Дүңгіршектен сауда орталығына дейінгі жол
Тереңөзектегі «Серікбол» сауда үйі орталығының иесі Мәдина Әуесханқызы мен оның отбасы жөнінде жазуды көптен бері ойлап жүр едім. Бүгінде келместің кемесіне мініп кете барған Хайролла ағамыз осыдан бірнеше жыл бұрын қайта жаңғырған сауда үйінің ашылуына қатысқан сәтінде: «Бұл ғимараттың көптен күткен егесі келді», – деп Мәкеңе өз батасын да, бағасын да беріп кеткен еді.Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізге келген нарық заңы біраз адамды тығырыққа тіреді. Күнкөріс қамымен талай адам екі қолға бір күрек іздеп кетті. Кеңес үкіметі кезінде «саудагер» деген атқа үрке қарағанымыз жасырын емес. Кейін заман өзгеріп, ол атау «кәсіпкер» ретінде өзгеріп, төрге шыққаны рас. Жас мемлекеттің тайқазанында ақша болмай, айлықты алты айлап кешіктірген заманда отбасының қамымен механизатор Сәбит пен балабақша тәрбиешісі Мәдина алғашқыда Байқоңырға қаптап картоп сатып, тоқылдақ пойызымен екі ортаны жол етті.
Ташкенттен велосипедтің құрал-сайманын алып келіп, оны құрастырып, қаланың жайма базарында тұрды. Қолың қимылдаса, аузың қимылдайтынын білген жас отбасы балаларын ата-анасына тастап, сауданың қызық та қиын жолына түсті. Сауданың пайда түсетін көптеген жолын іздеді. Бірде пойызда бір жігіт кәдімгі шарикті ручканың пастасын екі есе арзанға сатып жүр екен. Сыр тартып көрсе, ол паста Кеңес үкіметі бойынша тек қырғыз елінің Фрунзе қаласында жасалады екен. Не керек, сол қалаға барып, зауыттың жұмысшыларға айлыққа берген пастасын сатып алып, дүкендерге таратып, сауда жасаған күндер болған.
Ешкім мән бермейтін малдың сирағын үй жағалап жүріп жинап, қаладағы бірнеше мейрамханаға өткізген сәттер ерлі-зайыптылардың нағыз естен кетпес күндері болатын. Кейіннен өз үйінің жанынан дүңгіршек ашты. Саудалары жүрмей, кепілдікке қойған үйі біреудің қолына өткен өкінішті кезеңді де екеуі бастан өткізді. Сонау 1992 жылдан басталған кәсіп бірден дөңгеленіп кеткен жоқ. Жолында тұрған талай кедергі болды. «Сәл жетістігімізді көре алмай, аяқтан шалу, үнемі артымыздан ерген атылған оқпен тең келетін өсек-аян, тіл мен сөзге төтеп беру оңай емес. Саудада садақтай иілсең де, тез түзеле алмайсың», – дейді Мәдина Омарова. Сол жылдардан бері ол алты мәрте сауда нүктесін жаңалапты.
Тереңөзек кентінде шамамен жүзден астам дүкен ашылып, олардың қызмет жасау ұзақтығы әртүрлі болғаны көз алдымызда. Көбісінің саудасы жүрмей жабылып қалғанына не дейсіз? – деген сауалыма Мәдина ұтымды жауап берді.
– Қанша жыл осы кәсіпте жүріп ұққаным – бірінші кезекте адалдық пен мейірімділік қатар жүргенде ғана жолың ашық болады. Жылдар өте тәжірибе жинаған отбасымның бірлігінің арқасында кәсібіміз өрге жылжи бастады. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» менің отбасым қиындықта қатар тұрып, тиянақты қызмет жасап келеді. Біріншіден, кәсіп жасаған адам заңға сүйенгені дұрыс. Сосын ел алдында ашық, таза, адал болу керек. Елді алдап, бүгін жасаған пайдалы саудаң ертең ондаған есе зиянмен қайтып келетініне көзім жетті. Ел қазір сауатты, адал сауда қайда екенін үнемі қадағалап, біліп отырады. Күнде құбылып жатқан бағаға, халыққа ұсынатын заттардың сапасы мен сұранысына талдау, яғни мониторинг жасалып отыруы тиіс. Кімде-кім күлімсірей алмайтын болса, ол адам сауда-саттықпен айналыспауы тиіс. Сатушыны алушы ұнатқан кезде сауда жүреді. Саудада «сабыр», «шүкір» деп, қанағат тұтқан жан ұтады, – дейді Мәдина Омарова.
Сауда саласының майталманы өз тәжірибесімен бөлісуі мүмкін жас кәсіпкерлерге зор пайдасын тигізері сөзсіз. «Серікбол» сауда үйінің иелері әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға, мешітке, аудандағы атаулы іс-шараларға тұрақты түрде демеушілік жасап, сауапты іске мұрындық болып жүргенін біреу білсе, біреу білмейді. «Бір Алланың өзі біледі» дейтін олар жасаған сауапты тіршіліктерін жария етуге өздері қарсы екен.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары салынып, қызмет жасап келе жатқан бұл «Серікбол» сауда орталығы алғашқыда «Универмаг» дүкені болатын. Кейін қолдан-қолға өтіп, ақырында Сәбит пен Мәдинаның қолына тұрақтады. Бір қызығы, ауданымызға белгілі құрылысшы Қожамұрат ағаның айтуы бойынша, ғимараттың алғашқы кірпішін қалап, құрылысына қатысқан осы отбасының атасы – Ұлы Отан соғысының ардагері, дүкен ұстаған ұста Әуезхан Омарұлы екен. Алланың шеберлігіне қалай таң қалмайсың?! Ардақты азаматтың қолы тиген ғимарат балаларына бұйырып тұр.
Ұлдары Серікбол мен Еркіннен тараған алты немеренің қызығын көріп отырған Сәбит пен Мәдина кәсіптерін кеңейтіп, тәтті тағам өнімдерін шығаруды да қолға алып жатқандығы белгілі болды. Бас-аяғы жиырмаға жуық отбасы осы сауда орнынан күнделікті нәпақасын тауып отыр. «Кәсіп қылған – нәсіп табар» деп дана қазақ айтқандай, еңбекті еміп, елге адал қызмет жасап жүрген осындай отбасыларды төрге оздырған дұрыс.
Марат ОМАРОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі












