер «Патрих», хорезмдіктер «Наусарджи деп атаса, Наурыздың Невруз, Навруз, Новруз байрам деген атауы да бар. Бирма елі «Су мейрамы», чуваштар «Норис ояхе», буряттар «Сагаан сара» деп атап кеткен. Жалпы Наурыз атауынның мән-мағынасы бір арнаға тоғысып, жаңа күнді қарсы алумен байланысады.
Күн мен түн теңесетін мезгіл
Ұзақ та қытымыр қыстың ызғарлы күні кетіп, ел-жұрттың көктемнің шуақты күніне шаттанатын уақыты – наурыз айы. Ежелгі жыл санағы бойынша 22 наурыз күні күн мен түн теңеседі. Жылғалардан су ағып, жер тоңынан ажырайды. Алғашқы бәйшешек те гүлдеп, жан-жануар төлдеп, жәндік атаулыға жан бітеді. Осы күнді халқымыз жаңа жылдың бастауы деп біліп, «Армысың, әз-Наурыз!» деген ақ тілекпен жаңа күнді қарсы алады. Қыстан аман-есен шыққан адамдар бір-бірімен қауышып, «Ақ мол болсын», «Жаңа жасың құтты болсын» деп мерекелік көңіл-күй кешеді. Жалпыхалықтық мереке ретінде сән-салтанатпен аталып өтілетін Наурыз мерекесі бар жақсылықтың бастауы ретінде ерекше аталып өтіледі.
Наурызда жасалатын жоралғылар
Елімізде 30 жылдан астам уақыттан бері аталып келетін Наурыз мерекесі соңғы екі жылдан бері елдегі пандемияға байланысты ауқымын шектеді. Бұл сақтық шаралары негізінде қабылданған шешім. Дегенмен, ұлттық мейрамның мән-мағынасын, маңызын кеңінен насихаттауда барлық іс-шаралар жалғасын тауып, ел-жұрт мерекеде жасалатын салт-дәстүрді жаңғыртып келеді. Жаңадан отау құруға ниетті жастардың басын қосып, ізгі дәстүр жалғасады.
Мейрам күні туған-туыс бір-біріне жоралғы ретінде сыйлық беруді де ұмытпайды. Адамдар сыйлық беру арқылы көңілге қуаныш сыйлап, ара-қатынасты одан сайын нағайта түседі. Жастардың арасында жасалатын ғұрыптың бірі де сыйлық берумен байланысты. Мысалы, қыз бен жігіт өз сезімдерін білдіру үшін «селтеткізер» мен «ұйқыашар» тарту етіп, сүйіспеншілікке бөленеді.
Ұлттық спорт – мерекенін сәні
Үлкен алаңда қатар-қатар киіз үй тігіліп, алтыбақан орнатылып, ұлттық киім киген қазыналы қариялар мен қыз-жігіттер мерекенің сәнін кіргізеді. Алтыбақанда тербелген жастар ән айтып, би билейді. Ұлттық спорттың сан түрі мерекеде қыза түседі. Боз кілемде палуандар күш сынаса, арқан тартуда топтасқан спортшылар жеңімпазын анықтайды. Ат құлағында ойнайтын шабандоздар бәйгеге түссе, білекті жігіттер аттың үстінде аударыспақ ойнайды. «Теңге ілу» мен «Қыз қуу» ойынында бақ сынайтындар табылып, ел-жұртқа керемет көңіл күй сыйлайды. Бозбалалар арасында асық атып, ләңгі тебетіндер де ұлттық спорттың жаңғыруына үлесін қосады. Мереке құрметіне сый-сияпатқа кенеледі.
Наурыз көже – дәстүрлі тағам
Наурыз мерекесінде әрбір отбасында наурыз көже дайындалады. Құрамы жеті түрлі дәмнен тұратын көже дастарханның басты тағамы саналады. Оның құрамында сүрленген ет пен ағарғанның және дәнді дақылдардың болуы міндетті саналады. Қыстан қалған сүр ет пен қазы астың ерекше дәмін келтіреді.
– Наурыз көжені жасауды анамыздан үйрендік. Өзіміз келіп болып келген жерімізде жыл сайын қазанды толтырып, көже пісіреміз. Ауыл-аймақты шақырып, дастарқанға ас молынан қойылады. Тоқшылық болсын деген ырыммен сол күні наурыз көжені тойып ішуге тырысамыз. Қазір жасым сексенге келді. Бұл дәстүрді келіндерім жалғастырады. Көженің дәмді болуы үшін сүр ет салып қайнатамыз. Үлкен қазанға дайындалатын астың құрамында міндетті түрде ағарған болады. Күріш, арпа, мейіз, жүгері секілді дәнді дақылдарды саламыз. Май мен су міндетті түрде болады. Таңертең ертелетіп ас дайындауға кірісетін келіндерім дастархан жайып, отбасындағы татулықты, бірлікті сақтауға күш салады. «Абысын тату болса, ас көп деген» осындайда көрінеді. Сондықтан ұлттық тағамның дәмі де бар ынта-ықыласпен дайындалғандықтан ерекше болады. Наурыз мерекесі баршаңызға құт-береке әкелсін, – дейді ақ жаулықта ана Қапура Мүслімова.
Мейірім мен ынтымақтың бастауы
Шуағын шашып, күн нұрын төккен шақта жер бетіне бар жақсылығымен келетін Наурыз – жаңарудың, берекелі ынтымақтың, мейірімділіктің бастауы. Жарықтың ұзаратын, ақтың молаятын, тіршіліктің жанданатын мерейлі мерекеде жер бетінде бейбітшілік заман орнайды. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қайда барсақ жол болсын, ұлы халқым тоқ болсын, қайғы уайымы жоқ болсын, қуаныштары көп болсын!» деген үлкендердің бата-тілегі қабыл болсын!
Бибісара ЖАНӘЛІ