Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Білікті қаржыгер

Білікті қаржыгер

15 қараша – «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға сәйкес ұлттық валюта – теңге күні және еліміздің қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып бекітілген. Осы ретте аудандық экономика және қаржы бөлімінде еңбек етіп келе жатқан салада 20 адамнан құралған мамандар болса, оның ішінде қаржы саласында 8 мемлекеттік қызметкер жұмыс жасайды.

Бөлімде 22 жылдан бері келе жатқан Гүлназ Жансұлтанова – нағыз білікті маман. Алғашқы еңбек жолын 2003 жылы «Сырдария аудандық қаржы бөлімі» мемле­кеттік меке­месінде бюджеттің атқары­луын және оған бақылау бөлімінің маман-есепшісі болып бастады. Бөлім­нің есепшісі болып, 2007 жылы әкімшілік қызметке конкурстық негізде қабылданып, осы бөлімнің бас маман-бас есепшісі қызметін атқарады. Бөлімнің бас маман қызметін он жыл атқарып, 2020 жылдан қазіргі уақытқа дейін сектор меңгерушісі болып еңбек етіп келеді.

Бөлімдегі негізгі функциясы – бюджет түсімдері мен шығыстарының орындалуын қамтасыз ету. Сол мақсатта қадағалау, бақылау және мониторинг­теу жұмыстарын жүргізіп отыру Гүлназ Мылтықбайқызына жүктелген. Алға­шында бөлімнің есепшісі болып жұмыс жасаған ол қазіргі таңда аудан көлеміндегі есептерді қалып­тас­тырып, ұсынып отырады. Ме­ке­­мелердің бухгалтерлік және қар­жылық есептіліктерін қабылдап, жинақтап және шоғырландыруды аса жауапкершілікпен, мұқияттылықпен қада­ғалайды.

– Оқуымды бітірісімен жұмыс іздей бастадым. Әртүрлі жерден әңгі­мелесуден өттім. Негізгі мақсатым мем­лекеттік қызметке кіру еді. Об­лыстық қаржы басқармасы конкурс өткізетіндігін жариялап, мен қатысып көрдім. Әңгімелесуден өттім. Басқарманың жолдауымен ең алғаш еңбек жолымды осы ауданның қаржы бөлімі­нен бастадым. Алғашында маман болып келдім. Ұжымда көбі ер кісілер болды. Сол кісілерден көп нәрсені үйреніп, теорияда оқыған білімімді практикада ұштастыра бастадым. Бала кездегі арманым мықты маман әсіресе мемлекеттік қызметші болу еді. Оған себепкер менің аға-әпкем болды. Ағам Сәндібай Жансұлтанов мемлекеттік қызмет жолында аянбай тер төгіп, еңбексүйгіштігінің арқа­сында бізге үлгі бола білді. Әпкем Роза Жансұлтанова – қаржы саласының нағыз маманы. Мемлекеттің ақшасын дер кезінде жинап, тиімді пайдаланып, аудан экономикасының дамуына жұмыс жасау керектігін әлі де айтып келеді. Қашанда алдыма келген жұмысты тиянақты, сапалы орындауға, аса жауапкершілікпен атқаруға тырысамын. Мемлекеттік қыз­мет өте ауыр, уақытқа бағынбайды деп білемін. Аудандық қаржы және экономика бөлімінде талай жыл еңбек етіп, қаржы саласының майталманы болған ағаларымыз, бірнеше жылдан бері қызметтес болған мамандар жетерлік. Айта кететін болсам басшымыз Ерлан Ахетов, бөлімнің орынбасары Ғалымжан Әкбаров, мен алғаш жұмысқа орналасқан уақыттан бірге келе жатқан әріптесім, қазір бөлімнің сектор меңгерушісі Иранбек Мақаш. Қаржы саласының қаншалықты маңызды екенін айтпаса да түсінікті, – дейді сектор меңгерушісі Гүлназ Мылтықбайқызы.

Бала күнгі арманды мақсат тұтқан Гүлназ Жансұлтанова мектеп бітіргеннен кейін Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда мемлекеттік уни­верситетін бухгалтерлік есеп және аудит біліктілігімен экономист-бухгалтер мамандығын игереді. Бойжеткен өмірлік жолдасы Бағдат Жармаханды жолықтырып, үлкен өмірге аяқ басады. Қазіргі таңда елге үлгі бола білетін отбасы көпбалалы ана, ұл мен қызды өсіріп, керегесін кеңейтіп, шаңырағын шаттыққа бөлеп отырған жандардың бірі.

Аудан экономикасына сүбелі үлес қосып, жауапкершілікті алып, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп отырған Гүлназ Мылтықбайқызын мерейлі мерекесімен құттықтаймыз!

Ақтоты Өтепбергенова

15 қараша 2025 ж. 64 0