Есімі мен еңбегі әбден лайық, «Ел анасы» дейтұғын асыл атқа...
Сыр өңірі елімізге белгілі абзал аналарға кенде емес және олардың бүгінгі ізбасарлары да көпке үлгілі. Бір ғана Сырдария ауданында есімі елге белгілі, ел-халық түгел қадірлейтін, құрметтейтін ардақты жандар көп.
Қасиетті Жер-ана бусанып, ғаламат ғалам күн шуағымен арайланатын көктемнің әсем мерекесінде әр ана, әр әйел бар құрметке лайықты. Оның үстіне халқымыз ең қымбат ұғымдарды – Отан мен Жерді, Тілді – Ана атымен байланыстырған. Өйткені тіршіліктің нәрі де, мәні де – Анадан тарайды.
Ауданымыздың дамуында еңбегі ерен, өмір жолы өнегеге толы Күләнда Әбдіраманова, Балдырған Мұстафаева, Күлжан Әуезова, Алтынай Адаева, Күләш Әсімова, Балапан Арзымбетова, Райхан Бақтыбаева, Рабиға Іздіқұлова, Айша Меңлібаева, Нәзира Сисенова, Баһаркүл Қордабаева, Дәрікүл Садықова, Бексұлу Синаева, Сәуле Өмірзақова, Райкүл Жалғасбаева, Рысты Өкшебаева, Бисенкүл Сәриева, Баян Құтыбаева, Дина Айсина, Алмагүл Божанова, Алма Бақтиярова, Ұлмекен Жаналиева, Злиха Сыздықова, Шырынкүл Әбитова, Сәрсенкүл Тәнкенова, Алма Қашақбаева, Әлия Төлеуова, Анар Ізбасарова, Сұлупан Шамшадинова, Күлбарам Әбілова, Александра Венецевна, Балшекер Өтегенованың есімін ерекше атауға болады. Ғибратты ғұмыр иелері – бір отбасының ғана емес, бүтін бір әулеттің шамшырағы. Ерлері аттан, қазаны оттан түспеген белгілі отбасылардың берекесін кіргізген әйел-аналардың барлығы бүгінде «Ел анасы» деген құрметті атқа лайық.
Аяулы да асыл жандар отбасының түтінін түзу ұшырып қана қоймай, ел болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеуде шексіз еңбек сіңіруде. Яғни аналар мен қыз-келіншектер тек отбасының береке-бірлігі, ұйытқысы ғана емес, олар – бүкіл қоғамды алға сүйреп, ел ынтымағын нығайтатын, несібесін молайтатын аса қажырлы да қуатты күш. Ауданымыздың сан алуан саласында белсенді еңбек етіп, ел ырысын арттырып жүрген әйелдер, Сыр аналары соның дәлелі.
«Есімі мен еңбегі әбден лайық,
Ел анасы дейтұғын асыл атқа», деп ақындарымыз жырлағандай саналы ғұмырын қоғамның дамуына арнаған, тағдыр жолы ұрпаққа үлгі-өнеге болып қалған, әлі де елдің өркендеуі жолында еңбек етіп жүрген аналарымызды ардақтайық, құрметтеп, қадірлейік, оқырман!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ