Бар жақсылыққа лайық
Күнделікті Тереңөзек кенті көшелерінің бойынан арбаға таңылған жігітті көпшілік жиі байқайды. Жергілікті тұрғындармен әңгімесін айтып, денсаулығы жөнінде пікір алмасатын Рүстем Садықовты жасы 25-30-да десеңіз, қателесіз. Биыл ол қырықтың қырқасына шығып отыр. Қырық жыл бойы дертіне дауа іздеген жігіттің анасы Әлия Садықова туралы қалам тербеуді жөн көрдік.Тереңөзектік Әлия Садықова – ең мейірімді ана. Перзентінің қырық жыл бойы күтімін жасап, денсаулығының жақсаруына күш салды. Ана жүрегі – мейірімнің мәңгілік шамшырағы. Кейде тағдыр сынағы адамды қайсарлықтың шыңына жетелейді. Осындай төзім мен табандылықтың үлгісін көрсетіп келе жатқан Әлия Садықова – осы уақытқа дейін науқас баласына қамқоршы атанып, өмірінің мәнін перзентінің саулығына арнаған аяулы жан.
Шын мәнінде, дәрігер қабылдауы, ем-дом, түн ұйқысыз өткен сансыз күндер… Басқаға ауыр көрінетін бұл тіршілік оған қалыпты өмірге айналған. Қоғам кейде сырт көзбен қарап, жанашырлық білдіргенімен, ананың жүрегіндегі жүк пен жауапкершілікті толық сезіне бермейді. Өйткені баласының әр ауырсынған сәті – ананың да жанын ауыртады. Қырық жыл – бір ғасырға татитын уақыт. Осы аралықта ол тек күтуші ғана емес, медбике, дәрігер, психолог, тірек әрі қорған бола білді. Ана төзімі – шексіз. Оның махаббаты дәріден де күшті, үміттен де берік.
– Бүгінде аудан орталығындағы №36 Әбділдә Тәжібаев атындағы орта мектепте еден жуушы ретінде жұмыс жасаймын. Рүстем туған сәттен сал ауруына шалдыққанын білдік. Қашанда біз тағдырдың сынына мойымаймыз. Қайта баламызға күш-қуат беруге барынша жағдай жасаймыз. Мен секілді аналар марапат күтпейді, мақтау іздемейді. Бар тілегі – баласының бір сәттік күлкісі, бір тынысының тыныштығы. Осыдан 5 жыл бұрын мемлекет тарапынан бізге үй берілді. Жолдасым Дайрабай Асқарбек екеуміз баламызға тек демеу көрсетіп, денсаулығының мықты болуына күш саламыз, – деді Әлия Садықова.
Әрине, қырық дегеніміз аз уақыт емес. Ана ерлігі – дабырасыз жасалған ұлы еңбек екенін ұғына білген абзал. Тұрмысын түзеп, баласының бабын жасаған ана әлемнің бар жақсылығына лайық. Әрқашан Рүстем анасына ризашылығын білдірумен келеді.
Б.ОРДАБЕКОВ










