Рақметтің құны қанша тұрады?
Боямасыз өмір шындығы көз алдымызда күнде кездеседі. Күйбең тірлікпен кейде қарапайым адамдар еңбегін бағалай алмай жатамыз. Олардың атқарар қызметі орасан зор. Бүгінгі мақаланың тақырыбына арқау болған жан – алғаусыз алғыс иесі. Таңертеңнен жұмысқа шығатын Бижамал Орынбаева кент тазалығына жауапты. Ол күнделікті Аманкелді Иманов көшесін күл-қоқыстан арылтады.
Соңғы 5 жылда кент көшелерін күл-қоқыстан тазартатын Бижамал апайды жұмысқа бара жатқан әрбір тұрғын жолықтырады. Аудан орталығындағы ең үлкен көшелердің бірін күл-қоқыстан арылтып, аяқ су жүретін арықтардың көзін ашады. Күнделікті қолында қабы бар, бөкшеңдеп келе жатқан ардақты ананың ешкім жағдайын сұраған емес. Көп қабатты тұрғын үйлердің арасынан жүріп өткен ол сан түрлі заттардың қалдықтарын жинаумен болады. Жаяу жүргінші жолдың жиегінде жатқан ішімдік пен сусындардың құтыларын өз қолымен алып, 100 метр қашыққа дейін алып келіп, қоқыс жәшігіне тастайды.
– Кент көшелерінің тазалығына барлығымыз жауаптымыз. Күнделікті бекітілген көшелердің бойынан күл-қоқысты жинаймыз. Тұрғындардың тазалыққа деген мәдениеті бөлек. Тәулік бойы жергілікті халық өзі тұратын аумақты ластап жатады. Көбіне түнгі уақытта қоқыс тастаушылар көбейеді. Көп қабатты тұрғын үйде және жер үйде тұратын тұрғындар үйінен шыға салып, қоқысты тастай салады. Келесі бірі – қолындағы телефонына түсіріп, «кент ластануда» деп әлеуметтік желілерге салуға уақыт жұмсайды. Азғантай қоқысты жинап алып, арнайы жәшікке тастаса, бәрінің де шешімі табылар еді. Бұның барлығы өзіміздің әрекетімізден байқалатыны рас. Жастар да, жасамысы да тазалық мәдениетін сақтаса екен. Қоршаған ортаның таза болуы өзімізге жақсы, – дейді тазалық сақшысы.
Бірде көптен кездеспеген екі дос жолығысып қалады. Екеуі де қызметі мен тұрмысын айтып әңгіме-дүкен құрады. Шамалы уақыт өткеннен кейін ауылдан келген досын қалалық жігіт үйіне шақырады. Жол үстінде сөздері жарасқан жігіттің бірі көліктің терезесін ашып, қолындағы қоқысты жол ортасына тастайды. Осылайша жолдасын үйіне алып келеді. Дастархан басында отырған қонақ жігіт еденге қолындағы қоқысты тастай бастайды.
– Досым, бұл не қылғанын? Үйді келіншігім күні ұзаққа тазалайды. Сен болсаң, ластап жатырсың.
– Сен бағана көліктен тастағанда, маған неліктен тастауға болмайды?
– Ол – дала, бұл – үй емес пе?
– Даланы кім жинайды сонда. Сен азанда ұйықтап жатқанда сенің әке-шешеңнен үлкен кісілер тазалайды. Ең болмаса олардың жасын сыйлау керек. Мұхаммед пайғамбарымыз «Тазалық иманнан» деп бекер айтпаса керек-ті. Осындай келеңсіздікке толы жәйттен сабақ алған әрбір адам Бижамал апайдың еңбегін бағалауы тиіс.
Көктем-күз мезгілінде аудан бойынша сенбілік жұмыстары жүргізіледі. Сенбілік барысында редакция қызметкерлері көше бойын тазалауды үрдіске айналдырған. Кенет сол көшедегі бір үйдің келіні сенбілік жасап жатқан кісілердің алдын кесіп өтіп, кір суын жол жиегіне төккен болатын. Осындай мәдениетсіздікке куә болған көпшілік іштей ызаланып қала берді. Мұндай оқиғалармен Бижамал Орынбаева жиі кездеседі. Қоғамдық жұмыстан қашпайтын ардақты ана 3 перзент тәрбиелеп отыр. Сырт көзге мәдениетті, бірақ тазалықтан жұрдай азаматтардың әрекетін балалары қайталамауын кұп көреді.
Биыл 50 жасқа келетін аяулы ана қандай құрметке болса да лайықты. Таңертеңнен кешке дейін жергілікті тұрғындар ластайтын көшелерді мүлтіксіз таза етуге тырысады. Еңбекқор жан үйіне барғанда 27 жыл төсек тартып жатқан анасының күтімін жасауды ұмытпайды. Өзіңіз байқап қараңызшы, түнімен көз ілмей, күні бойы тазалықпен айналасатын анаға айтар алғыс қанша болмақ? Негізі, рақметтің құны құлдырап, адами құндылықтар азайып барады. Ең болмағанда айналамызды таза ұстайық, ағайын!
Балтабай ОРДАБЕКОВ