Ырыс-несібе мол болсын!
Жер жүзіне өзінің қуанышымен, бақ-берекесімен Ұлыстың Ұлы күні әз-Наурыз келіп жетті. Көктемнің жаршысы, Жаңа жылдың бастауы болған бұл күнді барша сырдариялықтар да ерекше атап өтті.
Ел-халқымыз таңалакеуімнен бастап орталық алаңға ағылып, құрақ ұша бір-бірін құттықтап жатты. «Қос тойың қабат болсын» дегендей, осыдан бір апта бұрын елде өткен саяси науқан да ауданда жоғары деңгейде аяқталып, тұрғындар Ұлыстың Ұлы күнін шат-шадыман күймен қарсы алды.
Ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрлер жаңғырып, спортшылармыз күш сынасты. Алаңға тігілген ақшаңқан киіз үйлердің алдында той-думан болды. Мұның барлығы – халқымыздың ауызбірлігінің, жарасымды ынтымағының арқасы. Арқа-жарқа болған аудан тұрғындары мен қонақтары қасиетті еліміздің, туған жеріміздің көркем тірлігінің куәсі болды.
Ел-жұртымызды керемет қуанышқа бөлеген әз-Наурызда қазан толы ас әзірленіп, наурыз көже таратылды. «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» дегендей, Жер-Анадан ырыздығын теретін диқан қауымның несібесі мол болсын! Наурыз күні үлкендеріміздің берген батасы мен ақ тілегі қабыл болсын! Әрбір отбасында молшылық, тоқшылық болып, уайым-қайғы жоқ болсын!
Марат ЕСПЕНБЕТОВ,
аудандық қоғамдық кеңес төрағасы