Отбасыны оттан қорғады

Түн мезгілінде көпшілікті әбігерге салған төтенше жағдай Тереңөзек кентіндегі Ғани Мұратбаев көшесінде орын алған еді. Сала мамандары барлау жүргізіп, үйдің төбе жабыны отқа оранғанын анықтайды. Оқиға салдарынан тұрғын үйдің екі бөлмесіне зақым келген. Өз кезегінде өрт сөндіру қызметкерлері өрттің толықтай үйді шарпуына жол бермей, ширақ қимылдады. Қырағы қызметте табандылық танытқан сала мамандарына кент тұрғыны Мэлс Баков өз алғысын жеткізді.
– «Өрт нақ қызғанда, су тапқызбайды» деген қазақта мақал бар. Шырт ұйқыда жатқанымызда үйімізден өрт шыға бастағанын байқаған болатынбыз. Отбасымызбен абдырап қалдық. Өрт сөндіру мамандары уақытында келіп, қызыл жалынды ауыздықтады. Төтеннен келген жағдайға барлық жағынан дайын болуымыз керек екен. Кәсіби мамандар басымызға қиындық туған кезде жанымыздан табылды. Әрдайым қырағылықпен қызмет ететін олардың еңбегі ерен. Әрине, материалдық шығынның орны толады. Бірақ жақындарымызды жоғалтып алудан Алла Тағала сақтады. Тілсіз жаумен күресте нағыз өз ісінің мамандары асқан кәсібилік танытты. Сала мамандарына отбасымыздың атынан ерекше алғысымызды айтамыз! Айтулы мереке қарсаңында зор ризашылығымызды білдіреміз, – дейді кент тұрғыны.
Айта кетейік, өрт сөндіру барысында 7 қызметкер, 2 камаз автокөлігі жұмылдырылған.
Балтабай Аябекұлы