Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданның бас ақынына арналды

Ауданның бас ақынына арналды

Аудандық орталық кітапханада «Өлке болып оқимыз» жобасы бойынша ақын Мұхтар Сақтаповтың шығармаларын насихаттау мақсатында «Мұхтар Сақтапов – Сыр елінің сыршыл ақыны»» атты әдеби-жыр кеші өтті.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құр­меті­не кітапханалар жүйесінде өткізілген шара жер­гілікті ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Мұхтар Сақтаповтың шығармашылығын насихаттауға арналды.

Алдымен кітапханаға келген көрермен­дер кітапхана фоесінде «Асқақ өлкем, қасиетті мекенімді жыр етем» тақырыбында ұйымдастырылған кітап көрмесімен таныс­ты.

Тереңөзек – терең жатқан жер төсі,
Тереңөзек – Сырдың сұлу еркесі.
Тереңөзек – ән мен жырдың мекені,
Тереңөзек – таланттардың өлкесі, – деп жырлаған ақын М.Сақтаповтың поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар. Ақын өлеңдері арқылы өнегелілік пен өрелікті қатар өріп, оқырман қауымды жырмен сусындатты.

Ақынның өміріне қысқаша тоқтала кетсек, Мұхтар Жаңалханұлы 1936 жылы Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Мұхтар аға аудандық газетте үзіліссіз 40 жылдай қызмет етті. Корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, баспахана директоры, жауапты хатшы қызметтерін абыроймен атқарды. Сатира сардары, ақын Асқар Тоқмағамбетовтен бата алды. Ақынның 2008 жылы «Көңіл шуағы», 2013 жылы «Қайырлы таң, туған жер!» атты өлеңдер жи­нағы жарық көрді.

Ақын Мұхтар Сақтаповтың өлеңдері не­гізінен бүгінгі ауыл тақырыбына арнал­ған. Онда ауданның өткені, бүгіні, ертеңі жырланды. Туған жердің әр тасының, әр жолының өзіндік тарихы бар. Тарихтың те­­реңінен сыр шерткен туған жері өзінің «Ауы­­лым», «Туған елім – тағдырым», «Ту­ған жер» секілді өлең-жырларына арқау еткен.

Ақынның шығармалары халық көңілінен шығып, жүрегінен орын тапты. Мәселен, «Тереңөзек» деп аталатын өлеңі барша жерлестердің мақтана айтатын гимні­не айналды. «Тереңөзек» өлеңіне М.Сақтаповтың баласы, мәдениет саласы­ның қызметкері Махмұт Сақтапов ән жазған. Сондай-ақ, ақынның сөзіне жазылған Махмұт Сақ­таповтың «Сұлу сыр» әні 2001 жылы «Та­биғат әуендері» атты облыстық сазгерлер мен әншілер байқауында бас жүлдені иеленген болатын.

Танымдық іс-шарада кітапханашылар Д.Па­­­­­­зыл­­­­­бекова, Э.Ахметова, Г.Әбенова «Ту­­ған елім тағдырым», «Туған жер», «Тәуел­­сіздік таңы» өлеңдерін оқыды.

Ақын Мұхтар Сақтапов шығармаларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Өлке болып оқимыз» жобасы бойынша жыл көлемінде өткізілген мәдени-ша­ралардың қорытындысы бойынша үз­дік кітапханашыларды кітапхана директо­ры Г.Нұржакиева марапаттады. Соны­мен қа­тар, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Е.Өтебаев пен аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары М.Елеусінов жоба аясында кітапханашылардың өткізген іс-шара­лары­ның деңгейі жоғары әрі мазмұнға бай бол­ғанын атап өтті.

Айта кету керек, «Өлке болып оқимыз» жобасы 2016 жылы қолға алынды. Алғашқы жылы ақиық ақын А.Тоқмағамбетов шы­ғармашылығы жан-жақты насихатталды. Міне содан бері кітапханашылар ауданнан шыққан ақын-жазушылардың шығар­маларын насихаттап келеді.
Бибісара ЖАНӘЛІ
13 қараша 2021 ж. 440 0