Қажырлы еңбекке –лайықты марапат
Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесін аудандық газет ұжымы қуанышты хабармен қарсы алды. Биыл ардагер-журналист, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Мұхтар Сақтапов «Қазақстанның құрметті журналисі» атағын иеленді. Бұл ұжым үшін ғана емес, аудандық газеттің төрт мыңға жуық оқырманының да ортақ қуанышы.
Қаламгерге құрметті атақты аудан әкімі Руслан Рүстемов пен аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы табыстады. Аудан басшысы ардагердің журналистика саласының дамуына қосқан үлесі айрықша екенін айтып, марапат лайықты иесін тапқанын жеткізді. Сондай-ақ сала майталманына зор денсаулық тілеп, жақсы істердің жаршысы болып, кейінгі буынға ақыл-кеңес айтып, бағыт-бағдар беріп жүре беруіне тілектестігін білдірді.
Атап өту керек, қаламына құт қонып, бақ дарыған Мұхтар Жаналханұлының есімі аудан халқына жақсы таныс. Ардагер-журналист аудандық газетте үзіліссіз 40 жыл жұмыс жасап, корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, баспахана директоры қызметтерін абыроймен атқарған. Жалынды жастық шағында сатира сардары Асқар Тоқмағамбетовтен бата алып, бір топ өлеңдері облыстық «Ленин жолы» газетінде жарық көрген. Содан бастап шығармалары республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда жарияланып келеді. Сықақ өлеңдері «Арада» басылып, Шымкент, Кентау, Алматы қалаларында өткен республикалық, аймақтық ақын-жазушылардың кеңестеріне қатысты. Бірнеше кітаптың авторы атанды. Ақын Мұхтар Сақтаповтың Қазақстанның құрметті журналисі атануы – ұзақ жылғы қажырлы еңбектің, ізденістің жемісі әрі адал еңбекке берілген лайықты баға.
Майя ҚОЖАБАЙ