Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Мен журналист боламын...»

«Мен журналист боламын...»

Дәл осылай дейді арманы асқақ, болашағынан көп үміт күттіретін жас талапкер Жәмила Әбсаттарқызы.

Аудандық газет редакциясына және журналистер жұмысына қызығатын оқушылар бар. Бірқатары өз кезегінде кенттегі үйірме барысында сала мамандарымен кездесіп, пікір-пайымдарын біліп, кеңес алса, кей оқушылар редакцияға арнайы келіп, газеттің дайындалу барысымен танысқысы келеді. Бұндайда мамандар оқушыларды қуана қарсы алып, мол ақпараттармен сусындатады.

Жәмила – осындай талантты, талапты оқушылардың бірі. Ол – С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектептің 11 сынып оқушысы. Биыл мектеп табалдырығынан қанат қағып, үлкен өмірге жолдама алатын оқушы ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыру үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәнін таңдаған. Арманы – алдыңғы буын аға-әпкелері сияқты өткір тілді журналист болу. Жас түлекті шығармашылық салаға бағыттап жүрген ұстазы – Асылзат Тұрсынбаева.

– Жәмила – мектебіміздің көшбасшы, үздік оқушылардың бірі. Өзінің тиянақтылығымен, еңбексүйгіштігімен қатарының алды болып, түрлі бай­қауларда топ жарып келеді. Алғыр, табан­дылығы да өз алдына. 5 сыныптан бастап оқушының әдебиетке жақын екенін аңғарып, әдебиет саласына бағыттап келеміз. Озат оқушы «Ер Едіге» жырын жатқа оқып, мектеп ішінде «Жыр жаттағыш Жәмила» атанып кетті. Талабы таудай озат оқушыға сәттілік тілеймін, болашақта мықты журналист атанады деп сенемін, – дейді ұстазы.

– Журналистің негізгі мақсаты –халыққа ұтымды, тұшымды ақпарат беру. Мен де сол секілді тіл жанашыры, халық жанашыры болуды көздеп отырмын. Әр адамның пікірін білу, сұхбаттасу, негізгі айтар ойларын білу мен үшін қызықты. Көпшілікке таныс, жұрттың ықыласына бөленген, ұлты басқа болса да қазақшаға судай Ирина Тен мен үшін ерекше үлгі тұтарлық жан, – дейді Жәмила.

Бір қызығы, Жәмиланың есімін журналист әпкесі қойған. Алматыдағы Қазақ ұлттық университетін бітіріп, Қызылорда қаласында осы салада қызмет атқарған туыс әпкесінің біздің кейіпкеріміздің дәл осы саланы таңдауына үлкен септігі тиген секілді.

Мектепте озат, қоғамдық өмірде белсенді оқушы 9 сыныптан бері осы салаға икемделіп келеді. Теледидардан көрсетілетін бағдарламаларды үзбей тамашалап, қызығушылығын шыңдап жүрген жас газет-журнал материалдарын да үзбей оқиды. Оның ішінде аудан айнасына айналған «Тіршілік тынысы» газетін, облыстық «Ақмешіт жастары» газетін, сондай-ақ республикалық журналдарды бақылап отырады. Жәмиланың өз туындылары облыстық газеттерде бірнеше мәрте жарияланып, оқырманға жол тартқанын да айта кету орынды.

Арманы асқақ, мақсаты айқын жас түлек Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы университетке оқу орнында оқығысы келеді. Үлкен қалада білімі мен тәжірибесін шыңдап, елге елеулі қызмет етуді мақсат етеді. Жазумен қатар поэзияға жақын Жәмила қара өлеңді мәнермен оқудың шебері. «Көркем әдебиет оқу менің рухани дамуыма, кемел ойлы болып қа­лыптасуыма ықпал етеді» деген Жәмиланың сөзінен ерекше жалынды байқадық.

Әдебиет саласын таңдаған оқушы осы бағытта түрлі бәйгелерге де қатысып, жүлдемен оралып жүр. Оның ішінде «QAZAQ EPOS» республикалық ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған» байқауында «Ер Едіге» жырын жатқа айтып, аудандық кезеңде бірінші орын мен қаржылай сыйақыға ие болып, об­лыс­тық кезеңге жолда­ма алған. Осы байқаудың облыс­тық кезеңінде де жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, республикалық тынығу лагеріне жолдама иеленген. Бұл – талабы таудай оқушының көп жетістігінің бірі ғана. Ал біз болашақ әріптесімізгесәттілік тілеп, қарымды қаламгерлер қатарын толықтыруына тілектестігімізді білдіреміз!

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
25 қараша 2023 ж. 193 0