Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№84 газет

22 қазан 2024 ж.

№ 83 газет

19 қазан 2024 ж.

№ 82 газет

15 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Жасыл желек сақшысы

Жасыл желек сақшысы

Дана халқымызда «Атадан мал қалғанша – тал қалсын» деген даналық сөз бар. Ұлы дала төсінде жайқалған әсем табиғаттың өзі – ұлттың киелі қазынасы, баға жетпес байлығы. Бүгінгі бүкіл жаһанды алаңдатып отырған экология мәселесінің оңалуына орман шаруашылығының маңызы орасан зор. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та тал егу, табиғатты тосын қатерден қорғау, орман шаруашылығына, соның ішінде орманды алқаптарды ұлғайту мәселелеріне баса назар аударып, әрдайым басымдық беріп келеді. Жылдың төрт мезгілінде болатын ауа райының қолайсыздығына қарамастан табиғаттың осынау керемет сыйын көзінің қарашығындай қорғап жүрген орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз.

Тереңөзектік Нұраддин Сәдуақас­ов 20 жылға жуық орман шаруашылығы саласында абыройлы қызмет етіп, жасыл желекті қорғап жүрген орманшылардың бірі де бірегейі. Өз ісінің кәсіби маманы атанған кейіпкеріміз жастайы­нан еңбекке ерте араласқан еңбекқор жан. Олай деуі­міз­ге себеп Нұраддин Сайділдаұлы еңбекқорлығы мен жан-жақтылығының арқа­­сын­да күні бүгінге дейін түрлі салада қызмет атқарып, өзін сан қырынан көрсете білді. Мектепті аяқтап, Отан алдындағы азамат­тық борышын өтеуге Ленинградқа аттанып, 1985 жылы аман-есен елге абыроймен оралады. Еңбегімен елге танылған жан алғашқы еңбек жо­лын автокомбинатта жүргізуші болып бастаған. Кейіпкеріміз сондай-ақ құрылыс саласында да біраз жылдар жұмыс істеп, кейіннен өзінің жеке кәсібі «Сәдуақас» ұсталығын ашады. Сан түрлі салада тәжірибе жинақтаған кейіпкеріміздің кейіннен орманшы қызметіне деген қызығушылығы артып, жоғарғы оқу орнына түсіп, эколог мамандығын игеріп шығады. Орман шаруашылығы саласындағы қызметін алғаш 2001 жылы қарауыл болып бас­тап, бүгінде орман шебері атанып абыройлы қызмет атқаруда.

– Еліміздің жасыл желекті алқабын қорғау, орманды ағаш кесуден, өрттен сақтау жеңіл жұмыс емес, әрине. Бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әр істе адамгершілік пен адалдық қажет. Ағарып таң атқаннан, қызарып күн батқанға дейін орман ішінде жүріп, өрт сынды оқыс жағдай бола қалса, уақытпен санаспай, тәуліктеп жалынмен арпалысамыз. Бүгінде аудан бойынша 236549 гектар орман қоры жері бар. Оның 180327 га жері орманмен көмкерілген. Көктем келіп, қар ери салысымен көшет егіп, алқапты ұлғайту жұмыстарын жүргіземіз, аптап ыстықта тілсіз жаудың алдын алу мақсаты тұрады, – дейді орман шебері.

Орман шаруашылығы қызметкерлеріне артылар жауапкершілік қашан да өте жоғары. Аталған саланың жауаптылығымен қатар қауіпті тұстары да баршылық. Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығында уақытпен санаспай жұмыс істеп, тіпті демалыс немесе мереке күндері де жұмыстың басы-қасында жүріп, орман қауіпсіздігіне жауап береді. Білікті маман орман қызметін атқаратын әрбір адамға орман қорының белгілі бір бөлігі бекітіліп, оны үнемі айналып өтіп, бақылап отыру керектігін алға тартады. Орман шебері орман өрттерінің алдын алу, орманды заңсыз ағаш кесуден, жануарларды, жасыл аумақтарды аурулар мен зиянкестерден қорғау, сондай-ақ тыйым салынған уақытта балық аулау мен заңсыз аң атуды болдырмау секілді бірқатар маңызды жұмыстарға жауапты. Орман шарушашылығының қыр-сырын жетік меңгерген кейіпкеріміз тек ағаш отырғызумен ғана айналысып қоймай, өзіне сеніп тапсырылған аумақта тәртіпті де сақтайды. Апатты жағдайдағы ағаштарды кесуге арналған учаскелерді анықтап, өсімдік­терді жұқартады. Одан бөлек орманшы орман­ның денсаулығын бақылайды, яғни зиянды жәндіктерді жо­йып, оны емдеумен айналысады. Нұраддин Сайділдаұлы мамандығы мен кәсібіне сәйкес тапсырылған қай істі болсын ынтасымен атқарады. Талай жыл орман шаруашылығын дамытуға күш-жігерін жұмсап келеді. Ол жұмысында білікті маман болса, отбасында өнегелі отағасы, қамқор әке. Аяулы жары Рабиға Құлмахановамен 3 ұл өсіріп-тәрбиелеп, бүгінде немерелерінің қызығын көріп отырған бақытты ата-әже.

Табиғат қорғаушысының талай жылғы еткен еңбегі әркез бағаланып келеді. Оның жауапты салада атқарған қажырлы еңбегінің арқасында бүгінде талай жетістікке жетіп, абырой биігінен көрініп келеді. Білікті маман 2021 жылы ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталып, еңбегі ақталды. Бұнымен қоса 2023 жылы Облыс әкімінің Н.Нәлібаевтың алғыс хатымен және облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығының алғыс хатымен марапатталған. Абыройлы азамат биылғы мереке қарсаңында ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» медаліне ие болды.

Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
19 қазан 2024 ж. 120 0