Маңызды саланың білікті маманы
Мереке қарсаңында аудан экономикасының дамуы мен халық тұрмысын ілгері жылжыту жолында жүйелі жұмыс жасап жүрген Иранбек Жармағанбетұлымен тілдестік. Алғашқыда газетке жариялауға қарсылығын білдірген маманның өз ісінің нағыз шебері әрі өте қарапайым жан екені байқалып тұрды. Оны ұжымдастарының «мақтанып, көпшілікке көрінгенді жақтырмайды», «өте білікті маман» деген пікірлерінен аңғардық.
15 қараша – Тәуелсіздігіміздің тағы бір айғағы болған төл теңгеміздің айналымға енген күні. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы қаржы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Елбасының Жарлығымен 1997 жылы бері тойланып келе жатырған мереке биыл жиырма төртінші рет аталып өтілуде. Ал қаржы-экономика жүйесінің құрылғанына 100 жыл толып отыр. Ел егемендігінің 30 жылдығымен қатар ғасырлық белеске шыққан сала мамандарының еңбегі орасан. Өйткені, қоғам мен халық тұрмысына тікелей ықпал ететін жоспарлау, есеп-қисап жұмыстары үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Осы ретте, аудан экономикасының өркендеуі мен өсуіне өзіндік үлес қосып жүрген Иранбек Жармағанбетұлын кент тұрғындары жақсы біледі. Ол 1977 жылы дүниеге келіп, орта білімді аудан орталығындағы ірі білім ошақтарының бірі №36 мектепте алған. Жастайынан есеп-қисап пен математика ғылымына жаны жақын болған азамат осы салада жоғары білім алуды құп көреді. Жаңа ғасырдың басында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін «Экономист-қаржыгер» мамандығы бойынша оқып бітіріп, білікті маман болып шығады. «Туған жерге Туың тік», «Ер – туған жеріне» деген ата жолын ұстанған Иранбек еңбек жолын ауданнан бастаған. Алғашқыда аудандық қаржы бөлімінің жетекші маманы болып біраз тәжірибе жинаған. Кейін аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің маманы ретінде аталған саладағы қызметін жалғастырады. Әр іске үлкен жауапкершілікпен, ыждаһаттылықпен қарайтын Иранбек Жармағанбетұлы 2006 жылдан бастап осы бөлімнің бас маманы болса, өзінің ерен еңбек, маңдай терімен 2009 жылдан бастап жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді. Артық мақтан, көпсөзділікті жаны сүймейтін, өз саласын жетік меңгерген азамат бірқалыпты қалпынан танбай, ұжымдағы жас мамандарға да ұдайы қолдау көрсетіп отырады. Мемлекеттік қызмет этикасын қатаң сақтап, әр істе үздік шығатын маман еңбекке араласқан 18 жыл ішінде жеті басшымен тіл табысып, тиянақты жұмыс жүргізе алғанын айтады.
Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Е.Ахетов білікті маман туралы өз пікірін білдірді:
– Иранбек аудандық қаржы бөлімінде жетекші маман қызметінен аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі қызметіне дейін көтерілді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі мақсаттарын іске асыру және мемлекеттік жоспарлаудың тиімді және біртұтас жүйесін қалыптастыру үшін экономикалық және бюджеттік жоспарлау саласында қызметтер атқарып келеді. Бүгінгі күнге дейін өз қызметін ел экономикасының өркендеуіне бағыттап, бөлім қызметінің алға басуына аянбай еңбек етуде. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Иранбек – аудандағы ең білікті, білімді экономист маман, оны барлығы мойындайды, – деді Ерлан Дәуітбекұлы.
– Қаржы, экономика саласы қазіргі нарықтық кезеңде үлкен үлеске ие. Олай болатыны түсінікті де. Әрине, аудан экономикасын дамытып, халыққа пайдамызды тигізу – азаматтық парызымыз. Бірден үлкен нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Еңбек пен тәжірибенің арқасында жұмысты ұтымды үйлестіре алуды үйрендік. Осы салада Бақытбек Шәудіров, Мырзағали Оразаев, Ғалымжан Акбаровтан үйренгенім көп, – дейді Иранбек Жармағанбетұлы.
Еңбегі басшылық тараптан еленіп, облыс әкімінің арнайы марапаттарына ие болған И.Мақаш – ұжымдастарының арасында абыройлы, сыйлы азамат. 2011 жылы «Қаржы саласының 90 жылдығына» арналған арнайы төсбелгімен марапатталып, 2020 жылы облыс әкімінің «Алғыс хатына» ие болды. Иранбек Жармағанбетұлы күні кеше ҚР Ұлттық экономика министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталып, мереке қарсаңында мерейі арта түсті.
– Былтыр облыстық басқармаға бардым. «Сырдария ауданынан келдім» дегенім сол еді, олар «Иранбекпен бірге жұмыс жасайсыз ба? Ол өте білімді маман ғой» деп мақтай жөнелді. Ұжымда ерекше сый мен беделге ие болған ағайымызды облыстағы басшылар да мақтағанына марқайып келгенім есімде. Ағаймен бірге облыстық басқармаға іссапармен барғанымызда да «Біздің Иранбек» деп құрмет көрсеткендерін көріп, мәртебеміз еселенгені бар, – дейді экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы Ұ.Мұхамбетқалиқызы.
Қызметте қажырлы, жұмыста абыройлы бола білген азамат отбасылы, бүгінде бес қызды зайыбы Жәмиләмен бірге тәрбиелеп отыр. Жүрек қалауымен таңдаған мамандығының жемісін көріп, мерейі артқан маманның аудан экономикасын өркендету жолында жемісті еңбек ете берері анық. Туралықты ту еткен, отбасының тірегі болған ардақты әке балаларына тәлімді тәрбие, жас мамандарға түзу жол сілтеп келеді.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ