Мемлекеттік қызметте шыңдалған
Ләззат Қозыбаева – мемлекеттік қызмет саласында 27 жылдан бері абыройлы еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда ол аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің сектор меңгерушісі қызметінде. Өз қызметіне деген адалдығының, жауапкершілігінің арқасында әріптестері арасында құрметке ие.Сол кездегі аудандағы №36 А.Жданов атныдағы орта мектебінің түлегі Ләззат Исабекқызы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеттен «Экономист-менеджер» мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолын аудан әкімі аппаратында бастап, әр жылдары аудандық экономика және бюджетті жоспарлау, қаржы бөлімінде бас маман ретінде қызметте шыңдалады. Ауданның кәсіпкерлік саласының жұмысына жетекшілік етіп, бөлім басшылығына дейін көтеріледі. Кәсіби білікті маманның айтуынша мемлекеттік қызметкер ең бастысы қызметіне деген жауапкершілікті терең сезініп, билік пен халық арасында байланыстырушы буын екенін ұғынуы тиіс.
– Көп дүние мемлекеттік қызметкердің біліктілігіне, жылдам ой қорытып, қандай да мәселенің шешу жауапкершілігін мойнына ала білу дағдысын меңгергеніне байланысты. Барлық мемлекеттік қызметші өзге мамандықпен салыстырғанда мейлінше жоғары лауазым. Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға айрықша көңіл бөлінуде. Мемлекеттік қызметкер болу – зор құрмет, ол халық пен мемлекет арасындағы алтын көпір қызметін атқарып тұрғандай. Бұл өте жауапты да қиын және қызықты қызметті абыроймен атқару – міндетім, – дейді мемлекеттік қызметкер.
Тәжірибелі маман ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік саясатының іске асырылуына жауапты. Сондай-ақ бөлшек сауда саласындағы нысаналы индикаторлар бойынша жұмыстарды ұйымдастырады, ай сайын талдау жүргізеді. Негізгі міндетінің қатарында мемлекеттік және өңірлік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізеді. Әсіресе, несие және грант алуға кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсетуде, сүйемелдеу осы күнде қарқынды жүргізілуде. Мұнан басқа мониторинг жасау, талдау жұмысын жүргізу сектор меңгерушісі ретіндегі жауапты қызметі.
Мемлекеттік қызметте тәжірибе жинауда Ләззат Исабекқызы аға ұрпақ өкілі, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан өзі секілді әйел-аналар Б.Өтегенова, М.Жүсіпбекова, Ә.Мырзахметова, Б.Сүюбаеваның еңбегін ерекше атайды.
– Мемлекеттік қызметте қатар жүріп, ауданның қаржы-экономикалық, ішкі саясат саласын дамытуда абыроймен қызмет атқарған аға-апаларымды құрмет тұтамын. Олардың жүріп өткен жолы бізге үлгі-өнеге. Мереке қарсаңында апайларға зор денсаулық, ұзақ өмір тілеймін, – дейді мерекелік көңіл-күймен Ләззат Исабекқызы.
Әрине, ауданның ортақ абыройы үшін мемлекеттік қызметте мінсіз болу екінің қолынан келе бермейді. Табандылық пен қажыр-қайрат ең қажетті қасиеттің бірі. Әсіресе, қызмет пен отбасын қатар алып жүру әйел адамы үшін қиын болғанымен, ардақты жан өмірлік тәжірибесіне арқа сүйейді. Бұл ретте отбасының тірегі Серік Пірімбетов жұбайына әркез қолдау білдіріп, демеу болуда. Ата-ана ретінде үш перзентті өсіріп, оларға жақсы тәрбие беруде Ләззат Исабекқызының анасынан алған тәлімі, ықпалы зор. Үржамал Үсейінова ауданда санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында жетекші маман болып ұзақ жыл қызмет атқарған мемлекеттік қызметтің ардақты ардагері. Анасының ізгі жолын абыроймен жалғастырып жүрген Ләззат Исабекқызына мерейлі мерекеде қызметіңізде абыройлы болыңыз деп ізгі тілегімізді білдіреміз.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ










