БЕРЕКЕЛІ ІСТІҢ БЕРЕРІ МОЛ
Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылдық округінде еңбек ететін «Нәтишаева» қожалығы өз кәсібін 2016 жылы бастаған. Кәсіпкер қазір бірнеше саланы қатар алып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Бұл кәсіпорында тұрақты және ауысымдық негізде 300-ге жуық адам еңбек етеді. Олардың орташа жалақысы – 70 мың теңгені құрайды.
Бұл жұмыстармен біз өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастырған баспасөз турында жете таныстық. Шараға облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким қатысып, шаруашылықтың тыныс-тіршілігіне зер салды.
Аталмыш құрылым «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мен екінші деңгейдегі банктер арқылы барлығы 1 млрд. теңге көлемінде несие алып еңбек етіп келеді. Мұнда 300 ірі қара малын, 500 қойды бордақылайтын алаңдар, 200 мың бас ет бағытындағы құс өсіретін фабрика, мал және тауық соятын цехтары бар. Құс фабрикасында 2600 бас қаз, үйрек, күркетауық, қазақы тауық, цесарка құсы өсірілуде. Фабрикада күніне 5 тонна тауық еті өндіріліп, арнайы белгімен сатылымға шығарылып жатыр.
Кәсіпкер жылыжай бизнесін де өрге домалатып отыр. Жалпы көлемі 1 гектар болатын жылыжайда қызанақ пен қияр өсіріледі. Өткен жылы екі ауысымда егілген көкөністен 200 тонна өнім жиналып, тұтынушылар дастарқанынан табылды. Биыл Қарауылтөбе ауылында 120 жылыжай толық іске қосылды. Кешен 2014 жылы салынған, онда 19 адам еңбек етеді. Барлығы да арнайы оқытылған мамандар. Көршілес Оңтүстік Қазақстан облысындағы әріптестестерімен тәжірибе алмасқан, ақырындап осы саланы игерген. Бүгінде тұтынушылардан сұраныс өте жоғары.
Еңбекшілер мал шаруашылығын дамыту мақсатында солтүстік өңірден әкелінген жеткізілген ет бағытындағы асыл тұқымды «Абердин-Ангус» және «Әулиекөл» бұқаларын жергілікті сиырлармен будандастыруды қолға алған.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.