Қауіпті болдырмаудың жолы – алдын алу

Сала мамандары аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясы мекемесінде өрт тактикалық сабағын өткізді. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі жеке құрамының кәсіби қызметін арттыруға бағытталған іс шара барысында азаматтық қорғау органы қызметкерлері редакция ұжымына түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
– «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, егер де өртену жағдайы орын ала қалса, ең алдымен қорықпай, саспай, өрт сөндіру бөліміне қоңырау шалу керек. Және болған жағдайды дұрыс баяндау маңызды. Сондай-ақ өрттің шығу ошағын, яғни электр тоғын автомат құрылғыдан түбегейлі өшіру керек және мекемедегі адамдарды түгелдей сыртқа шығару маңызды. Себебі улы түтін адам ағзасын зақымдап, ұзақ қалған жағдайда өлімге апаруы мүмкін. Бүгінгі өрт тактикалық сабағының мақсаты да осы. Бір жағынан жеке құрамның кәсіби қызметін жетілдіру болса, екіншіден жергілікті мекеме қызметкерлеріне өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң ескерту болып табылады, – деді Сырдария ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің №12 Өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау капитаны Айдос Оспан.
Сабақ жоспары бойынша ғимараттың бір бөлмесінде өрт оқиғасы орын алғандай жұмыс жүргізілді. Жеке құрамның мекемеге кіруі, жедел әрекет ету, құрал-жабдықты дұрыс пайдалануы, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау шаралары назарға алынды. Өртті барлау барысында газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны көрінбейтін кезде ғимараттағы қызметкерін эвакуациялауға бағытталған жедел іс-қимылдар жүргізді, кейін дереу өрт ошағын сөндіру бойынша іс-қимылдарға кірісті. Нөлдік көріністі жасау үшін газ-түтіннен қорғау қызметінің панорамалық маскалары ақ қағазбен жабылды.
Осылайша, өрт-тактикалық сабақтар өрт кезінде нақты жағдайға барынша қатысты өткізілді. Өз кезегінде аудандық газеттің бас редакторы сала мамандарына алғыс білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ