Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№77 газет

11 қазан 2025 ж.

№ 76 газет

07 қазан 2025 ж.

№ 75 газет

04 қазан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Үлкен өмірге жетелейтін баспалдақ

Үлкен өмірге жетелейтін баспалдақ

Қанат Зиятов – №37 мектеп-лицейінің бітіруші түлегі. Жас дарын білім ошағының мақтанышы. Белсенділігімен, көпшілдігімен ерекшеленетін жас түлек шығармашылықпен айналысады. Қанат болашақта журналистика мамандығын таңдап, ел дамуына өз үлесін қосқысы келеді. Ендеше жас қаламгерге қанатың талмасын демекпіз.

Мектеп – адам өміріндегі ең маңызды әрі ерекше кезеңдердің бірі. Осында әрбір бала алғаш арманының бағытын айқындап, білім мен тәрбиенің шынайы құндылығын түсінеді. Жасөспірім шағындағы ең жарқын сәттері мен биік жетістіктерін осы қасиетті білім ордасымен тығыз байланыстырады.

Иә, адамның болашақтағы бағыты мен өмірлік жолының бастауын мектептен іздесек қателеспейміз. Әрбір шәкірттің жүрегінде өз мектебінің орны ерекше болатыны айқын. Себебі мектеп – тек білім мен ғылымның ордасы ғана емес, ол – жас ұрпақты тұлға етіп тәрбиелейтін қасиетті шаңырақ.

Менің де он бір жыл бойы тәлім алып жүрген алтын ұям – №37 мектеп-лицейі. Бұл білім ордасының әр күні біз үшін жаңа белеске қадам басқандай әсер қалдырады. Біздер оқулықтан білім алып қана қоймай, өз қабілетімізді шыңдауға, арман мен мақсатты айқындауға мүмкіндік алдық. Мектеп қабырғасындағы әрбір іс-шара оқушылар үшін жаңа тәжірибе, жаңа сабақ, болашаққа жолдама десемде болады.

Мектеп-лицей ұстаздары ғылымға деген қызығушылығымды арттырып, білімге деген құштарлығымды еселеді. Нәтижесінде жетістікке де жеттім. Соның бірі – «Дарын» орталығы ұйымдастырған пән олимпиадалары. Білім сынағында өз білімімді көрсетіп, аудандық кезеңнен сүрінбей өтіп, облыстық байқауда бақ сынадым. Нәтижесінде, көптеген дарынды оқушылардың арасынан суырылып шығып, бірінші орынға ие болдым. Бұл жеңіс – жеке жетістік емес, ол ұстаздардың ерен еңбегінің, мектептің сапалы білімінің жемісі. Білімге деген құштарлығымды тек олимпиадамен шектемей, ғылыми жобалар байқауларына да белсенді аралас­тым. Әрбір ғылыми жоба – ойлануға, ізденуге, өз идеяңды дәлелдеуге мүмкіндік беретін үлкен жоба. Сол байқауларда да өзімді жан-жақты көрсете білуге мүмкіндік алып, түрлі жүлдеге қол жеткіздім. Мұндай тәжірибелер маған тек жеңіс, қуаныш сыйлап қана қоймай, ғылымға деген жауапкершілікті, еңбекқорлықты, табандылықты үйретті.
Мектептегі өмір тек ғылыммен ғана емес, қоғамдық іс-шарамен де тығыз байланысты. Солардың бірі – дебат турнирі. Бұл додада қарсыласыңмен пікірталас жүргізіп, өз ойыңды дәлелдеп, көпшілік алдында еркін сөйлеу мәдениетіңді қалыптастырасың. Дебатқа қатысу барысында мен тек сөз сөйлеуді ғана емес, тыңдауды, ойлануды, құрмет көрсетуді үйрендім.


Ал көңіл көтеру мен тапқырлықты қажет ететін өнер жарыстарының ішінде «Жайдарман» ерекше орын алады. Бұл ойын – тек әзіл-қалжың ғана емес, ол – тапқырлықтың, бірліктің, достықтың мектебі. Жарыста командалық рухпен өнер көрсетіп, көрерменге әзіл мен шаттық сыйладық. Әрбір жүлделі орын – еңбегіміздің, достығымыздың нәтижесі болды. Осындай сан түрлі іс-шарада шыңдалуым – болашаққа деген сенімімді нығайтты. Әр жеңісім жаңа белес, әр сынақ – жаңа мүмкіндік. Мұның бәрі ең алдымен мектебімнің, аяулы ұстаздарымның, қолдау көрсеткен ата-анам мен жанымнан табылған достарымның арқасы екенін жақсы түсінемін.

Қанат ЗИЯТОВ,
№37 мектеп-лицейінің
11 сынып оқушысы, Шаған ауылы

11 қазан 2025 ж. 178 0