Өмірлік мұраты – ұстаздық жол
Талай шәкірттің бойына білім нәрін дарытқан бастауыш сынып мұғалімі Ұлтай Болғанбаева ұстаздардың ұстазы атанғаны белгілі. Қанша жыл өтсе де, таңбаланып жазылған тарих өз құндылығын жоймайды. Сол кездері менің кейіпкерім бастауыш сыныпта оқып жүріп, Ұлтай секілді педагог болуға байлам жасап қойған. Сол арманына жету үшін мектепті үздік бітірген Анар Ізбасарова ағартушылық саланың қазанына қайнауға бекінді. Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан Анар Қарымсаққызы жетпіс бір жыл бұрын бастауыш сынып мұғалімі атануға шешім шығарып, алғашқы ұстазын үлгі тұтты.«Мен мұғалім боламын»
Бала арманы жоғарғы сыныпта жүргенде де бір өзгермейді. Өзі оқыған №35 М.Калинин атындағы қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін Анар Ізбасарова Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищеге «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түсіп, жас ұстаздар қатарын толықтырады. Үш жылдық білім алып, ауылға оралған ұстаздық тәжірибесі мүлдем жоқ педагог сол кездегі аудандық білім бөлімінің басшысы Сақыбек Алданазаровтың қабылдауында болады.
Бала арманы жоғарғы сыныпта жүргенде де бір өзгермейді. Өзі оқыған №35 М.Калинин атындағы қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін Анар Ізбасарова Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищеге «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түсіп, жас ұстаздар қатарын толықтырады. Үш жылдық білім алып, ауылға оралған ұстаздық тәжірибесі мүлдем жоқ педагог сол кездегі аудандық білім бөлімінің басшысы Сақыбек Алданазаровтың қабылдауында болады.
– Қолында дипломы бар жас ұстаз, қандай шаруамен келдіңіз?
– Маған тұрақты жұмыс керек.
– Сіз бітірген мамандық бойынша аудан орталығындағы мектептерде орын жоқ. №1 балалар балабақшасына меңгеруші қылсам, қалай қарайсыз?
– «Ағай, мен Ұлтай апай секілді мұғалім боламын», – деген жас мұғалімнің көзінен жас ыршып шығып кетті.
– Ендеше, Шаған ауылындағы орта мектепке бастауыш сынып мұғалімі ретінде жұмысқа қабылданасыз.
Осылайша, алғашқы қызметтік жолын Анар Ізбасарова Шаған ауылындағы білім ошағынан бастайды. Араға бір жыл салып №35 М.Калинин атындағы орта мектепке жұмысқа келеді. Білім ошағына өзін жұмысқа қабылдаған Сақыбек Алданазаров мектеп директоры ретінде қызметке келген еді. Бір күні оқушыларға сабақ беріп жатқан жас мұғалімге «директор шақырып жатыр» деген пәрмен келді. Директордың бөлмесіне кірген жас ұстаз Сақыбек Алданазаров тарапынан тосын ұсыныс айтылатынын әсте білмейтін.
– Анар, жоғарыдан тапсырма келді. Педагогикалық училище оқыған мұғалім сабақ бермеу керек деген заң шығып жатыр. Институтқа құжат тапсырсаң қалай?
– Ағай, менің сырқат енем, бала мен жарым бар. Бұның барлығын тастап қалай үлгеремін? Керек емес. Оқымаймын. Басқаларды жібере беріңіз, – деген жас ұстаз сабағына баруға директордан рұқсат сұрады.
Жас ұстаздың болашағына бей-жай қарамаған білікті басшы құжатты өзі атынан дайындай бастады. Барлық оқуға қажетті құжат дайын болған уақытта әй-шәйға қарамастан, жас ұстазға институтта оқуға пәрмен берді. Осылайша, үйдегі жас келін бір мезетте ұстаздықпен қатар студент атанып шыға келді.
– Сөзімнің басында айтылғандай, ұстаз болу – өмірлік мақсатым еді. «Білімдіге дүние жарық» екенін жақсы білетін мен үшін Сақыбек ағайдың сіңірген еңбегі зор. Үйдегі анамыздың сырқатына байланысты өзімді көп дүниеден шектейтін едім. Қатардағы мұғалімнің жоғары білім алуына жағдай жасағанына дән ризамын. Осындай көрегені мол басшының тәлімін, тағылымын, ақылын алғаныма дән ризамын. Қазіргі №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде менің балалық қана емес, жастық кезеңім, қарттыққа дейінгі жүріп өткен жолым естелік ретінде қалды. Өзіме сабақ берген Ұлтай апаймен әріптес болуымның өзі – маған ерекше мақтаныш сыйлайды.
«Әкем – байсалды, анам қатал болатын»
«Мен үйдегі ағаңмен танысқанымда 8-сынып оқитын едім» деп әңгімесін бастады отбасы жөнінде сұрағанымда ардақты ана. Мамандық пен жар таңдаудан қателеспеген ұлағатты ұстаз өз әкесі мен анасының қамқорлығын көп көрген. Майдан даласында жаумен арпалысып, бір қолынан айырылған Қарымсақ өте еңбекқор кісі болған. Отбасындағы 5 баласының үлкені Анарды ер балаша тәрбиелеген.
– Бала күнімнен әкем қайда жүрсе, мен сол жақта жүретін едім. Отын шауып, шөп оратын едім. Қолымнан кетпенім түспейтін. Кесек құйып, шыңдалдым. Анамыз Әнипа – өте қатал кісі. Аудандық ауруханада кіші аяжан қызметінде жүріп, біздің тәрбиемізді назардан тыс қалдырмады. Бір жерге шығатын болсақ, «әкеңнен сұра» дейтұғын. Әкеміз жібермесе, үйде отыратын едік. Отбасында көрген тәрбиемізді өнегелі шаңыраққа келін болып түскенде көрсете білдік. Анамның қолынан барлық дүние келеді. Кесте тігеді, тағамның сан түрін жасайды. Ұстаздық қызмет қиынның-қиыны. Осындай салада өз орнымды табуыма екінші анам – Сағираның қосқан үлесі зор. Анамыз бізбен бірге 9 жыл тұрды. Қонақжай кісінің тәлімін алған біз жаман болған емеспіз, – дейді ардақты ана.
Үнемі жарына тірек бола білген отағасы Сабыр Қоспамбетов – автокөлік жүргізушісі. Өзі ортасында сыйлы атанған арда азамат зайыбының ұжымда, қоғамда абыройлы болғанын қалады. «Батыр шапағаты» медалінің иегері сүйген жарының ұстаздық қызметте үнемі ізденісте жүруіне, совхоз аралап, басшылық тарапынан тапсырған жұмысты атқаруына көптеген жағдай жасайды. Мұндайда ер азамат – асыл тірек, болаттай қалқан екені еріксіз есімізге оралады. Алты бірдей перзентті жеткізу жолында екеуінің ортақ үндесе білуі – тату отбасының белгісі.
«Мұғалімді құрдасыңдай көрмеу керек»
Білімнің қарашаңырағы саналатын мектеп қабырғасындағы 30 жылында Анар Ізбасарова кез келген тексеруден сүрінбей өтіп, кәсібиліктің жарқын үлгісін көрсетті. Аудан көлеміндегі бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік-бірлестігінің жетекшісі атанған өз саласының білгірі әрбір сабаққа дайындықсыз келмейтін.
– Өзім оқыған мектепке ауысқан жылы менің тәлімгерім ретінде кәсіби біліктілігі жоғары Нағима Қаражанованы бекітті. Әріптесім маған көп дүниені үйретті. Жетекшілік ете жүріп, үлкендік ақылын айтатын. Өкініштісі, ұлағатты ұстаздың еңбегі өз уақытысында лайықты бағаланбады. Ұстаздық – жай мамандық емес, ол – жүрек қалауы, үлкен жауапкершілік пен сабырды талап ететін қасиетті жол екенін жақсы білемін. Мұғалімнің еңбегі көзге бірден көріне бермейді. Дегенмен, оның берген білімі мен тәрбиесі шәкірт жетістігі арқылы айқындалады. Шәкірт биікке самғаған сайын, оның артында ұстазының маңдай тері, тынымсыз еңбегі тұрады. Ұстаз – шәкірт жүрегіне сенім ұялатып, оның қабілетін аша білетін жан. Өзім ұстаздық қызметімде 7 сыныпты бітірттім. Біздің кезімізде бастауыш 3 сыныпты ғана құрайтын. Кейіннен 4 сыныптық болып, 6 жастан бала қабылдай бастадық. Ол кезеңде де білімге реформа жасау тоқтаған емес, – дейді сексен жастағы ұлағатты ұстаз.
Анар Қарымсаққызы сабақтың соңынан үлгерімі төмен баланы алып қалатын. Қосымша тапсырма беріп, өзге балалар секілді білімді болуына ықпал ететін. Бар білгенін оқушысына үйретуден жалықпайтын ұстаз бұрынғы және қазіргі білім жүйесін салыстырады. Өткен ғасырда жүйелі жұмысымен танылған ұстаз ізденем деген балаға барлық мүмкіндік қазіргі уақытта жасалғанын айтады. Олардың кезінде кітап оқитын бала көп болған. Ал қазір – заманауи технология.
– Біз жұмыс жасаған жылдары оқушылар мұғалімді сыйлайтын. Бастауыш сынып оқушысына ұрыса да алмайсың. Әріп үйретіп, билеуді, ән салуды, жазуды, сызуды үйретеміз. Қағазбастылық білім саласында еш уақытта тоқтаған емес. Біліммен қатар тәрбиеге жіті көңіл бөлдік. Бүгінде оқушы ұстазды сыйлауды қойған деуден аулақпын. Дегенмен, жастар мұғалімді құрдасындай көреді. Жекіріп сөйлеп, ұстаз деген атын құрметтемейді. Кез келген алдында отырған 30 балаға мұғалім жауапты екенін, олардың үлкен азамат болуына септігі тиетінін ұмытпаған дұрыс, – дейді ақ жаулықты ана.
Зейнет демалысына шығам дегенше, Анар Ізбасарова мектеп директорының бастауыш сынып жөніндегі орынбасары болды. Мұғалім болу бір бөлек, оларға басшылық жасау мүлдем басқа әңгіме. Үнемі жаңашылдыққа иек артқан кейіпкеріміз білім ошағының кәсіподақ ұйымына да жауапты еді. Сөзі дуалы, әр іске ыждағаттылықпен қарайтын үлкен буынмен бірге әріптес болған ардақты ұстаздың өзі де көпшілік санасатын бастауыштың білгіріне айналды. «Жастық шағым қайтып келсе, еш ойланбастан ұстаз атанар едім» дейтін ұстаздың қызы Ақмарал да мұғалімдік қызметті таңдаған. Қазіргі уақытта ол – №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінде. Ұстаз – ұлы есім десек, сол атқа әбден лайық бола білген Анар Ізбасарова өзі оқыған, қызмет жасаған білім ошағы жайында авторлық кітабын жарыққа шығарды. Айта кетейік, Анар Қарымсаққызы институтта қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын меңгерген. Анасының жолын қуған Ақмарал да осы пәннен сабақ берген.
– Ғұмырымның басым бөлігі мектеп қабырғасында, кішкентай бүлдіршіндердің арасында өтті. Әлі есімде, табалдырықтан аттаған әр баланың көзіндегі үміт пен сенім мені әрдайым қанаттандыратын. Әр әріпті үйреткен сәт, әр баланың алғаш рет кітапты еркін оқығандағы қуанышы – менің ең үлкен бақытым. Уақыт зырғып өтсе де, шәкірттерімнің жетістігін естіген сайын көңілім марқайып, еңбегімнің ақталғанын сезінемін. Менің мәртебемді өсірген ең негізгі марапатым – «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі. 80 жас – бір белес. Бұл жасқа аман жету – Алла Тағаланың берген нығметі. Осы жолда бірге болған әріптестеріме, қолдау көрсеткен отбасыма, құрмет білдіріп отырған баршаңызға ризашылығым шексіз. Менің бар тілегім – ел аман, жұрт тыныш болсын. Ұрпақтарымыз білімді, тәрбиелі, Отанын сүйетін азамат болып өссін. Ұстаздың ең үлкен арманы да – сол. Жылдар өтіп жатыр, заман өзгеріп жатыр. Бірақ ұстазға деген құрмет, білімге деген құштарлық ешқашан өзгермесін деп тілеймін. Бүгінгі жас ұстаздарға айтарым – балаға берген білімдеріңіз бен жылы сөздеріңіз ертең үлкен із қалдырады, – деді ақ жаулық ана.
Осы күні зейнет демалысына шыққанына 31 жыл толған аяулы ұстаз мектеп өмірінен тыс қалған емес. Үйде немерелеріне білгенін үйретуден жалықпайды. Қашанда мектептегі әріптестерімен байланысты үзбей, ақылын айтып отырады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ








