Топ-баннер
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№16 газет

28 ақпан 2026 ж.

№15 газет

24 ақпан 2026 ж.

№14 газет

21 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728 
» » Қолы алтын қарт ана

Қолы алтын қарт ана

Өмір жолын мал шаруашылығына арнап, қиын заманда мойымай еңбек еткен қайсар жандардың қатары мықты әйелдермен де толыққан. Еңбегі асыл, қолы алтын ардақты аналардың бірі – Ақбөпе Қожариева. Жастайынан сауыншылық қызмет атқарған ана Қоғалыкөл ауылының тұрғыны. Бейнетінің зейнетін көріп отырған ақ жаулықты әже еңбегі еленген үлгілі жан.

Ақжарма ауылының тумасы Ақбөпе Ерсейітова 1942 жылы дүниеге келген. Көпбалалы отбасынан шыққан ол 1964 жылы өмірлік серігі Дінислам Қожариевпен бас қосып, Қоғалыкөл ауылына келін болып түседі. Солай ерінің тегіне өтіп «Қожариева» атанды. Жолдасымен мал шаруашылығына ден қойып, өзі сауыншы болса, арқасүйері бақташы болып еңбек еткен.

– 1965 жылдан бастап жолдасым екеуміз мал шаруашылығына ден қойдық. Ол ірі-қара, ұсақ-түйек малды бақса, мен екі мезгіл сиыр сауатынмын. Таң азанымен және кешке сауып күнделікті үкіметке 400 литр­дей сүт өткізетін едік. Менің қасымда тағы да екі сауыншы келіншек болды. Үшеуміз күндегісін-күнде 50 сиыр­ды сауамыз. Ол жылдары қиыншылық кезең еді. Бұл тірлікке арасында жолдасым көмектесетін. Бірақ мал бағып кетсе, қол көмекке ұлым Асылбек көмектесті. Мал шаруашылығының да бейнеті көп қой. Сиыр сау­ғанның өзінде бұзауын тартып тұру керек. Осындайда ер адамның қол күші маңызды. Сауған сүтімізден бір литр кем болса жоғарыдан адамдар келетін. «Неліктен аз шықты?» деген сұрақтары дайын тұратын. Бір мөлшерде күнде сондай сүт шығу мүмкін емес қой. Сонда да барынша сол межесіне жеткізуге тыры­сатынбыз. Әйтпесе жоғарыдан «бұзау еміп қойды ма?» болмаса «дұрыс жайылмаған ғой» сынды әңгіме өрбитін. 90-жылдарға дейін осы сауыншылық қызметте болдым. Одан кейін тоқырау заманы болды ғой. Сиырлар бірінен соң бірі сатылды. Тіпті бір сиыр машинаның майына бағаланған болатын. Ол заманнан да өттік, – дейді еңбек адамы.

Тоқырау жылдарында Ақбөпе Қожариева зейнетке шығып, мал шаруашылығының машақатынан босап, бейнетінің зейнетін көреді. Үш қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірген қарт ана бүгінде немере, шөбере сүйіп отырған ақ жаулықты әже. Сексеннің сеңгіріне жеткен жаны асыл жан ұрпақтарына адал еңбекпен тапқан нанның берекелі екенін өсиет етіп келеді. Ұл-қыздары ұстаздық жолды таңдап, қызмет етуде. Ал өмірлік серігі Дінислам Қожариев осыдан бірнеше жыл бұрын дүниеден өткен екен.

Бар ғұмырын бейнетке арнап, маңдай терімен адал табыс тапқан асыл жанның жүріп өткен жолы көпке үлгі. Тағылымды тәрбиесімен отба­сының ұйытқысы болып, ақылын айтып отыратын қазыналы қарттың қатарында еңбегімен еленген жанның бірі болып отырған Ақбөпе Қожариева – ауылдың ақ жаулықты анасы, шаңырағының берекесі мен жарығы.

Г.ТАБЫНБАЙ

28 ақпан 2026 ж. 15 0