Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӘРБИЕ МЕН ТАҒЫЛЫМНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

ТӘРБИЕ МЕН ТАҒЫЛЫМНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ


Жастар – елдің болашағы. Студенттерді оқыту және тәрбиелеу өзара тығыз байланыста. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алып жатқан сырдариялық жастар көп. Олар қоғамдық, мәдени іс-шараларға белсене қатысады. Өнер байқауларының жоғары деңгейде өтуіне өз үлестерін қосып келеді.
Қазіргі таңда адамзат баласын толғандырып отырған ең өзекті мәселе жас ұрпақ тәрбиесі болып табылады. Өйткені, кез-келген ұлт ертеңгі күнге деген сеніммен өмір сүреді. Егер ұлттың келешегі кемел болмаса, ұлттық салт дәстүрлері мен рухани мұраларын ұрпақтан ұрпаққа жалғастырушы ізбасары болмаса, оның болашағы тұманды. Осыны терең болжаған кемеңгер Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісін тұрақты назарда ұстап келеді.
«Еліміздің болашағы – жас ұрпақтың қолында, жас ұрпақтың тағдыры –ұстаздардың қолында» деген қағиданы ұстанатын Ұлт Көшбасшысы жас ұрпақты тәрбиелеу бағытында ұстаздардан әлемдік стандарттарға сай нәтиже талап етіп отыр. Міне, сондықтан да әрбір білім мекемесінің басты мұраты қоғам талабына сай өз бетінше лайықты өмір сүруге және еңбек етуге қабілетті жеке тұлға тәрбиелеу болып саналады.
Негізінен, біздің университетте студент жастарды тәрбиелеудің негізгі нәтижесі ретінде жобалау әдісі қолға алынған. Қазіргі уақытта ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.М.Мұтановтың бас­тамасымен «100 кітап», «Айналаңды нұрландыр», «Салауатты өмір салты», «ҚазҰУ-Гринкампус» және тағы басқа да инновациялық жобалар жүзеге асырылуда. Осы жобалар аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі арнасы студенттердің азаматтық ұстанымының, мәдени құндылықтарының, білімге деген құлшыныстарының қалыптасуына дұрыс бағдар ұстауына жағдай жасау болып табылады. Бұл білімнің салтанат құруына басты негіз.
Жалпы, жастардың бойына адамгершілік, имандылық, еңбекқорлық, адалдық, жауапкершілік, парасаттылық секілді құндылықтарды сіңіру баршамыздың міндетіміз. Осы ретте «Айналаңды нұрландыр» жобасы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Тарих, археология және этнология» факультетінің профессор оқытушылары мен 1-2 курс студенттері жақында сенбілікке шықты. Сенбілікте факультет деканы Меңдігүл Ноғайбаева бастаған профессор оқытушылар мен студенттер университет қалашығының айналасын тазалау жұмыстарын жүргізді. Осылайша, тазалыққа өз үлестерін қосты. Еңбекке араласып, өзгелерге үлгі көрсетті.
Ғұлама ғалым әл-Фараби «Адамға ең алдымен білім емес тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім адамның дұшпаны» деген болатын. Ендеше, тәрбиені қоғам мен жеке тұлғаның қатынасын қамтамасыз ететін басты жүйе десек жарасады. Оның негізгі өлшемі өмірге қажетті тұлғаның игі қасиеттерін дамыту болып табылады. Бұл ретте, белсенді жастар барынша сапалы білім алып, еліміздің дамуына үлес қосуды мақсат ету керек.

Гүлнар Қозғамбаева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Тарих, археология және этнология» факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты
Еңлік Аманулла,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті
27 қараша 2017 ж. 2 395 0