Үйді жөндеуге ұйытқы болды

Тұрғын үйдің сыртқы тұрпаты кеткен. Сылағы түскен. Оған қоса кіреберіс дәліз бөлмелері құлау қаупінде болған. Оны жөндетуге отбасының жағдайы келмейді екен. Жанұяда мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады. Міне, осыны бағамдаған меценат Р.Есенов үйдің сыртын сылатып, қыштан кіреберіс дәліз бөлмелерін салуға ұйытқы болуда, қайырлы іс жасауда. Оған қажетті құрылыс материалдарын алып беріп, жөндеу жұмыстарын да өз есебінен жүргізіп беруде.
– Біздің тапқан табысымыз ел-халықтың, аудан жұртшылығының тілеуінің нәтижесінде артады. Сондықтан тұрғындарға әркез қолымыздан келгенше қолдау, демеу көрсетіп келеміз. Халқымыз «Біреу – біреуге сүйеу» демей ме?! Бір-бірімізге, сүйеу, тіреу болу арқылы өсеміз, өркендейміз. Кент тұрғыны жағдайын жақсы білемін. Арбаға таңылған баласы бар. Отағасы да мүмкіндігі шектеулі жан. Осы жағын ескеріп, отбасы мүшелерінің үйге емін-еркін кіріп шығу жағын қарастырып, кіреберіс дәлізді оңтайландырып салып беріп жатырмыз, – дейді белгілі кәсіпкер.
Бүгінде тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Баспана бұрынғысынан әлдеқайда жақсарып, жаңарып қалды. Осындай игілікті іске мұрындық болған ардақты азаматқа отбасы мүшелері шынайы ризашылығын жеткізуде. Кәсібіне береке тілеп, жұмысына сәттілік тіледі.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ