Нұран Қожа ұрпақтарынан үзік сыр
Сырдан саға алып, Қыр мен Сырдың шектесетін жиегімен жағалай ағатын Қараөзек дариясының екі қапталы қалың қазаққа кезінде арқа тұтар пана әрі құтты қоныс болған екен. Осы киелі өңір мыңдаған ұрпақты түлеткен құт мекен.Бүгінгі Асқар Тоқмағанбетов ауылының арқа тұсына қарай 25-30 шақырымдай қашықтықтағы Қараөзек дариясының екі қапталына қарақойлы, жаппас, табын, найман, ошақты руларының халқы қанаттаса орын тепкен екен. Бүгінде осы елдің халқынан өрбіген ұрпақтары бір ананың баласындай осы күні Асқар Тоқмағанбетов ауылында өсіп-өркендеп отырған іргелі ел.
Оңтүстігінде «Он ділдә» жармасы, арқа тұсында «Зор төбе» аралығына қарақойлы руының халқы орын тепкен. Бүгінде ескі қоныс орында алыстан менмұндалап «Нұран Қожа» мешіт-медресесі көрінеді.
Осы елді мекенде Қоқан бектеріне қарсы тұрып, ел мүддесін қорғаған Шөңірек батыр, қазақтың ақиық ақыны Асқар Тоқмағанбетов өмірге келген. Сырдың екінші Мұратбаевы болған қоғам қайраткері Нұрмағанбет Мұратбаевпен Басқынбай байдың немересі заңгер Әділет министрі Бегайдар Жүсіпов те дүниеге келгенін біреу білсе, біреу білмес еді.
Заманында осы аттары аталған азаматтардың бірінің замандасы, бірінің әкесі мен жақындары ел ағалары Басқынбай, Тоқмағанбет би осы өңірдің өздері тақылеттес ел ағаларымен бірге көктемгі жайлауға шығар алдында Түркістан шаһарындағы өтетін үлкен бас қосуға барады екен. Осы іс-шарада үлкен сауда-саттықпен қатар білімді жастардың білім жарыстыру сайысымен қатар діни қызметкерде Түркістан қазыреті алдында білім денгейіне қарай қол беріп, лауазымын көтеру мәселелеріде атқарылыпты.
Білімпаз жастардың білімімен талантына қарай ауқаттылар білім деңгейіне қарай ауылдарына имандыққа не болмаса діни жоғары оқу орынына білімін көтеруіне қаражатын көтеріп оқытуға демеушілік көрсетеді екен. Алғашында бұл сайыс тек қожа балалары үшін болса, кейіннен қара халық балаларына да осы мүмкіндік беріліпті.
Осындай мүмкіндік бүгінгі Аманкелді елді-мекенінің 1850 жылы дүниеге келген Шұбар атты Мәлімсейіт ұрпағы Еменсейітұлы Нұранда әкесіне еріп барғанда Қараөзек бойынан келген бір бай Басқынбай, бірі би Тоқмағанбет назарына ілінсе керек. Нұранның білім деңгейін көтеруіне өздері мүмкіндік жасап Көкілташ медресесіне оқытуға демеушілік жасаған. Оқу орынын тәмәмдаған соң елдеріне имамдық қызметке алып кететіні әрі келгенше мешіт-медресе үйін салып қоюға пәтуаласса керек.
Нұран осылай сол оқу орынын ойдағыдай аяқтап Қараөзек бойына келгенде келісім бойынша ел қыстауларының ортасынан бүгінгі таңға жетіп отырған мешіт-медресесін қам кесекпен тұрғызып қойған екен. Бүгінгі таңда қабырғаларының төрттен бір бөлігі жетіп отыр. Шамамен биіктігі үш метр болғанға ұқсайды. Мүмкін негізгі биіктігі сәл биіктеу болуы да ғажап емес. Қабырға қалыңдығы бір жарым кесекпен өрілген. Қабырға ені 45 см-ді құрайды.
Мешіт-медресенің жалпы сыртқы өлшемі 19,28х13,3 көлемі шамасында. Құлаған қабырғаларының ізімен есептегенде бес бөлмелі болғанға ұқсайды. Оңтүстікке қараған қос бетінде бірнеше терезе орындары болған секілді. Батыс құбыла беткейіндегі бөлме қабырғасының ортасында жоғарғы жағы күмбездене ойық орналасқан.
Ол – намаз оқыған кезде құбыла бағытын алу ретінде, бүкіл мешіт-медресеге тән кездесетін орын. Оның өлшемі 1,88х1,10 шаршы шамасында. Ортаңғы кең бөлме ортасында осы құрылысқа пайдаланған бір-екі ерлік ағаштары жатыр. Мешіт-медресе үйі жауын-шашыннан әбден бүлінген. Кезінде құрылысты сол кезеңдегі өз ісінің шебер ұсталарына жүргізген секілді.
Себебі құрылыстың жоғары жағын, өрік ағаштан төменгі жағын кесектерді өрнектеп орналастыруы әлі көзге түседі. Қабырғаның өру түзулігінде мін жоқ. Осы мешіт-медресе ғимараты ел қыстауларының дәл ортасына түскені көрініп тұр. Бұлай деуге оңтүстік батыс бетінде сол кезеңнің қыстау үйлерінің бүгінде үйінді төбешіктен ағаш түбірлері әлі бар. Арна тұсында Нұранға кезінде Көкілташқа білім алуына демеушілікпен осы елге келуіне ықпал етуші Басқынбайдың қыстауы да осы мешіт-медресе деңгейінде.
Ал күнгей бетінде Басқынбайдың мүдделес өзіне қамқор болған жанның бірі Тоқмағанбет күмбезі тұр. Бұл күмбезді ұлы Асқар өзінің көзі тірісінде әкесіне салып беріп кеткен екен. Нұран қожаны тірлікте халқы қаумалай құрмет көрсетсе, мешіт-медресесін осылай айнала қоршай ортаға алып тұр. Шығыс жағында Нұранды тірлігінде пір тұтып, «О дүниеде сенімен біргеміз!» дегендей, сол заман адамдарының мүрделері жатыр.
Нұран осында үйлі-жайлы болып өмірге Тілеміс, Сағындық, Жәлімбет, Раманкүл атты балаларын келтіреді. Дегенмен бұл кісі ұзақ ғұмыр кеше алмапты. Бұл дүниеде небәрі қырық бес жасында ауыр дертті болып, 1895 жылдары дерті асқынып, жағдайы қиындай бастағанда ел ағалары келіп «Қожеке, өмір болған соң, әлде қандай күн болса, не істейміз, қаладан имам шақырамыз ба?» десе керек. Сонда Қожекең:
«Бұл жөнінде қиналмай-ақ қойыңдар. Мен бұл өмірден өткен соң кебіндеп мүрдемді құбылаға қарата дайындап қойыңыздар. Намаздайтын кісі өзі сол сәске тұсында келіп қалар, дайын болыңыздар» депті. Ол кездің дариясы арнасынан аса тасып, «Он ділдә» жармасы да арнасынан асатындай толып толқындала ағып жатқан кез екен. Қожекең өзі жобалағандай, көп ұзамай үзілген.
Аманатын айтқандай орындап, сәске де болып қалады, халық енді не болар екен деп абыржулы күйде тұрғанда қайдан, қалай келгені белгісіз, өткел бермей тұрған өзектің арғы бетіне қара жорға мінген өзінің де түсі қара кісі пайда болып, тоқтамастан бергі бетке қиналмай өтіп келіпті.
Келе сала «ағайындар, дәретім бар бойымда, рұқсат болса, намаздайық» деп, намазды шығарған екен. Барлық тірлік орындалып, халық дастарқан басына жиналған сәтте әлгі кісі өзін таныстырған.
«Мен, Қара қожа деген боламын, Қармақшылықпын, хабар маған бүгін таң намазын оқып бола жетті. Міне Қожекеңді соңғы сапарға шығарып салуға үлгердім» деп өзін таныстырыпты.
Ишан өмірден өткенін мешіт-медресе жұмысын кенже ұлы Раманқұл жүргізеді. Раманқұл (Аманкелді) еліндегі Қожжан қожаның қызы Жаңылға үйленген. Жаңыл Раманқұлдан Әбдірамат пен Әбдіәлиді дүниеге әкеледі. Раманқұлда әкесі секілді ұзақ өмір сүре алмай, 1906 жылы дүниеден өтеді. Қазақ өз жетімін өзге босағаға жібермеген. Жесір қалған жас әйелді не қайнағасы, болмаса қайнысына қосып отырған. Осы жолмен Жаңылды Жәлімбеттің ұлы Уәли қайнысына қосқан. Жаңыл Уәлиден 1910 жылы Әбдікәрімді, 1916 жылы Күләшті туады.
Сол кезеңнің салтымен әмеңгерлік жолмен үйленген жігітке міндетті түрде жас қызды тоқалдыққа алып беру болған. Осы жолмен бүгінде есімі белгісіз Тоқмағанбет бидің бір қызын Уәлиге қосады. Одан 1912 жылы Әбдіқадыр атты бала дүниеге келеді. Осылай өмір ағысымен өтіп жатқанда, ала-құйындай алдындағысын бәрін жапыра қырып елге Кеңес билігі келеді. Әсіресе Кеңес билігінің 1928 жылғы саясаты бұл өңір халқын есеңгіретіп, ірі байлармен ишан-молдалармен оның ұрпақтарын ұстағанын ұстап түрмеге тоғытса, қашып үлгергендері басы ауған жаққа ала қашты.
Солар секілді Нұран қожа ұрпақтары да осы жайды бастан кешеді. Алғашында Тілемістің Жансейіті елде қалса, Раманқұлмен Уәли балалары нағашы жұрты Аманкелдіге келіп жетеді. Жастай атастырып қойған Күләшті заман алда қалай болады деп қайын жұртына тапсырып сонымен бірге денсаулығы нашарлаған Жаңыл шешелерін де осында қалдырады. Әбдіәлимен Әбдікәрім екеуі бой тасалай Жаңақорған одан әрі Түркістан, Отырар, Шәуілдір асып, тұрақтай алмай Түрксібке қара жұмысқа жегіліп жұмыс жасайды.
Бұл кезде Әбдіқадірді нағашысы Асқар Тоқмағанбетов Ташкентке өзімен бірге алып кетіп өзі тәрбиелеп жатқан еді. Осы Түрксіб – темір жол құрылысында 1939 жылға дейін қара жұмыста әбден арып-ашып қиналған екеуі елдегі қарындасы Күләшті сағалайды. Ол кезде «Ленин» колхозы болып тұрған кез. Әбдіәли 1940 жылы бүгінгі Сәкен Сейфуллин ауылындағы Күлімқұл қожаның қызы Бибіқатшаға үйленеді.
Күләш қарындасының көмегімен ел болып кетеді. Бүгінде Әбдіәлиұлы Айтмұхан Раманқұлмен Әбдіәлидің атын өшірмей ұрпақ жалғастығын жалғауда. Осылай уақыт өтіп жатқанда нағашысының тәрбиесінде болған көзі ашық, оң-солын таныған Әбдіқадір елдегі ағаларына келіп, Әбдікәрім ағасының жағдайына қарап, осы елден қыз іздеп Нұрымбет қожаның қызы Ақанға құда түседі. Ақанды ағасына қосып жүрген кезінде өкпесіне салқын тигізіп алған. Сол сырқаты асқынып, Әбдіқадір де артына ұрпақ қалдыра алмай өмірден өтеді.
Нұрымбеттің қызы Ақанмен Әбдікәрім бауырынан 9 ұрпақ дүниеге келіп, бүгінде өріс жаюда. Өзгелер бас сауғалай елден безгенде елде қалған Тілемісұлы Жансейіт осы елдегі Қарақойлы Төлектің қызы Тансықпен бас қосып Әбжаппар, Камал, Әбілда атты ұрпақ сүйеді.
Елдегі қуғын «молда» ұрпағы деген желеумен бұл әулетке де бұл елде қалу мүмкін болмай, ақыры 1930 жылы елден кетіп Ташкент асады.
Ташкенттегі бір жанашырын сағалап барып, сонда аман-есен тіршілік етіп жүргенде, бір күні сол кісісі түнде жұмыстан келе жатқанда қаскөйлер қолынан қаза табады. Ол заманда сенетін адамың болмаса, қай жер болсын өмір сүру қиын еді. Амалсыз 1940 жылы елге қайтуға бел байлап, елге оралады.
Елге келген соң келер жылы соғыс басталып, үш ұлы да соғысқа аттанады. 1943 жылы Камал Витевске қаласы маңында қаза тауып, Әбжаппар мен Әбілдасы елге аман-есен оралады. Бүгінде Әбжаппардан жеті ұрпақ, Әбілдадан сегіз ұрпақ дүниеге келіп, еліміздің түкпір-түкпірінде ұрпақ жайып, өсіп-өнуде.
Кезіндегі Кеңестік заман Нұран қожаның ұрпақтарын тарыдай жан-жаққа шашқан билік кетті. Еліміз тәуелсіздікке жеткен бүгінгі таңда, сол шашыраған ұрпақтарының ұрпақтары, кімнің ұрпағы екенін халыққа таныту мақсатында аталары өмірге келген өңірмен, баба дәріс берген мешіт-медресе алдына белгітас орнатып перзенттік парызын өтеген.
Текті атаның ұрпағы осылай тектілігін көрсетуде.
Жәнібек МАХАНБЕТ,
өлкетанушы










