ШАҒАНДА ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІ АШЫЛДЫ

Кеше Шаған ауылдық округінде «Мемлекеттік өрт сөндіру қызметтері жоқ елді мекендерінде кезең-кезеңмен өрт сөндіру бекеттерін құрудың 2018-2020 жылдарға арналған іс-шара жоспарына» сәйкес, «Шаған-Жер» ЖШС және Шаған ауылдық округі әкімдігі арасындағы меморандум жасалып, өрт сөндіруге бейімделген тіркемелі техниканы пайдаланатын өрт сөндіру бекеті ашылды. Өрт сөндіру бекетін ашуға аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Р.Беркімбаев және аудандық №12 өрт сөндіру бөлімінің бастығы А.Рахмет, ауыл әкімі Ұ Әбдіраманова қатысты.
Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары сөз сөйлеп, өрт сөндіру бекетінің іске қосылуы болуы мүмкін өрт оқиғаларының жедел түрде ауыздықталуына мүмкіндік беретінін, ауылда өрт бола қалған жағдайда дер кезінде белсенді әрекет етуді ұйымдастыру керектігін тілге тиек етті. Алдағы уақытта аталған өрт сөндіру бекетін Аманкелді ауылында ашуды жоспарлап отырғандығын атап өтті. «Шаған-Жер» ЖШС тарапынан өрт сөндірушілерге барынша көмек көрсетілетінін жеткізді. Осы ретте шаруашылықтың бас механигі Е.Пірәлі осы күні өрт сөндіру кезінде пайдаланылатын техниканың жасақталғанын, қай кезде де тиісті мекемемен бірлесе жұмыс жасау керектігін айтты. Өз кезегінде Р.Беркімбаев пен А.Рахмет елді мекендегі өрт сөндіру бекетіндегі ерікті азаматтарды қайта даярлаудан өткізіп, арнайы оқу-жаттығуда барлық жұмыс жасау көзі үйретілетінін атап көрсетті. Ауыл әкімі Ұ.Әбдіраманова бес мыңға жуық халқы бар ауылда арнайы өрт сөндіру бекетінің ашылуына ықпал еткен жандарға ризашылығын білдірді.
Б.ОРДАБЕКОВ