Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сана тазармай, дала тазармайды

Сана тазармай, дала тазармайды

Тазалық – иманның жартысы. Дінімізде тазалыққа аса көңіл бөлінеді. Оның маңыздылығы жан-жақты айтылады. Асылында, адамзаттың ішкі жан дүниесі қаншалықты таза болса, сыртқы тазалық та соншалық көрініс береді. Әркім ыждағаттылық танытып, айналасын таза ұстауға дағдыланса, қоршаған орта да әсемдікке бөленеді.

Күнделікті басталатын тіршіліктің ортасында жүріп кейде адамдар онша мән бере бермейтін жағ­дайлар болып жатады. Осындайда ең аңғарымпаз адам деп журналистерді айтар едім. Себебі, бұл – ең алдымен, кәсіби дағды. Яғни, қо­ғамның өзекті мәселелерін күнделікті ба­ғамдап жүруге әдеттенгендіктен айна­ламыздан жағымды ақпараттарды кө­бі­рек іздейміз. Сондай сәтте елден бұ­рын ерте тұрып көше тазалығымен айналысатындардың еңбе­гіне еріксіз риза боласыз. Жаздыгүні күн ысымай бүкшеңдеп қоқыс теріп жүрсе, күннің суығында да бұл жұмыс тоқтаған емес. Көше тазалығымен айналысатын жұмысшылар көше сыпырушы болып жалданбаған. Бұл жұмыспен қоғамдық жұмысқа тартылған қар­апайым жұмысшылар айналысады.­ Олардың өзі кент аумағына жет­кіліксіз болғандықтан, күнделікті ор­та­лық көшелерден белгілеп берген ау­мақ­тарын сыпырып, қоқыстан арылтады.

Кент әкімдігінің берген мәліметі бо­йынша көше тазалығына жыл бойына 35 жұмысшы тартылады. Санитарлық тазалау жұмыстарын мердігер мекеме «Қазына С» ЖШС атқарады. Жұмысшылар мердігер және жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа жұмылдырылған. Көктем, жаз айларында алаңға, саябаққа гүл егіп, күнделікті оны суғару жұмыстарын атқарады. Мұнан басқа жылдың төрт мезгілінде таң атқанда қолына қапшығын алып арық бо­йын босаған су ыдыстарынан тазартып, қоқыс жинап, айналаны мұнтаздай ету міндеті де жүктелген. Жұмысшылар еріккеннің ермегін атқарып жүрген жоқ. Кентіміздің көркеюіне, тазалығына атсалысып жүр. Кент тазалығына жауапты маман Роза Рақымбаева 19 жылдан бері жұмысшыларға жетек­шілік етеді. Аптаның 7 күнінде кент тазалығы маман­ның назарынан тыс қалған емес.

– Кенттің санитарлық таза­лық жұмысына 5 техника жұмылды­рыл­ған. Күніне екі мезгіл қоқыс кон­тей­нерлерін, көшенің бо­йын та­залықпен қамтамасыз ететін жұ­мыс­шылар бар. Күнделікті бекіті­ліп берілетін аумақтарда таза­лық жұмыстарын жүргізіп, көше бо­йындағы бағаналарды, ағаш­тар­ды әктейді. Сырлау, сыпыру жұмысын да жүргізеді. Мұнан бө­лек автотрассаның бойы, темір­жолдың маңы, барлығы 12 учас­ке тұрмыстық қалдықтардан тазар­­тылады. Әсіресе, мереке күн­­дері орталық көшелер әп-сәт­те қоқысқа толып қалады. Сондай да тұрғындар мәдениеттілік танытып, балаларын көшені ластамауға үйретсе деген тілегіміз бар. Жұмысшылардың адал еңбегі бағаланса, олар да бір-бір үйдің ардақты анасы мен баласы. Сондықтан туған мекенімізді таза ұстауға атсалысайық, – дейді Роза Рақымбаева.

Шын мәнінде, көше тазалығымен айналысып жүр­гендердің көбісі орта жасқа келген әйел-аналар. Ара­ларында зейнеткерлік жасқа келіп қалғандары да бар. Олар күнкөріс қамымен ұсынылған жұмыспен айналысуда. Сондықтан күннің аптап ыстығы мен суық аязына қарамай көшенің, кенттің тазалығына атсалысып жүрген қызметкерлердің еңбегін бағалауымыз керек.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, тазалық – ортақ іс. Оны біреуге артып қойғанымыз – өзімізге сын. Әркім өз ауласын, есігінің алдын, көшесін тазалап отырса, кентіміз де көркейе түседі. «Сана тазармай – дала тазармайды» деген ортақ тәмсілді ұстанып, тазалық айлығына атсалысайық.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
24 қыркүйек 2022 ж. 282 0