Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі «Serikbol» сауда орталығының жұмысын жоғары бағалады

Облыс әкімі «Serikbol» сауда орталығының жұмысын жоғары бағалады

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сырдария ауданына жасаған жұмыс сапары аясында жеке кәсіпкер Мәдина Омарованың «Серікбол» сауда үйінің жұмысымен танысты.

Тойхана ретінде ашылған бизнес нысанының қызметі пандемия кезеңінің талаптарына сай өткен жылы сауда үйі болып өзгертілді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының субсидиялау тетігі бойынша «Айналым қаражатын толықтыру» жобасына 40 млн. теңге несие алған кәсіпкер індетке қарамастан кәсібін тоқтатпай, жерлестерін де жұмыспен қамтып отыр.

Облыс әкімі сауда үйін аралап, өзгеріске жол ашқан кәсіпкердің қадамына сәттілік тілеп, мұндай сауда үйінің ашылғаны аудан халқы үшін маңызды екенін тілге тиек етті.

– Мемлекет кәсіпкерлік саласын дамытуға, кәсіпкерлерді қолдауға ынталы. Себебі жеке кәсіпкерлік дамыса, жаңа жұмыс орындары ашылады. Ал халық жұмыспен қамтылса, жұмыссыздық деңгейі төмендеп, саяси тұрақтылық болады. Сондықтан аудан орталығынан осындай жаңа, кең, таза дүкеннің ашылғанына қуаныштымыз. Кәсіптеріңізге береке берсін, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі сауда нысанын аралау барысында дүкен иелерімен сөйлесіп, тілектестігін білдіріп, халыққа жасап жатқан қолдауы үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ арзан әрі қолжетімді бағада қажетті заттарын сатып алып жатқан тұрғындармен де пікірлесті. Өз кезегінде дүкен иелері халыққа қажетті заттар қолжетімді, арзан бағада саудаланатынын айтып, ауданның кәсіпкерлік саласын дамытуға үлес қоса беретіндерін жеткізді.

Айта кетейік, кәсіпкерлік саласында жиырма жылдан бері жемісті еңбек етіп, халық сұранысын қамтамасыз етіп келе жатқан Сәбит Жұбан мен Мәдина Омарова жеке кәсібін кеңейтіп, бұрынғы «Универмаг» дүкенінің ғимаратынан жаңадан сауда орталығын ашқан болатын. Бұл аудан халқы мен қонақтары үшін өте орынды әрі құптарлық шешім болды.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
22 қаңтар 2022 ж. 549 0