КІСІНІ ҒАЙБАТТАУДАН АБАЙ БОЛАЙЫҚ
Кезінде үлкен ғалымдардың бірі болған Хасан Басри өзін ғайбаттаған кісіге бір табақ құрма жіберіп, «Сауаптылығыңды маған беріп, оның орнына күнәларымды мойныңа алғаның үшін рахмет», – деп алғысын айтқан екен. Ендеше, ғайбат – қасықтап жинағаныңызды шөміштеп төгетін абыройсыз амал. Осыны меңзеген ақын Серік Қалиев «Инелік – иман» деп аталатын өлеңінде:
Өзгенің қорықпаймын өсегінен,
Біреу мені «бүлдіргі» десе, күлем.
Бәлкім барып қалармын жәннатқа да,
Ғайбаты көп жандардың есебінен, – деп жырлапты.
Шынында да қазіргі қоғамда адамдар бірінің сыртынан бірі ғайбат сөз айтып, аққа күйе жағуға құмар болып барады. Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа дегендей біреудің жақсы киініп, қымбат көлік мінгенін, зәулім үй салғанын көре алмаймыз. Сосын отырып алып өсек айтамыз «өйткен де бүйткен» деп. Ал, сол айтқанымыз зор күнә екенін білмейміз.
Біреудің мінін көргенше,
Жамандығын тергенше,
Өз ойыңды мазалап.
Өз бойыңды тазалап,
Өзіңмен алыс, өлгенше, – дейді Шәкәрім. Демек, әр адам біреуге сын айтпас бұрын өз мінін жөндеуге ұмтылуы керек.
Абай атамыздың:
Бір жерде бірге жүрмесең басың қосып,
Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.
Біріңді бірің ғизат-құрмет тұтып,
Тұрғандай бейне боп жаның шошып, – деген сөздерінің астарына үңілсеңіз әрбір адам бір-бірін құрметтеуі керек екенін аңғарамыз. Әрбір сөзімізді «апыр-ай», мына кісінің көңіліне келіп қалмас па екен» – деп жұрттың көңіліне қарағаннан бақытсыз болғанды көрмедік. Мейлі, ол кісі ата-анаң болсын, мейлі өз ұстазың немесе досың болсын. Адамның көңіліне қарап сөйлеу әбестік емес.
Сүрінгенін сүйеп, жығылғанын демеп, жылағанын жұбататын бір-бірімізге нағыз жанашыр болу қаншалықты сауапты болса, кісіні ғайбаттамау да соншалықты сауап жазылатын ізгі амал. Сондықтан өсек, жел сөзден ада, өзгеге қамқор, жанашыр, мейірімді жандар көп болсын деп тілейік.
С.СҰЛТАНҚЫЗЫ