Жас мемлекеттік қызметкер

Мемлекеттік қызметті таңдау – қоғам мен мемлекетке адал қызмет етуге дайын, жоғары моральдық және кәсіби қасиеттерге ие азаматтар үшін маңызды қадам. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкер елдің дамуы мен қоғамның әл-ауқатын арттыру жолында маңызды рөл атқарады.
Сырдариялық Мейірхан Ишанбек мемлекеттік қызметті таңдау арқылы елдің жарқын болашағына үлес қосамын деп санайды. Ол – Аманкелді ауылдық округі әкімі аппаратында жетекші маман. Мемлекеттік қызметкер ретінде туған халқының алдында айрықша жауапкершілікті арқалап, сапалы қызмет көрсетуде.
Туған жерінің өсіп-өркендеуіне қызмет етуді мақсатым деп білетін Мейірхан Ғабитұлы – өзі туып өскен Аманкелді ауылындағы №42 Қ.Баймағамбетов атындағы мектептің түлегі. Мектеп бітіргеннен кейін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін «Өсімдік қорғау және карантин» мамандығы бойынша қызыл дипломмен аяқтаған Мейірхан ауыл шаруашылығы бакалавры дәрежесін меңгереді. Жас маман екінші жоғары білім алу мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін құқықтану мамандығы бойынша оқиды. Білімге құштар жас маман алғашқы еңбек жолын Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында «Жастар тәжірибесінен» бастайды. Алты ай тәжірибеден өткен жас маман Аманкелді ауылдық округі әкімінің аппаратында әдіскер болып қызметке келіп, 2023 жылдан бері ауыл әкімдігінде жетекші маман ретінде туған елді өркендетуге атсалысып, қызмет етуде.
Жан-жақты, ізденімпаз маман мемлекеттік қызметтен бөлек аудандағы №11 округтік сайлау комиссиясының төрағасы ретінде саяси науқанның дұрыс өтуіне атсалысады. Қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүретін мемлекеттік қызметкер «Жалын» еріктілер штабының мүшесі және Аманкелді ауылдық «Жастар еңбек бригадасының» мүшесі. Мейірхан Ғабитұлы өнерден де құр алақан емес. Ол өткен жылы мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырылған дәстүрлі өнер сайысында «Өнерлі мемлекеттік қызметші» номинациясын жеңіп алып, мерейі үстем болды. Сонымен қатар саламатты өмір салтын насихаттап, спортты серік еткен Мейірхан мемлекеттік қызметшілер арасында өткізілген спартакиадада және аудандық, облыстық және республикалық жарыстарда суда жүзу спорт түрінен туған жердің намысын қорғап жүр. Мемлекеттік қызметтегі адал еңбегі үшін облыс, аудан әкімінің Алғыс хатын алған.
Жауапты әрі абыройлы жол – мемлекеттік қызметті таңдаған Мейірхан Ғабитұлы бұл таңдауды жасауға бірнеше себебі болғанын айтады.
– Ең алдымен – елге қызмет ету. Мемлекеттік қызметкерлер халықтың әл-ауқатын арттыруға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы елдің дамуына үлес қосады. Сол арқылы қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуіне ықпал етеді. Екіншіден, тұрақты жұмыс орны дер едім. Яғни мемлекеттік қызметте тұрақты жалақы, әлеуметтік кепілдіктер және еңбек заңнамасына сәйкес құқықтардың сақталуы қамтамасыз етіледі. Бұл қызметкерге сенімділік пен болашаққа деген тұрақтылық сезімін береді. Кәсіби даму мүмкіндіктері бар. Мемлекеттік қызметте қызметкердің біліктілігін арттыру, тәжірибе жинақтау және мансаптық өсу мүмкіндіктері қарастырылған. Әртүрлі оқу бағдарламалары мен семинарлар арқылы өз саласында кәсіби маман болуға жағдай жасалады, – дейді мемлекеттік қызметкер.
Мемлекеттік қызметкердің пікірінше, мамандық таңдау кезінде әртүрлі факторлар әсер етеді. Оның ішінде, материалдық жағдай, қызығушылық, қоғамға пайда келтіру ниеті және тағы басқа. Мемлекеттік қызметті таңдағанда, азаматтар өз құндылықтары мен мақсаттарын ескеруі маңызды.
Мейірхан Ғабитұлы ата-анасынан қарапайымдылықты, адалдықты, адамгершілікті бойына сіңірген, бауырларына қамқор азамат. Оның ұстанымына айналған – қоғамға қызмет етудің жоғары жауапкершілігін сезіну, мемлекеттік қызметтің құндылығын түсіну, әрдайым жаңашылдыққа ұмтылу қасиеті шын мәнінде көпке үлгі.
Бибісара ЖАНӘЛІ