Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жедел әрекет – аман қалған баспана

Жедел әрекет – аман қалған баспана

– Алло, мені тыңдап тұрсыз ба?
– Иә, өрт сөндіру бөлімі.
– Көлігіміз өртеніп, үйімізге қарай от жалын шарпып барады. Шұғыл түрде келесіздер ме?

Осындай дабылмен қоңырау өрт сөндіру бөліміне келіп түскен. Шаған ауылындағы белгілі бір тұрғылықты мекенжайға бағыт алған өрт сөндіру мамандары дереу жолға шықты. Бригаданы заматында дайындап, оқиға орнына аттанған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Айдос Оспан жедел әрекет етуге көшті.

Таңғы сағат 06:54 шамасында оқиға орнына жеткен сала мамандары ең алдымен жергілікті тұрғынның баспанасын аман алып қалуға күш салды. АЦ-5-40 КамАЗ М/б 069 TG/11 ӨСА автокөлігі мен арнайы құрал-жабдықтар жұмылдырылды. 10х10 көлемді үйдің кіреберіс бөлігін өрт шарпып, басқа бөлмелерге зақым келе бастаған. Дер кезінде төтеншеліктер кәсіби тұрғыда әрекет етіп, жалынның өршуіне жол бермеді. Үйді өрттен аман алып қалғаннан кейін автокөлікті толықтай өшірді.

– Өрт қауіпсіздігі саласындағы мамандардың кәсіби шеберлігі мен батылдығын тағы бір мәрте дәлелденді деп айтуға болады. Төтенше жағдай кезінде өрт сөндірушілер жедел әрекет етіп, тілсіз жаудың өршуіне жол бермей, тұрғын үйді аман алып қалды. Бұл – олардың жоғары дайындық деңгейі мен өз қызметіне деген адалдығының айқын көрінісі. Әріптестеріміздің батыл әрі шұғыл қимылының нәтижесінде тұрғын үй толықтай сақталып, үлкен шығынның алдын алуға мүмкіндік туды. Бұл – өрт сөндіру қызметінің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенінің дәлелі. Осы ретте барлық өрт сөндіру қызметінің мамандарына ризашылығымды білдіремін. Олар күн сайын қауіп-қатерге қарамастан халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін қызмет етіп келеді. Сонымен қатар тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз. Себебі кез келген төтенше жағдайдың алдын алу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бірлескен сақтық пен жауапкершілік арқылы ғана қауіпсіз қоғам қалыптастыра аламыз, – деді азаматтық қорғау капитаны Айдос Оспан.

Жалынды өртті сөндіру кезінде кәсіби мамандарға қосымша көмек қажет болған жоқ. 4 тонна су мен 108 литр көбік ерітіндісін пайдалана отырып, айналаны толықтай өрттен залалсыздандырды. Қазіргі таңда өрт салдарынан орын алған шығын көлемі анықталуда. Төтеншеліктер өрттің шығу себебін анықтап, қауіпсіздік шараларын күшейтуге баса мән беріп отыр. Бір үйлі жанның аман қалуына себепкер болған олардың еңбегі ерен.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
17 наурыз 2026 ж. 82 0