Алғаусыз алғыс арқалаған маман
Күнделікті жұмыс барысында тереңөзектіктермен тығыз байланыс орнататын кейіпкеріміз – Руслан Елубаев аудан орталығының тазалығына бейжай қарамайды. Соңғы күндері орын алған табиғаттың тосын мінезіне қарамастан, ол әріптестерімен бірге тазалық жұмыстарын мүлтіксіз атқарып келеді.Он жылдан бері коммуналдық салада қызмет атқарып жүрген Руслан Бақытбекұлы Өзбекстан Республикасында дүниеге келген. Күнделікті Тереңөзек кентінің көшелерін күл-қоқыстан тазартатын сала маманы – өзіне белгіленген аумақтың үнсіз батыры. Таң бозынан ел ұйқыда жатқанда қолына сыпырғысын алып, тіршіліктің тамырын тазалықтан бастайды. Оның еңбегі – көрінбейтін, бірақ күн сайын сезілетін еңбек. Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығына қарамай, жаңбыр мен желге мойымай еңбек ету – нағыз төзім мен жауапкершіліктің көрінісі. Оның маңдай тері – ауданның ажары, еңбегі – елдің алғысы.
– Расында, жапырақ сыбдыры мен қоқыс арасынан біз тек көшені ғана емес, адамның көңілін де тазартқандай әсер қалдырамыз. Таза көше – тәртіптің белгісі, мәдениеттің өлшемі десек, сол мәдениетті қалыптастырып жүрген жандардың алдыңғы қатарында болғаныма қуаныштымын. Ауданымызда орын алған қолайсыз жағдайда да сала мамандарының қатарынан табыла білдім. Өзім секілді әріптестерім үздіксіз жұмыс жасап, жергілікті халыққа қолайлы орта қалыптастыруда, – дейді ол.
Бүгінгі күннің нағыз батырлары – Руслан секілді еңбекқор, адал азаматтар екені даусыз. Он бір жасында Тереңөзекке көшіп келген азамат бүгінде 46 жаста. №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей түлегі, «Тереңөзек тазалығы» мекемесінің қызметкері отбасында үш перзент тәрбиелеп, немерелеріне өнегелі тәрбие беріп отыр.
Біз кейде жарқыраған көшені қалыпты дүние деп қабылдаймыз. Ал сол тазалықтың артында көп адамның адал еңбегі, табандылығы мен қарапайым жанкештілігі тұрғанын ескере бермейміз. Айналаның шырайын сақтауға үлес қосып жүрген Руслан Елубаев – тұрғындар алғысына бөленген маман.
Б. АЯБЕКҰЛЫ










