Көргені мол асыл ана
Ана – тіршіліктің тірегі, отбасының жүрегі. Ақ сүтімен дарыған мейірімі мен махаббаты әр баланың өміріне бағыт-бағдар береді. Өмір жолын балаларына арнап, ғұмырлық азық берген дана жан ол – мейірімді жан. Қоғамдағы орны мен шаңырағындағы берекені қатар ұстап, бала тәрбиесіндегі үлгілі болмысы айқындалған үлкен үйдің отанасы – Дайраш Ермағанбетқызы. Ана жолын мінсіз қалыптастырған, жүрегі кең Дайраш Ермағанбетова бүгінде саялы бәйтеректің іргетасы болып отырған аяулы әже.Отбасында үш қыз, екі ұл тәрбиелеп, қазіргі таңда 14 немере, 5 шөбере сүйіп отырған қазыналы қарттың ғұмырлы жолы үлгі боларлық. 1950 жылы Қараөзек ауылында дүниеге келген Дайраш Ермағанбетова туған жерінде онжылдық білім алған. Қаржы саласына қызығушылығы артып, 1966 жылы Алматы қаласында Бухгалтерлік есеп және несие техникумында білім алады. Оқуын аяқтағаннан кейін кіндік қаны тамған туған жерге келіп еңбек жолын әкімшілікте есепші қызметімен бастайды. Көп ұзамай 1973 жылы өмірлік жолдасы Амантай Есмағанбетовты жолықтырып, шаңырақ көтереді. Шаған ауылына келін болып түсіп, қызметін ауылдың совхозында есепшілікпен жалғастырады.
– Біз 1980 жылы Тереңөзек кентіне жолдасымның жұмыс бабымен көшіп келдік. Орналасып алғаннан кейін көп ұзамай аудандық мәдениет бөліміне жұмысқа тұрдым. Осы мекемеде 30 жыл еңбек етіппін. Одан кейін аудандық кітапханада бас есепшілік қызметіне ауыстым. 2008 жылы сол жерден зейнетке шықтым. Жолдасым Амантай Есмағанбетов – ауданның белді азаматы, біршама жерде басшылық қызмет еткен жан. Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы, «Еңбек ардагері» атанған арқасүйерім осыдан бірнеше жыл бұрын дүниеден озды. Ер-азаматыңның орны әрқашан да бөлек. Отбасының қорғаны бола білген асыл дың сынығы еді, – дейді ардақты жан.
Азаматы отбасының – тірегі болса, отанасы шаңырағының – берекесі. Жарқыраған күндей отбасына жылу сыйлайтын ананың мейірімі әр үйде ерекше. Өзінің жылы жүзімен, аялы алақанымен отбасына жарық болып отырған Дайраш Ермағанбетқызы ұл-қыздарына үлгі. Анасының ізін қуып үлкен қызы Айнұр мен кіші ұлы Әділбек қаржы саласын таңдаса, екінші қызы Айгүл – технолог болып Астана қаласында еңбек етуде. Үшінші қызы Айткүл – мектепте бейіндік оқыту жөніндегі директордың орынбасары болса, үлкен ұлы Мейрамбек – аудандық өрт сөндіру бөлімінде қызмет етіп, бүгінде зейнетке шыққан. Қазіргі таңда тұңғышы Айнұр аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы қызметін атқаруда.
Әр баласының жоғары білім алып, тұлға болып қалыптасуында, тәрбиемен ұштасқан саналы мінезін дамытуда ананың рөлі айқын. Шаңырағының ұйытқысы бола білген асыл жанның бүгінде ақ жаулықты әже атанып, шөбере сүюі қарттық шақтағы нағыз бақыт. Еңбек жолын қаржы саласына арнап, ұл-қыздарына із қалдырған ардақты жан. Отбасының берекесін келтіріп, қоғамда да белсенді қызмет еткен Дайраш Ермағанбетова үлгі тұтарлық әзиз жан. Көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай дара жанды шын жүректен құттықтаймыз. Аналарымыз әрдайым аман болып, шаңырақтың берекесі мен жылулықтың символы бола берсін.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ










