Еңбек еткеннің еңсесі биік

Тазалық – иманның жартысы. Дінімізде тазалыққа аса көңіл бөлінеді. Оның маңыздылығы жан-жақты айтылады. Асылында, адамзаттың ішкі жан дүниесі қаншалықты таза болса, сыртқы тазалық та соншалық көрініс береді. Сондықтан әркім жауапкершілік танытып, айналасын таза ұстауға дағдыланса, қоршаған орта да әсемдікке бөленеді.
Күн сайын күйбең тірлікте адам онша мән бере бермейтін жағдайлар болып жатады. Айналамыздағы тіршіліктегі тазалық сақтау, көркейту мен көгалдандыру сондай көріністің бірі. Кенттің ажары мен сәулеті –тұрмыс-тіршілігіміздің тынысы, көркі. Осы жұмыстың басы-қасында жүретіндердің адал еңбегінің арқасында кентіміз күн сайын ажарланып келеді. Қарапайым еңбек адамының өлшеусіз еңбегінің арқасында тұрғындар күнделікті таза көшенің бойымен жұмысқа барып келетіні арнайы мекемеде жасақталған бір топ тазалықшылардың арқасы. Көше сыпырушылар елден бұрын ерте тұрып көше тазалығымен айналысады. Әсіресе жаздыгүні күн ысымай бүкшеңдеп қоқыс теріп жүрсе, күннің суығында да бұл жұмыс тоқтаған емес. Көше тазалығымен айналысатын жұмысшылар қара жұмыс иесі болғанымен, атқарып отырған жұмысы ұшан-теңіз. Бұл жұмыспен қоғамдық жұмысқа тартылған қарапайым жұмысшылар да айналысады. Сонымен қатар кент әкімдігіне қарасты «Тереңөзек тазалығы» мекемесіндегі жұмысшылар кент аумағын түгелдей сыпырып, қоқыстан арылтады.
Кент тұрғыны Гүлмира Оспанова көше тазалығына атсалысып жүргеніне тоғыз жылдай уақыт болды. Қарапайым еңбек адамының маңдай терімен тапқан нәпақасы кенттің гүлденуімен байланысты. Көркейту-көгалдандыру жұмысы маусымдық болғанымен, көше тазалығымен жыл он екі ай айналысатын мекемеде еңбек ететін Гүлмира адал еңбегінің арқасында әріптестері мен басшылық тарапынан құрметке бөленген.
– Көктем, жаз айларында алаңға, саябаққа гүл егіп, күнделікті оны суғару жұмыстарын атқарамыз. Бұдан басқа жылдың төрт мезгілінде таң атқаннан көше тазалығына атсалысамыз. Күні бойы атқарылатын жұмысымызға кент тұрғындары да атсалысса дейміз. Қоқыстарын кез келген жерге тастамай, белгіленген қоқыс жәшігіне апаруға дағдыланса. Кейде мейрам күндері көше мен саябақта, орталық алаң мен стадионда босаған судың құтысы мен целофаннан аяқ алып жүре алмайсыз. Жұмысшылар еріккеннің ермегін атқарып жүрген жоқ. Кентіміздің көркеюіне, тазалығына атсалысып жүр. Жаз айы болғандықтан, гүлзарларды арам шөптен тазарту, гүл суару секілді жұмысты да бірігіп атқарамыз, – дейді жұмысшы Гүлмира Оспанова.
Көше тазалығымен айналысып жүрген Гүлмира – екі баланың анасы. Бұл күні балалары студент, болашақ мамандар. Жұмысына білек сыбана кірісіп, тиянақты атқаруға дағдыланған еңбеккеш ана күнделікті әдетімен таң атқаннан жұмысына кірісіп, кешқұрым аяқтайды. Оның епті де ширақ қимылы көпке үлгі.
Иә, тазалық – ортақ іс. Дегенмен кейбір кент тұрғындары оны біреуге артып қойғанды жөн көреді. Әркім өз ауласын, есігінің алдын, көшесін тазалап отырса, кентіміз де көркейе түседі. Бұл – Гүлмира мен оның әріптестерінің ортақ пікірі. «Сырт көз – сыншы» дегендей, кентімізге келген қонақтың оң пікірі көше тазалығымен айналысып жүрген Гүлмира секілді еңбек адамының жұмысына берілген баға. Сондықтан әрбір тұрғын, мейлі ол жас болсын, кәрі болсын ортақ үйіміз – кенттің тазалығына атсалысайық!
Бибісара ЖАНӘЛІ